ЖҮРЕКТІ ТЕКСЕРЕТІН ҚОС СҰРАҚ

02 қараша 2021 6923 0
Оқу режимі

Адам баласы жасайтын әрбір амалы үшін - кішісі болсын, үлкені болсын, екі сұраққа жауап беруі тиіс. Яғни, «Не үшін жасап жатырмын»  және «Қалай жасап жатырмын». Бірінші сұрақ амалдың жасалу себебі мен онда көрсетілген мақсатты айшықтайды. Ол амал кездейсоқ жәй әрекет пе. жоқ әлде құлшылық хақын орындауға, Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, Оған жақын болуға және Оған апарар жолды талап етуге бағытталған амал ма?

Ал, екінші сұрақ амалдың қалай жасалғанын көрсетеді, яғни ол жасалынған амал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне әмір қылған істерінен бе немесе Алланың Өзінің Елшісінің (с.ғ.с.) тілінде орнатқан шариғатының бұйрықтарынан ба? Жоқ әлде одан өзге нәрсе ме? Адамның нәпсісі үшін ең ауыр амал не?

Адамның нәпсісі жасаған амалы үшін мақтауды, көрініп қалуды, сол іс үшін сыйлық алуды сүйетін болғандықтан ықылас оған өте ауыр келеді. Сондықтан Сәһл Әт-Тустари: «Нәпсіге ең ауыр тиетін нәрсе не» деген сұраққа: «Нәпсіге ең ауыр тиетін нәрсе – ықылас, себебі ықыласпен жасалған амалда нәпсінің ешбір үлесі жоқ», – деген. Мәселен, «Намазды жұрттың бәрі оқып жатыр ғой; жасым да келіп қалыпты, намаз оқымасам болмайды екен» немесе «Ел намаз оқитын адам екен деп ойласын» деген мақсатпен емес, Алла Тағала адамды Қияметте ең бірінші намаздан сұраққа алатын болғаны үшін, Намаз – жәннәттің кілті, күнәларымыздан тазалаушы, Аллаға жақындаудың ең биік шыңы, тілектердің қабыл болуының көпірі болғаны үшін оқысаңыз, ықыласпен орындаған боласыз.

Әбу-Сағид Әд Худри (р.а.) келтірген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер үшін Масих-Дәжжәлдан да қорқынышты не екенін хабарлайын ба?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Иә, Алланың Елшісі», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жасырын серік қосу – намаз оқыған кезде басқа кісінің назары ауғандықтан, өз намазын көркейтуі»,[1] — деген екен. Ниетіміз адал, ықыласымыз сүттей таза, құлшылығымыз қабыл болсын, ағайын!!!

 

[1] Ахмад

Дереккөз: Asyldin.kz

Пікірлер Кіру