Жүкті әйелдің зират басына баруына бола ма?

24 қыркүйек 2018 17269 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Аяғы ауыр əйелге қабірді зиярат етуге бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Қабір басын зиярат ету мәселесінде әйелдер жүкті, жүксіз, етеккір, таза, үлкен, кіші екеніне қарамастан, барлығының үкімі бірдей. Мұндағы қарастырылатын нәрсе: әйелдің қабір басына баруының болып-болмайтындығында.

Ғалымдар бұл мәселеде екі түрлі пікір айтқан:

Біріншісі: әйел баласының қабірді зиярат етуі жайыз екендігі. Ғалымдардың бұл тобы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

كنت نهيتكم عن زيارة القبور فزوروها، فإنها تذكركم الآخرة

«Мен сендерге қабірлерді зиярат етуге тыйым салған едім, ал енді зиярат етіңдер деймін. Себебі, ол сендерге ақыретті естеріңе салады»[1], – деген хадисіне сүйенген. Бұл көзқарас Ханафи, Малики, Шафиғи мәзһабтарына тиесілі, Ханбали мазхабының бір пікірі де осы.

Ал, екінші ғалымдар тобы болса жайыз емес, яғни әйелдерге қабірлерді зиярат етуге болмайды деген. Олар Әбу Хурайра (р.а) жеткізген:

 لعن الله زوَّارات القبور

«Алла қабірлерді жиі зиярат ететін әйелдерді лағынет етті»[2],– деген хадиске сүйенген.

Имам Қуртуби[3] жоғарыдағы екі хадистің мағынасын қарастыра келе лағынетке ұшыраған әйелдер – қабірді өте көп зиярат ететіндері дегенді айтады. Ал, егер үнемі емес, анда-санда ғана зиярат етсе, онда оның рұқсат екенін жеткізеді.

Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Нажим «әл-Бахр әр-Раиқ» атты кітабында Рамлидің мына сөзін жеткізеді: «Егер әйелдер қабірлерді зиярат етудегі мақсаты әдеттеріне айналғандай қайғысының жарасын ашып, жылап, өкінішін ояту үшін болса, онда ол сынды зиярат жайыз емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Алла қабірлерді жиі зиярат ететін әйелдерді лағынет етті» деген хадисі де осы сынды жағдайға қатысты айтылған. Ал, егер зиярат етудегі мақсаты ғибрат алу, салихалы құлдардың басына барып дұға жасау болса, онда қартайған әйел кісілер үшін онда тұрған ешнәрсе жоқ, ал егер жас қыздар болса, мешіттегі көпшіліктің арасына келіп араласқандары сынды мәкрүһ болады»[4].

Имам Сарахси (р.а) бұл туралы: «Ең дұрысы – әйелдердің қабірді зиярат етуінде тұрған ешнәрсе жоқ. Себебі, бұл нәрседе сауап та жоқ, күнә да. Сол сияқты ол ғибадатқа да жатпайды, Алланың әміріне теріс келу де емес», – деген.

 


[1] Муслим, Ахмад.
[2] Ахмад, Тирмизи.
[3] Малики мазхабының көрнекті ғалымы
[4] Әл-Бахр әр-Раиқ.

Пікірлер Кіру