«ЖАРЛЫ НЕГЕ ПАТШАДАН КӨҢІЛДІ?»

02 қазан 2026 116 0
Оқу режимі

Бағзы бір заманда дәулеті тасыған айбынды патша серігі әрі ақылшы уәзіріне қарап мұң шағыпты:

- Уа, уәзірім! Мен мына қара басымды алып жүре алмай жүргенде, сарайдағы қосшыма қарасам, менен әлдеқайда бақытты, көңілі алаңсыз көрінеді. Алдында асы, артында малы жоқ жай бір кедей. Ал менің алдымда - ақ орда, астымда - алтын тақ, дүниенің бар рақаты алдымнан табылады. Сонда да көңілім көншімей, жанымды тынымсыз үрей мен мазасыздық билейді де тұрады. Мұның сыры неде? - депті.

Сонда сұңғыла уәзір жымиып:

- Тақсыр, оның көңіліне салмақ салған сырды білгіңіз келсе, бір сынақ жасап көрейік. «Тоқсан тоғыздың құрығы» дейтін тәсіл бар, соны қолданайық, - дейді.

- Ол не қылған тәсіл? - депті патша таңдана.

- Түн қатып, әлгі қызметшіңіздің босағасына тоқсан тоғыз алтын салынған дорба тастап кетіңіз. Сыртына: «Саған арналған жүз алтын» деп жазып қойыңыз да, есігін қағып, тасадан бағыңыз. Қалғанын көзбен көрерсіз, - дейді уәзір.

Патша айтқанды қылдай бұзбай орындайды.

Кедей қызметші есік алдындағы дорбаны көріп, жүрегі жарыла қуанып, үйіне кіргізеді. Дорбаның аузын шешіп, алтындарды сылдырлата санай бастайды: «Тоқсан жеті, тоқсан сегіз, тоқсан тоғыз...» Әрі санайды, бері санайды - бір алтын кем!

«Сыртында жүз деп тұр еді ғой. Жолда түсіп қалды ма екен?» деген күдік бойын жеңеді.

Сол түні үй ішінің берекесі кетеді. Кедей байғұс қатыны мен бала-шағасын аяғынан тік тұрғызып, қолына шырақ ұстатып, түн қараңғысында бір алтынды іздеуге салады. Босағаны да, ауланы да тінтіп, жердің түбін қазады. Бірақ бір алтын табылмайды. Таң қылаң бергенде қажыған әке ызаға мініп: «Көрмей қалдыңдар, дұрыс іздемедіңдер!» деп бала-шағасына жекіп, берекесі кеткен шаңырақта айқай-шу, реніш орнайды.

Кеше ғана қанағатты серік етіп, жүзі жадырап жүрген бейбақтың көңіліне күмән мен дүниеқоңыздықтың дерті кіреді. Табылған тоқсан тоғыз алтынның қуанышы әп-сәтте ұмытылып, жетпей қалған жалғыз тиынның уайымы бар тыныштығын ұрлайды.

Ертесіне патшаның құзырына әдеттегідей көңілі шат, жүзі жарқын қызметші емес, қабағы түксиген, ұйқысы қанбаған, іші қыжылға толы бір пақыр кіріп келеді.

Сонда ғана патша уәзірінің не меңзегенін түсінген екен.

Бұл фәниде пенде баласы өзіне бұйырған тоқсан тоғыз нығметті місе тұтпай, пешенесіне жазылмаған сол бір ғана кемшілікті іздеумен өмірін сарп етеді. Тәңірдің бергенін көре алмай, бермегеніне қамығып, шүкірсіздіктің тұңғиығына батады. Адамның соры - барға қанағат қылмай, жоқты жоқтағаннан басталады.

Түйін:

* Қолыңдағы тоқсан тоғыз нығметтің қадірін біл - оның өзі шалқыған дәулет.

* Жаратушыдан кеңшілік тіле, бірақ нәсіп еткеніне күпірлік қылма.

* «Азға қанағат қылмаған, көптен құр қалады» демекші, шүкіршілік еткен жанның ғана көңілі тоқ, рухы бай болады.

Шын мәнінде, бақыт деген - қол жетпегенді армандау емес, қолыңдағының қадіріне жете білу. Бергеніне - шүкір, бермегеніне - сабыр қылған жүрек қана қос дүниенің тыныштығына кенелмек.

 

Abdulakhad Smanov

 

Пікірлер Кіру