АФФИРМАЦИЯ ЖАСАУ ДҰРЫС ПА?

28 мамыр 2024 1908 0
Оқу режимі

АФФИРМАЦИЯ ЖАСАУ ДҰРЫС ПА?


Жауап

Аффирмация латын тілінде «бекіту, растау» деген сөзге саяды. Яғни психологиялық тұрғыдан: «Мен бақыттымын, мен баймын, менің жан-дүнием сау, (жоқ болса да) менің алып үйім бар» деген сияқты сөздерді күнделікті бірнеше рет қайталау арқылы өзін-өзі сендіру, иландыру, санасында сол ойды орындалғандай етіп бекіту.

Аффирмацияны насихаттап жүрген өздерін психолог ретінде санайтындардың сөздеріне назар салсақ: «Аффирмация жұмыс жасау үшін оған толықтай 100% пайыз сену керек. Әр арман-мақсатың орындалғандай нақты сеніммен айтылуы шарт. Соған толықтай нанып, көп қайталаудың нәтижесінде ғана ол жұмыс жасайды[1]» - деп үйретеді. Сонымен қатар, «Дінде жақсылық тілеу бар, жақсылықтардың барлығын бір Алла беретініне сенеміз» - дегендей шариғатпен байланыстырғылары да келеді.

Аффирмацияға 100% пайыз иланып, көп қайталаумен тілегі қабыл болады, оны дұрыс жасамасаң жұмыс жасамайды, тілектің орындалуын аффермациямен іске асты деу шариғаттың негіздеріне сай келмейді. Себебі Алланың қалауынсыз ешнәрсе жүзеге аспайды. Әрине себепті ұстанбау ақымақтық, бірақ сол себептің өзі бір нәрсені болдырады деп сену күпірлік. Сондықтан, әрбір ісімізде әуелі Аллаға сүйенуіміз керек. Құранда Алла Тағала:

فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ

«Қандайда бір іске бел бусаң, Аллаға сүйен! (тәубе ет!). Алла сөзсіз өзіне сүйенгендері жақсы көреді»[2].

Басқа бір аятта:

إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ

«Саған ғана құлшылық етеміз және Сенен ғана жәрдем тілейміз» [3] - деп бір Өзінен ғана тілеуімізге шақырған.

Әнас ибн Малик (р.а) жеткізген хадисте, пайғамбармыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

لِيَسْأَلْ أَحَدُكُمْ رَبَّهُ حَاجَتَه حَتَّى يَسْأَلَهُ شِسْعَ نَعْلِهِ إِذَا انْقَطَعَ

«Сендердің бірлерің қажеттерін Раббысынан сұрасын, тіпті, үзіліп қалса, аяқ киімінің бауында Одан сұрасын» [4] деп, базарда толып тұрған баудың өзін Алладан ғана сұрауға шықырған. Олай болса неліктен шариғатымызда негізі жоқ, кеше ғана пайда болған тұжырымдарды қолданбақпыз?!

Құдси хадисте Алла Тағала:

من ذا الَّذي يسألُني فأعطيَهُ...

«Кім менен сұраса, оған беремін...»[5] - деген.

Ендеше не сұрасақ та, не қажет болса да, бір Алладан ғана сұрап, екі бүйірімізді шығарайық. Алла баршамыздың тілеуімізді берсін! Әмин.

 

 

Жеңіс Әбибуллаұлы

 

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру