Бас мешітте алғашқы тарауих намазы оқылды (ФОТО)

17 мамыр 2018 11196 0
Оқу режимі

Исі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айы да басталды. Берекелі айда Алла разылығынан үміт еткен мұсылман қауымы бүгін құлшылық ордаларына жиналып, тарауих намаздары да басталып кетті. Сауабы сансыз мүбәрак айды мейлінше пайдалы өткізуді жоспарлаған еліміздің барлық құлшылық ордалары бұл күнге дайындықтарын ерте бастан пысықтап, қапысыз қамданып та қойған болатын. Жамағат жағы да қасиетті аймен қауышар сәтке ерекше дайындықпен, айрықша ықыласпен аяқ басып, кеш түсісімен құлшылық ордасына қарай ағыла бастады.

Жамағаттың осындай ыстық ықыласы мен ынтасы Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде айрықша байқалды. Құптан намазының азаны шақырылмай жатып мешіт іші иін тірескен жамағатқа лық толып, бір-бірін Рамазанның басталуымен құттықтаған тілектер тиегі ағытылды. Бас мешіт жамағатымен Рамазан айын қарсы алуға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы да келіп, мүбәрак кештің маңызын арттыра түсті. Құптан намазынан соң Серікбай қажы Ораз жамағатқа тағылымды уағыз айтып, Рамазан айының қадір-қасиеті жайында мағлұмат беріп өтті.

Сондай-ақ, Бас мүфти қасиетті Рамазан айы бойы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран кәрімді хатым етіп, тарауих намаздарында имамдыққа шығатын қариларды таныстырып өтті. Биылғы жылы еліміздің Бас мешітінде тарауих намаздарын «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет және жас қарилар Мұртаза Ертайұлы мен Уәлиев Шоқан өткізетін болады.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет есімі бұл күнде еліміздегі жамағатқа кеңінен таныс. Дін жолындағы алғашқы қызметін 2010 жылы Астана қаласындағы Ислам орталығында ұстаздықтан бастаған Ғазиз Ахмет еліміздегі бірнеше мешітте бас имамдық қызмет атқарып, 2015 жылы Тараз қаласының бас имамдығына тағайындалған болатын. Қазіргі уақытта ресупбликалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имам қызметінде.

Бас мешіттегі тарауих намаздарына имамдық етуге биылғы жылы алғаш шақырылып отырған Уәлиев Шоқан – «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі. Қазіргі таңда Ливан республикасында «Триполи»  университетінде білім алып жатыр. Жас қари 2016 жылы Түркияда өткен Халықаралық Құран жарысында еліміздің намысын қорғап, ІІ орын иеленген болатын.

Балахмет Мұртаза Ертайұлы – Астана қаласындағы Республикалық Қарилар дайындау орталығының түлегі. Малайзия және Индонезия елдерінде өткен Халықаралық  Құран жарыстарына қатысқан.

Пікірлер Кіру