ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ: "ҰЛТТЫ СҮЮ ӘР ТҮРЛІ"

10 сәуір 2024 1722 0
Оқу режимі

Қазақтың атақты жазушысы, Алаш Орда қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытұлының кез келген туындысы ұлтты сүюдің барометрі іспетті. Әсiресе советтiк цензура әлi келмеген 1917-1918 жылдары жазған мақалалары ерекше көзге түседi. Бұл кезде ол Семейде шығатын «Сарыарқа» газетiнде қызмет iстеген. Сонымен бірге «Абай» журналының редакторы да болған. 1918 жылы бiр өзi осы журналдың он үш санын шығарған екен. Мiне, осы баспасөзде ол большевизмнiң өте қауiптi екенiн бағамдаған, ұлт бостандығын көздеген, қазақ елiнiң келешегiне алаңдаған, өткiр әрі проблемалық мақалалар жазған. Олардың қатарында «Қазiргi саяси хал», «Қазiр екi нәрсе керек», «Ұлтты сүю», «Жастар кiм?», «Қазақ тiлiн iске асыру қамы» секiлдi жарияланымдарды ерекше айтуға болады. Жалпы, Аймауытовтың саяси тақырыптағы публицистикалық дүниелерiнiң саны қырықтан асып жығылады.

Біз бүгін ұлт қайраткерінің «Ұлтты сүю» мақаласын жариялауды жөн көрдік. Мақала 1991 жылдан кейін қазақ оқырманымен қайта қауышып отыр! Туындыны төте жазудан кирилл қарпіне түсірген - жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы, abai.kz 


Ұлтты сүю әр түрлі.

Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешенін шешені сөзден тоқтатса, мардамсып бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай. Бұл әр жұрттың қанына біткен өзімшілдік, тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымын басқадан артық болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес; жерін, үйірін сағыну, жеріне тарту хайуанда да бар. Үйренген тамақ, жеген жерін жақсы көру - табиғаттың еріксіз каноны. Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы.

Ақылы, сезімі ұстарған қазіргі мәдениеттің төрінде жүрген адам баласын алсақ, әр ұлт өзінің өскенін, өзінің көркейгенін, жетілгенін, өзінің қожалығын көксеп, жанын салып, қанын судай ағызып, дүние-мүлкін ортаға салып, алысып жатыр. Бұған қарағанда адам баласының өз мешелділігі мәдениет өрлеген сайын күшейіп келеді. «Өзіңе тілегенді біреуге де тіле», «адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада қалып, тұрмыс күресі, қанішерлік майдандап тұр. Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық - ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.

Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ па? Белгісіз болса, алыс. Өзі көксеу - тәтті қиял; заман көксететін емес. Ендігі мақсат - аяқ астында қалмай, тырбанып тырна-қатар ретке кіру, дүниежүзінен жоғалып кетпес қамын қылу.

Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы - мемлекеттің керегі, қызметкері.

Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқығаны ұлт қамын ойлаған жоқ, қызыққа, шенге, дәрежеге салынып, бас пайдасынан өзгені ескерген жоқ. Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді. Кешегі ояздар, жандаралдар, генерал-губернаторлар өз алдына кішкене патша еді. Олардың ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс болды, асуға, атуға әмірі жүрді. Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін бірі жек көрді. Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді бойына қорлық, намыс көрді. Екінші жағынан арыс - патшасын құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Именді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. Патшаны шырғалаған өңкей ақсүйек, шенеуніктер патшаны қара халықтан алыстатпаса, жақындатуға себепші болған жоқ. Қара халық қорлықта, қысымшылдықта жүріп жатты...

Қорлыққа көніп, тепкіге шыдап жүрген орыстың қара мұжығы үнсіз, тілсіз, көнбіс надан емес. Қылжыр, өзімшіл, зор көкірек надан еді. Патшаның пәрманына, ақсүйектің тізесіне амалсыз көніп, кекетіп-мұқатып, сырттан қоржиып жүруші еді. Мұжықтың мұндай болған себебі - орыстың жоғарғы табынан шыққан талай атақты, білімді жазушылары мұжықты мадақтап, кітаптар жазып, көтеріп, өзімшіл қылып, тәңірсітіп жіберіп еді. Міне, осы халда жүрген орыстың бір тәңірісі Николай жоқ болып еді - не болды?

Тәңірсінген, өзін-өзі зор тұтқан қожа болып, мемлекеттің астын үстіне келтірді. Неше түрлі бассыздық қылып, Россияның күл-талқанын шығарды.

Жоғарғы айтылғаннан шығатын қорытынды мынау: орыстың ақсүйегі, оқығаны ұлт қамын ойлап, халыққа жаны ашып, қызмет қылған жоқ: «дәреже» қуып кетті. Тәңірісінген қара халық жүгенсіз надан болып қалды. Қысқасы, орыс ұлтшыл жұрт еместігін, таптан тапқа, партиядан партияға бөлінген берекесіздігін көрсетті. Мұнан былай маңдайына тас тиіп барып түзелмесе, бұ қалыпта үлгі аларлық, еліктерлік еш нәрсесі қалған жоқ.

Енді қазаққа келейін. Біз жұрт болуды жаңа ойланып, жаңа қамдандық, қазақ әрі ақсүйек, қарасүйекке, оқыған, оқымағанға бөлініп, арасына жік түскен жоқ. Бірақ жуан ата, жіңішке ата болып, жуанның жіңішкеге көрсететін зорлығы, қиянаты бар. Жақсы тәртіп, әділ билік орнаса, жуан мен жіңішкенің айырмасы жоғалып кетуі мүмкін. Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да - оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Кәдірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді. Оқыған - қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.

Бұқараның әспеттеуіне қарай «бұл уақытта» төрт аяғы бірден түсіп, ұлт үшін жанын салып, сілетсіз, таза қызмет қыларлық шын «шырақ» табыла беруі қиын. Бұл уақыт - қазақтың мәдениетке аяқ басатын, шаруасы, тұрмысы, білігі өзгеретін, ғаскер болатын, жалпы ұлт ісіне жол ашатын уақыт. Қазақтың өміріне көрмеген жаңалықтар кіретін уақыт - осы күнгі оқыған қызметкерлер. Қазақтың ескі қалпынан жаңалыққа көшетін - «көшпелі» заманның кісілері. Көшпелі заманның қызметкерлерінің қашанда болсын кемшілігі көп болмақ. Әркім әртүрлі пікір тұтынып, әртүрлі жоба ұсынып, жаңалықты орнатуға жиһат қылмақ. Бірақ бұл буынның адамының тәжірибесі, тәрбиесі жетілмегендіктен істеген ісінде үстірттік, төселмегендік көп шығып, ойлаған мақсатына жете алмай, ескі өмірдің жауыздығымен алысумен күні өтеді. Бұлардың істеп кеткен ісінен келесі буын тәжірибе алып, төселіп, анық қызмет қылатын, қызметінің жемісін көретін солар болады. Бұл жүрген буынның адамында кемшілік болатын бірнеше себептерін айтып өтейін.

Адамның өмірдегі ісі - алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сыпаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, осы үш сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі әрі данышпан болады. Ол адам ісінде байыпты, табанды болып көп қата жібермейді. Егер ақылы шамалы адамның үш жан сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол адам өзіне өзі қанағатшыл, өміріне ырза, орташа тығынды кісі болады. Бұл кездегі оқығандардың алған тәрбиесі қандай? Үш түрлі жан сыпаты бірдей жетілген бе? Соны айтпақпын.

Қазіргі оқығандардың тәрбие негізі қазақ ішінде салынған. Қара қазақтың баласына беретін тағылымы белгілі. «Өтірік айтпа, қиянат қылма, адал бол, ақжүрек бол, өзің үшін оқыма, мен үшін де оқыма, ұлтыңа қызмет қылып, пайда тигізу үшін оқы!» деп үйреткен қазақ некен-саяқ шығар. «Шіркін, бәленшенің баласының қуы-ай! Кісі сыртынан сатып жіберетін», «кісіге ақыңды жібермейтін бол, закон біл, ақша тап, даражаға ілін» деген мақсатпен оқытады. Айтса да, айтпаса да, қазақтың бұл ойы белгілі. Осы тәрбиемен өспеген бұ жүрген оқыған да кем шығар; жасынан баланың ақылы, сезімі қулық, сұмдыққа, біреуден артылуға, дәрежеқұмарлыққа үйренеді, бұл - бір.

Орыс шкөлінің тәрбиесі де оқығандарды ұлтшылдық, кішпейілділік, таза жүректі қызметкерлікке артық әсер бермейді. Орыс балалары ұлт дегенді көп ескермейді, көбі өзімшіл, мақтаншақ, тәкаппар келеді. Оларда жақсы мінез шамалы, ал қызметке кіргелі көргені - Николайдың жадағай шенеуніктері. Олардың көретін рахаты: жақсы киім, жақсы тамақ, тройка арғымақ, катайтса, секектеткен «мадмазел» (әйел). Мәжілісі - арақ, қарта, биллиард, салтанат, айбар: «Тақсыр-еке! Господин!», шұлғыған, шоқынған қара жұрт, міні, бұлардан алған тәрбиенің түрі осы сияқты, бұл - екі.

Ұлтымыз бар екенін, еліміз-жұртымыз бар екенін, жұртымыз қатарға кірмей, теңдік жоқ екенін, Николайдың қасқырлары қазақты ішіп-жеп құртып бара жатқанын сезгелі, «ұлтқа құрмет қылайық» дегелі бес-алты-ақ жыл болды. Әрине, бұл оянуға 1905-інші жылғы толқын, тағы әртүрлі түрткілер қамшы болған шығар; көбінесе ес кіргізіп оятуға, ұлтты танытуға себеп болған - «Қазақ» газетасы. Онан бұрын ұлт дегенді кім білген: көбіміз кеше өзгеріс болған күні ұлтымызды тауып алдық. Сондықтан оқығандардың кейбіреулері жан-тәнімен адал қызметін ұлтына көрсете алмай, пайдасын не дәрежесін сағалап кетуі ғажап емес, себебі, «ұлтшылдық», «адалдық», «қызмет» деген нәрселер сүйегіне сіңіп өскен дәреже емес. Сырттан жапсырылған жамау.

Оқығандардың жолдан тайып кетуіне себеп болатын - бар адамның табиғатына біткен жергілікті мінездер. Орын, атақ, дәреже, мұқтаждықтың жоқтығы адамды тастырып, көтеріп жібереді. Бұларды кісінің кісісі-ақ көтереді. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, бұрын қолына билік тиіп көрмеген жұрт білікті жақсылыққа жұмсай алмай, жаман жаққа жұмсап, адыраңдап, «тағдырың қолымда» деген сияқты пікірге түсіп кетуі де мүмкін, бұны Николайдың шенеуніктерін көз алдыма елестетіп айтамын.

Кейбір оқығандар да қара халықтан бойын аулаққа салғысы келіп, қызыққа, салтанатқа салынғысы келетін салқындық, ірілік мінездердің ұшығы сезіледі. Адам шалдуар нықысының әнімен кетсе, өзін-өзі тергеуге алмаса, жаман мінезінен тыйылып, жақсы жағын тәрбие қылмаса, бұзылып кетуі оп-оңай. Меніңше, қара халықтан жиренгендік, ірілік - ұлтын сүюге, мұқтажын, сырын білуге жиһат қылмағандық деп білемін. Бұл мінез Николайдың шенеуніктеріне еліктеген болып табылады.

Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу - дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігін еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу - үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек. Осындай әдетті күшейтуге себеп болатын күншығыс халқының табиғатында тағы бір мінез бар. Ол: антқұмар, зиннатқұмар, әйелшілдік, адымын алыстатпайтын ұсақтық, қайратсыздық, жалқаулық. Көңілдегісі болмаса, біздің тұқымдар тез табаны қайтып, қажып қалады. Мақсатының жолына құрбан болуға шыдамайды. Бұ да есте болсын.

Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы - оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут - ұлт ісіне зор шығын.

Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр. 

 


 «Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл, (Мақала «Қазақ альманағының» екінші санынан алынды. Шілде-тамыз. 2009 жыл).

 

 

Пікірлер Кіру