Жасыл күмбезсіз өмір сүре алмаймын...

10 ақпан 2020 7406 0
Оқу режимі

«Пайғамбар» деген сөзді айтқанда, естігенде  әр адамның жүрегінде ерекше бір әсер өз ізін қалдырып жатады. Ол Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген махаббат пен сағыныш сезімі. Мұнымен сіздер толық келіседі деген сенімдемін. Өйткені, Алла Тағаланың Өзі құлдарының жүрегіне Пайғамбарына (с.ғ.с.)  деген «махаббат» сезімін салып қойған.  

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сондай бір сүйіспеншілікті суреттейтін бір ғалым кісі мен кішкентай бала арасында болған мына оқиға туралы естіген бе едіңіз?

Пәкістандық бір ғалым қасиетті Мадина қаласында орналасқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешітін зиярат ету үшін жолға шығады. Сол қалада бір қонақ  үйге тұрақтайды. Таңертең бөлме терезесін ашып, терезенің түбіне қонақтаған құстарға нан қиқымдарын беріп тұрған сәтте құстардың аузынан түскен нанның қиқымдарын теріп жеп отырған терезенің түбіндегі   кішкентай бір балаға көзі түсті.

Сол балаға деген аяныш сезімі оянып, баланы өзіне шақырып, бөлмеге алып келеді.  Тамақтандырып, әбден қарнын тойғызып болғаннан кейін ғалым  әлгі баладан тағдыры, ата-анасы, бауырлары туралы сұрай бастады.

- Мен әкемді ес білгелі бері көрген емеспін. Үйде жеті ағайындымыз. Бәрімізді асырауға анамның қауқары да, ақшасы да жоқ. Сол себепті, отбасымызда әрқайсымыз шамамыз жеткенше өзімізге бұйырған нәпақамызды тауып күнелтіп  келеміз, - деді кішкетай бала мөлдіреген көздері күлімдеп.

Ғалым кісі ол балаға жаны ашып,  күнде бөлмесіне келіп тұруын өтінді және оны қарны тойғанша тамақтандырғысы келетіні туралы ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты бала да қабыл алды. Күн өткен сайын екеуі бір-біріне бауыр басып, жақын болып кетті.

Біраз күн өткеннен кейін ғалым кісі балаға:

- Менімен Пәкістанға жүр. Ештеңеге мұқтаж болмай, молшылықта өмір сүресің. Сонымен қатар, Ислам ғылымдары туралы оқып-білесің. Үлкен ғалым боласың, - деді. Бала бұл сөздерге қатты қуанып:
- Алдымен анамнан рұқсат сұрап көрейін, - дейді.

Екеуі баланың тұратын үйіне келеді. Ғалым баланың анасымен сұхбаттасты. Тұрмыс тауқыметінен әбден шаршаған ананың жанары мұңды, көздері үмітсіздік мен қайғыға  толы еді. Онымен қоса, сырқаты да сыр беріп, өлместің күнін кешіп жүр екен. Ғалым кісінің ұсынысы туралы естігенде баласының жоқшылықтан құтылып, оқып білім алуға, Исламды зерттеп ғалым болуға мүмкіндігі бар екеніне қатты қуанды.

Уақыт өте келе, ғалым кісі мен әлгі баланың Пәкістанға жол жүретін күні де жақындайды. Бала ғалым кісіге келіп:

- Мен Сізге Пәкістан туралы бірер сұрақ қойсам деп едім, - деді.
- Әрине, сұрай ғой.
- Ол жақта мен ойнайтын ойыншықтар болады ма?
- Иә, ол жақта сен ойнайтын көп ойыншықтарың болады.
- Ол жақта балаларға арналған ойын алаңы болады ма?
- Әрине, болады. Ол жақта балаларға арналған ойын алаңдары өте көп. 
- Ол жақта менің жаңа киімдерім болады ма?
- Алла қаласа, саған ең жақсы, жаңа киімдер сатып алып беруге тырысамын.

Көкейіндегі сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алған бала қатты қуанып анасына кетті. Арада біраз сағат өткеннен кейін бала ғалым кісінің жанына келіп тағы да:

- Сіз тұратын Пәкістанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіндегідей жасыл күмбездер бар ма?  -деп сұрады. Ғалым оған:
- Жоқ, мұндай жасыл күмбез бізде жоқ. Жоқ болғандығы себепті, Оны (с.ғ.с.) сағынып, бір көруге асық болып осы мекенге келдім емес пе?! - деді. Бала біраз уақыт үнсіз қалды. Терең ойға шомды да:
- Мен жаңа киімдерсіз өмір сүре аламын. Ойыншықтарсыз өмір сүре аламын. Маған ойын алаңдары да керек емес. Мен жаңа үйсіз де өмір сүре аламын. Бірақ, мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінің жасыл күмбезінсіз өмір сүре алмаймын. Жүрегім шақырған сәтте, қалаған уақытымда келіп, қалаған уақытымда жылап, мұңымды шаға алатын бұл мешітсіз өмір сүре алмаймын. Сіз мені кешіріңіз, мен сізбен бірге ол елге бара алмаймын, - деді де үйіне қарай бет алады.

Ғалым кісі ештеңе деместен біраз уақыт үнсіз тұрып қалды. Көзіне еріксіз келген жасты тыя алмастан:

- Мен саған бұдан асқан қандай бақытты сыйлай аламын? Уа, Жаратушы Ием, маған Саған деген мықты иман және мына баланың жүрегіндегідей Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен махаббатты нәсіп ет! - деп қолын жайып дұға жасады.

Адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!  

Лаура Алмаханова

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру