Намазды қай уақытта оқыған абзал?

18 ақпан 2022 67232 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Намазды қай уакытта оқыған дұрыс, намаз кіре салысымен ба, әлде ортасында ма? Қай кезде сауабы көбірек болады?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ибн Масғуд (р.а.): «Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Амалдардың қайсы бірі Алла Тағалаға ұнамдырақ», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді...»,[1] – деп риуаят етеді.

Жабирден (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) намазы жайлы сұраған кезде: «Ол кісі бесінді күн ыстық кезде оқитын, екінтіні күн райы да, ыстығы да қайтпай оқитын, ақшамды кіре сала, құптанды адамдар көп болса жылдамдатып, ал аз болса кешіктіріп оқитын, ал таң намазын қараңғы уақытта оқитын»,[2] – деп айтқан екен. Хадисте көрсетілген уақыттар намаздың кірген мезгілін білдіреді. Намаздарды өз уақытында оқыған жақсы.

Дегенмен, бұл бес уақыт намаздың мұстахап уақыттары бар, олар:
1. Таң намазын таң бозарып, айнала жарық болып кеткенде оқыған абзал. Таң жарық болып кету – сүннет қырағатпен оқып, намазы бұзылғандықтан дәретін алып, сүннет қырағатпен қайта оқығанда күн шығып кету қаупі болмайтындай уақытты қамтиды;
2. Бесін намазын жазда кештеу, ал қыста ертерек оқыған мұстахап;
3. Екінті намазын күн бұзылмаса қысы-жазы кештеу оқыған жақсы;
4. Ақшам намазын жаз маусымында да, қыс кезінде де ертерек оқыған абзал;
5. Құптан намазын түннің үштен бір бөлігіне дейін кешіктіріп оқу мұстахап[3].

 


[1] Бұхари
[2] Бұхари, Муслим, Ибн Мәжа, Әбу Дәуід
[3] Тасһил әд-Дарури, 34-бет

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру