ТӨРТ АЙ ӘЙЕЛІНЕН ЖЫРАҚТАСА ТАЛАҚ ТҮСЕ МЕ?

23 қараша 2023 2854 0
Оқу режимі

Сұрақ: Төрт ай әйелінен жырақтаса талақ түседі ме?


Жауап

Ислам шариғатында ер кісі әйеліне талақ бермейіше үш-төрт ай немесе бір жылға ұзақ сапарға шығуымен ажырасып кетпейді. Дегенмен, шариғатта «Әл-иләә» деген үкімдер бар. Оның тілдік мағынасы «жалпы ант ішуді» білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы: «Некелескен жарымен белгілі бір уақытқа дейін төсек қатынасынан тыйылуға ант ішу»[1].  Яғни, күйеуі әйеліне: «Сенімен төрт ай немесе одан да ұзақ уақыт аралығында төсек қатынасында болмаймын» деп ант беруі. 

Бұл туралы Алла Тағала Құранда былай дейді:

لِّلَّذِينَ يُؤْلُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ تَرَبُّصُ أَرْبَعَةِ أَشْهُرٍ فَإِنْ فَآؤُوا فَإِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ . وَإِنْ عَزَمُواْ الطَّلاَقَ فَإِنَّ اللّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ 

«Әйеліне жақындаспауға ант еткендер, төрт ай күтеді. (Егер төрт ай ішінде кәффарат төлеп) анттарын бұзса, шәксіз Алла Тағала аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. Егер олар талақ ниет етсе, (төрт айға дейін антын бұзбаса, талақ болады) Расында Алла әр нәрсені естуші, білуші»[2].

Бұл екі аяттан фиқһ ғұламалары мынадай шариғат үкімдерін шығарды:

а) Кімде-кім әйеліне төрт айға дейін аралықта (яғни, үш ай, үш жарым ай) жақындаспаймын деп ант ішсе ол «иләә» болып саналмайды. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта ол былай дейді: «Жәһилет дәуірінде иләә бір-екі немесе одан көп жыл болатын. Алла Тағала оларға төрт ай етіп бекітіп берді. Егер ішкен анты төрт айдан аз болса ол иләә болмайды»[3].

Егер әйеліне бір немесе одан аз не көп уақытқа қосылмаймын деп ант ішсе, кейін төрт ай қосылмаса, ол иләә болып әйелі байн болады. Ибн Әбу Шәйбә сахих тізбекпен Әбу Қәләбадан жеткізген риуаятта: «Нұғман ибн Бәшир әйеліне қосылмаймын деп ант ішкенде, Ибн Масғуд: «Егер төрт ай өтсе, одан бір талақпен байн болады. Ол әйел талақ алаған әйелдің идда мерзімін күтеді»[4] дейді[5].

Ал төрт айдан аса уақыт аралығында жұбайына қосылмаймын деген серті «иләә» болып есептеледі. Бұған ғұламалар бірауыздан келіскен. Негізгі тартыстары «төрт ай толық болса, не болады» деген мәселе төңірегінде өрбиді.  Әбу Ханифа және оның шәкірттерінің көзқарасы бойынша ерлі-зайыптылардың арасы ері әйеліне жақындамаса төрт ай бітісімен ажыратылады. Өйткені Құран Кәрімдегі аятты сол уақыт аралықта антты бұзуға шақырады. Егер ол мерзімде антын бұзбаса, онда талақты ниет еткен болады. Анты бұзылмаса, онда уақыты (төрт ай) өте саласымен ол байн (кіші айқын) талағы болып саналады[6].

б) Егер ер кісі ант ішкеннен кейін төрт айдың ішінде әйелімен қосылса, онда оған кәффаратын өтеу уәжіп болады. Өйткені кәффарат ант бұзудың өтемі, сол үшін «әл-иләнің» үкімі бітеді[7]. Кәффарат – он міскінге таңғы және кешкі асын алып береді немесе киіндіреді. Болмаса ақшалай осылардың құнын төлейді. Егер бұларға шамасы келмесе үш күн ораза ұстайды.  

в) Белгіленген анттың уақыты бітіп, ері әйелін қарамағына қайтармаған мәселеге байланысты Ханафи мазһабының ғұламалары былай дейді: «Уақыт бітісімен әйелге талақ түседі. Күйеуі әйелін қарамағына қайтарғысы келсе, онда жұбайының разылығын алып, мәһр беріп, жаңадан неке қияды. Онсыз әйелін қайтарып алуға ақысы жоқ. Себебі ол әйеліне зұлымдық жасаған болып саналады».

Сондықтан әйеліне талақ бермейінше төрт ай немесе одан аса уақыт аралығында ұзақ сапарда болуы, сондай-ақ жоғарыда аталған үкім орындалмайынша некелері бұзылмайды.      

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

[1] Ихтияр, 3/206.

[2] Бақара сүресі, 226-227 аяттар.

[3] Сунәну Бәйһақи, 7/381.

[4] Фәтху әл-бәри, 9/377.

[5] Фиқһу әл-Ханафия уә әдилләтуһу, 2/245-246.

[6] Әбу Заһра, 344.

[7] Марғинани, әл-Һидая шарху бидаяти әл-мубтади маға шархи Абдулхай әл-Ләкнауи. – Пакистан, Идәрату әл-Құрани уә әл-улуму әл-исләмияту. 3/272. 

Тегтер: неке талақ
Пікірлер Кіру