ЖҮРЕК АЙНАСЫН ТАЗАЛА
Бір күні Мәулана Румиге бір кісі келіп:
— Мен Алланы танығым келеді. Оның құдіретін сезініп, Жамалын көргім келеді, — дейді.
Руми оған мейірлене жымиып, қолына айна ұстатады.
— Ендеше, ізденісіңді осы айнадан баста. Әуелі өзіңе қара. Жүрегіңнің айнасын көмескілеген шаң-тозаңнан тазарт, — дейді.
Әлгі кісі бұған түсінбей:
— Бірақ мен өзімді емес, Алланы көргім келеді ғой! — деп қарсылық білдіреді.
Сонда Руми сабырмен тіл қатады:
— Сен әлі мәнін түсінбедің. Адам Жаратушысын кіршіксіз жүрекпен сезінеді. Өйткені жүрек — рухтың айнасы. Ал ол айна нәпсінің кірінен, қызғаныш пен көреалмаушылықтан, тәкаппарлық пен өшпенділіктен арылмайынша, ақиқаттың нұрын қалай танымақсың? Айнаң мөлдірленген сайын, жан дүниең де жарыққа бөленеді. Сонда сен тек өз болмысыңды ғана емес, жүрегіңе ұялаған иманның нұры арқылы Жаратушының ұлылығын да тереңірек сезіне бастайсың.
Өйткені Алланы іздеу — алыстан бір құбылысты іздеу емес, алдымен өз жүрегіңе үңілу.
Кейде біз ақиқатты алыс жолдардан, биік шыңдардан, ғажайып көріністерден іздейміз. Ал өз ішіміздегі өкпе-ренішті, қызғанышты, тәкаппарлықты тазартуды ұмытып кетеміз.
Жүрек тазармай, жан тыныштық таппайды. Ал жүрекке тыныштық орнамай, ақиқаттың қадірін толық сезіну қиын.
Ендеше, Жаратушыны танығың келсе, әуелі жүрегіңнің айнасын тазарт. Өйткені жүрекке түскен кір ақиқатты өзгертпейді, тек оны көруге кедергі жасайды.
Аударған: Салтанат ТЕМІРБАЙҚЫЗЫ