ЖҮРЕК ТАЗАЛЫҒЫ (Он үшінші күн)
2 наурыз
Он үшінші күн
ЖҮРЕК ТАЗАЛЫҒЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының ең қымбат қазынасы – сыртқы көрінісі де, жиған дүниесі де емес, кеудесінде соғып тұрған жүрегі. Себебі жүрек – иманның мекені, ниеттің айнасы, амалдардың бастауы. Жүрек таза болса, ой да түзеледі, сөз де салмақ табады, іс те берекелі болады. Ал жүрек кірленсе, иманның нұры көмескіленіп, адам өз жолынан жаңылады. Сондықтан – жүректі риядан, тәкаппарлықтан, көреалмаушылықтан арылтып, оны ықылас пен иман нұрына толтыру қажет. Ал жүрек тазалығы – пендені Аллаға жақындататын ең қысқа әрі ең берік жол. Сол себепті де Хакім Абай:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес,
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі Хаққа жол емес, – деп, Алла деп айту оңай, әрі ол тілдің ғана ісі, бірақ тілмен айтылған сөз жүректен қуат алмаса, ол Хаққа жеткізбейтіндігін айтқан. «Ынталы жүрек, шын көңілді» алға шығара отырып, ықылассыз амал – құры дағды, шынайылығы жоқ құлшылық – бос әурешілдік екендігін түсіндіреді. Жүректе ынта-ықылас болмаса, жасалған іс сырттай әдемі көрінгенімен, Алланың алдында қадірі болмайтындығын айтқан.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً، إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ
«Адам ағзасында бір бөлшек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).
Бірінші: жүректің түрлері
Қасиетті Құранда және хадистерде баяндалғандай адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда мынадай түрлерінің бар екендігін айтуға болады:
- Сау жүрек (قَلْبٌ سَلِيمٌ)
Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ
«Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың құзырына сау жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып), мұратына жетеді», – деген («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар).
Аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында тәпсірші ғалым имам Рази (Алла оны рақымына алсын): «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандықтан, жаман мінезден аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүние құмарлықтан арылуы», – деген.
- Мойынсұнған жүрек (قَلْبٌ مُنِيبٌ)
Мойынсұнған жүрек деп – Аллаға берілген, өткінші дүниелердің бұғауынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына бет бұрған жүректі айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
مَّنْ خَشِيَ الرَّحْمَنَ بِالْغَيْبِ وَجَاءَ بِقَلْبٍ مُّنِيبٍ ادْخُلُوهَا بِسَلَامٍ ذَلِكَ يَوْمُ الْخُلُودِ لَهُم مَّا يَشَاءُونَ فِيهَا وَلَدَيْنَا مَزِيدٌ
«Көрмесе де, Рахманға бар ықыласымен тағзым етіп, Одан шын именген һәм үнемі Аллаға бет алып мойынсұнған жүрекпен келген әрбір жанға (бұйырады). Қане, жұмаққа (еш нәрсеге алаңдамай) есендікпен кіріңдер! Бұл – мәңгілік күні!» – делінеді. Ол жақта олардың қалаған нәрселерінің бәрі бар. Сондай-ақ құзырымызда одан да көп сый-сияпат бар», – деген («Қаф» сүресі, 33-34-35-аяттар).
- «Жай тапқан жүрек» (قَلْبٌ مُطْمَئِنٌّ)
Алла Тағала қасиетті Құранда:
الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ
«Міне, солар – иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!» – деген («Рағд» сүресі, 28-аят).
- Қатайған жүрек
Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَوَيْلٌ لِّلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُم مِّن ذِكْرِ اللَّهِ أُولَئِكَ فِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ
«Алланы еске алуға келгенде, жүректері тастай болып қатып қалғандарға өкініш болсын! Олар анық адасуда», – деген («Зумар» сүресі, 22-аят).
- Өлі жүрек (мөр басылған)
Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا سَوَاءٌ عَلَيْهِمْ أَأَنذَرْتَهُمْ أَمْ لَمْ تُنذِرْهُمْ لَا يُؤْمِنُونَ خَتَمَ اللَّهُ عَلَى قُلُوبِهِمْ وَعَلَى سَمْعِهِمْ وَعَلَى أَبْصَارِهِمْ غِشَاوَةٌ
«Расында күпірлік еткендерге ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басқан. Көздерінде перде бар», – деген («Бақара» сүресі, 6-7-аят).
- Ауру жүрек
Алла Тағала қасиетті Құранда:
فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا
«Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі», – деген («Бақара» сүресі, 10-аят).
Екінші: жүректің ақиқаты (Имам әл-Ғазали мұрасы)
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) «жүрек» ұғымын екіге бөлген:
- Тәндік жүрек. Кеудеде соғып тұрған ет мүшесі, ол жануарда да, тіпті өлі денеде де болады.
- «Ләтифа раббания рухания» (рухани жүрек). Бұл – адамның нағыз ақиқатының көрінісі, Алланы танушы және Оның үндеуіне жауап беруші иләһи нәзік руханият. Тән – тек орындаушы құрал ғана. Алланың хикметтерін ашушы да, сол ақиқаттардың тұрақтайтын мекені де, осы рухани жүрек.
Біздің әрбір құлшылығымыздың сыртқы көрінісі мен ішкі ақиқаты бар. Мәселен, намаз белгілі бір іс-қимылдардан құралады. Ол қимылдарды атқарушы тән – тек орындаушы ғана. Ал құлшылықтың шынайылығын паш етіп, оған жан беретін – жүрек. Садақа бергенде қолымыз тек жеткізуші дәнекер ғана, ал нағыз жомарттық танытып жатқан – жүректегі ықылас. Егер жүрегіміз ғапілет ұйқысында болып, Алланы танымаса, денеміздің атқарған ғибадаты – мағынасыз құр қимыл іспеттес.
«Исламның құжаты» деген лақап атпен әлемге әйгілі болған ғалым, имам Әбу Хамид әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ихия улум әд-дин» атты еңбегінде: «Шын мәнінде, Алланы танитын – жүрек. Аллаға жақындайтын – жүрек. Алла разылығы үшін амал ететін де – жүрек. Аллаға қарай ұмтылушы және Оның (хикметтерін) ашушы да, тек осы жүрек. Ал дене ағзалары оның соңынан ерген нөкерлері, қызметшілері мен құралдары ғана. Жүрек бұл ағзаларды қожайынның өз құлын жұмсағанындай, бақташының өз отарын бағыттағанындай немесе ұстаның өз құралын іске қосқанындай қолданады әрі басқарады», – деген.
Демек, жүрек – адам баласының бүкіл болмысын билейтін әміршісі. Егер жүрек иман нұрымен тазарса, оның қол астындағы дене мүшелері де ізгілікке бастайтыны анық.
Үшінші: жүректі тазартудың бірнеше жолдары
- Қасиетті Құранды оқу
Жүрек – Алла Тағаланың кәләмын (сөзін) қабылдау үшін жаратылған иләһи нәзік болмыс. Егер темірді су тигенде тот басса, жүректі күнә басады. Ал сол тотты кетіріп, жүрек айнасын жарқырататын жалғыз нұр – Құран Кәрім. Себебі Құран – жүректің азығы мен шипасы.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ
«Шынайы мүміндер – Алланың аты аталғанда, жүрегі діріл қағатын, аяттары оқылғанда, иманы беки түсетін һәм Раббыларына барынша тәуекел ететін жандар», – деген («Әнфал» сүресі, 2-аят).
- Зікір ету
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَثَلُ الَّذِي يَذْكُرُ رَبَّهُ وَالَّذِي لا يَذْكُرُ رَبَّهُ مَثَلُ الحَيِّ وَالمَيِّتِ
«Раббысын еске алатын адам мен Раббысын еске алмайтын адамның мысалы тірі мен өлген адамның мысалына ұқсайды», – деген (имам Бұхари).
- Истиғфар тілеу
Ғалымдарымыз пенденің күнәлары жүректі перделейтінін ескертеді. Әрбір істелген күнә – жүрек айнасына түскен қара дақ іспеттес. Егер ол дақтар истиғфармен жуылмаса, жүрек мүлдем қарайып, ақиқатты көрмейтін болады. Истиғфар – жүректің шынайы болмысына, пәктігіне қайта оралуы.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ يُمَتِّعْكُم مَّتَاعًا حَسَنًا
«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді керемет несібелермен ризықтандырады», – деген («Һуд» сүресі, 3-аят).
- Садақа беруді әдетке айналдыру
Садақа – мал-мүліктің ғана емес, жүректің де тазаруы. Ол адам бойындағы сараңдық пен дүниеқоңыздықты емдеп, орнына мейірім мен жанашырлықты ұялатады.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلَاتَكَ سَكَنٌ لَّهُمْ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ
«Олардың дүние мүлкінен зекет-садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт, сондай-ақ, олар үшін дұға ет! Себебі сенің дұғаң олардың жандарына тыныштық сыйлап, жүректерін орнықтырады. Алла бәрін естуші, білуші», – деген («Тәубе» сүресі, 103-аят).
- Оңаша қалу
Жүректі тазартудың бұл кезеңінде адамның өз-өзімен оңаша қалуы өте маңызды. Шәкәрім де, Абай да «өзіңмен сырласуды» жоғары бағалаған.
Күніне кемінде 15-30 минут тыныштықта отырып, өткен күнге есеп беру (Мұхасаба). «Бүгін мен кімге жақсылық жасадым? Кімді ренжіттім?» деген сұрақтарға жауап іздеу.
Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Бұл жердегі еңбек – жүректі тазарту жолындағы рухани еңбек.
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі