Жүніс Әміре: МАХАББАТ

12 маусым 2026 113 0
Оқу режимі

Тән дейсің бе, тәннің жаны – Махаббат.

Жан дейсің бе, жанның жаны – Махаббат.

Тәнді қорып тұратұғын жан болса,

Жанды қорып, қорғайтұғын – Махаббат.

 

Дертті болсаң, емі де жоқ – Махаббат.

Кекті болсаң, кегі де жоқ – Махаббат.

Өзекті жан тани алмас болмысын

Шеті де жоқ, шегі де жоқ – Махаббат,

 

Біз білместі білетін де – Махаббат

Жылап тұрып күлетін де – Махаббат.

Өлтірдім деп ойласаң да, кеудеңде

Мәңгі өмір сүретін де – Махаббат.

 

Жақып болып жылайтын да – Махаббат.

Жүсіп болып шыдайтын да – Махаббат.

Мәжнүн болып бір көрсем деп Ләйліні

Тағдырынан сұрайтын да – Махаббат.

 

Мансұр болып «Хақпын» дейтін – Махаббат,

Жұпты емеспін, тақпын дейтін – Махаббат

Ғайса болып өлілерді тірілтіп,

Мен Мұсаға жақпын дейтін – Махаббат.

 

Деміңе дем үрлеп тұрған – Махаббат,

Барлық сырды бүркеп тұрған – Махаббат.

Бір-ақ Достың құрметіне жан беріп,

Сезімдерді сүрлеп тұрған – Махаббат.

 

Бәрі сенің дерегіңде, Махаббат.

Жүз мың Жүніс тереңіңде, Махаббат.

Міскін Жүніс – ешбір жанға керексіз, 

Болар ма еді керегіңде, Махаббат?!

 

Жүніс Әміре

Қалыптаған Ләйлі Құндақбай

Пікірлер Кіру