Қасты теруге бола ма?
Ассаламу уалейкум! Айтыңыздаршы, Исламда қас жұлуға қатысты не айтылған?
Жауап
Уа алейкум ассалам!
Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) :
لعن الله النامصات والمتنمصات
«Біреуге қас терген әйелді де, қас тергізген әйелді де Алла лағынет етсін!»[1], – деп ескерткен. Бұл жердегі тыйымды көпшілік ғалымдар мына әйел кісілерге арналатынын айтады:
- Бойдақ қызға
- Ажырасқан әйелге
- Күйеуі із-түссіз жоғалған әйелге
- Жесір әйелге[2]
Ал тұрмыстағы әйелге күйеуіне әдемі, сүйкімді, тартымды болып көрінуі үшін қасын теруге рұқсат етіледі. Бұны да көпшілік ғұламаларымыз айтады. Бұған негіз ретінде Айша анамыздың келесі сөзі келтіріледі:
Бакра бинт Ғұқба деген әйел кісі Айша анамыздан қас жұлу жайында сұрайды. Сол кезде Айша анамыз былай деп жауап береді:
إن كان لك زوج فاستطعت أن تنزعي مقلتيك فتصنعيهما أحسن مما هما فافعلي
«Егер сенің күйеуін бар болып, өз екі көзінді шығарып олардың орнына одан да әдемісін ауыстырып қоюға шаман жетсе, онда солай жаса»[3]. Осыған орай ғұламаларымыз келесі шарттарды бекіте отыра тұрмыстағы қыз-келіншектерге қасын теруге рұқсат етті.
- Қастарының күйеуіне сүйкімсіз көрінуі
- Күйеуінің рұқсат беруі
- Ниеті тек өзінің жарына сүйкімді болып көріну
- Денеге зақым тигізбеу[4]
Ханбали мазһабы бойынша қасты теруге мүлдем болмайды, тіпті күйеуі рұқсат етсе де.
Қорыты келе басым көпшілік ғалымдарымыздың тұжырымы бойынша, жоғарыда айтылған шарттарды сақтай отыра тұрмыстағы әйел кісіге қасын теруге болады.
Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
пәтуаға жауапты маман
[1] Имам Муслим жеткізген хадистің үзіндісі
[2] Әл-Әдауи. «Хашияту Кифаяту-т-толиб» 2 том, 459 бет (Малики мазһабы). Ар-Рамли. «Ниһаяту-л-Мухтаж» 2 том, 25 бет (Шафиғи мазһабы). Ибн Абидин «Хашияту Ибн Абидин» 5 том, 239 бет (Ханафи мазһабы) .
[3] Әли ибн Жағд жеткізген хадисі
[4] Әл-Әдауи. «Хашияту Кифаяту-т-толиб» 2 том, 459 бет (Малики мазһабы). Ар-Рамли. «Ниһаяту-л-Мухтаж» 2 том, 25 бет (Шафиғи мазһабы). Ибн Абидин «Хашияту Ибн Абидин» 5 том, 239 бет (Ханафи мазһабы) .
Автор: Muslim.kz порталы