Іштей айтылған «талақ» некені бұза ма?
09 мамыр 2018
10288
0
Оқу режимі
Ассаламуалейкум,Талақ сөзі жиі көп ойыма келе береді. Әйеліме қарасам да, төсекте жатсам да ойыма келе береді, құдай сақтасын, ондайды қаламаймын да, осы нарсе қалай өзі? Кейде аузымнан сыбырлап шықты ма деп қалам. Күмән келеді. Осыған жауап берсеңіздер! Нұржан
Жауап
Уа алейкум әссалам! Талақ сөзі ойға келсе, оған талақ түспейді. Оған дәлел ретінде Бәдруддин Айнидің (р.а) «’Умдатул-Қари» кітабынан мына мәтінді ұсынамыз: «Егер кімде-кім талақ айтуды (жасауды) іштей ғана ниет етіп, бірақ дыбыстап айтпаса, ол жағдайда ешнәрсе де болмайтындығында ғалымдар арасында тарлас-тартыс жоқ. Мұнда тек Хаттабидің Зухри мен Маликтен жеткізген сөзінде талақтың ниетпен түсетіні айтылған. Алайда бұл көзқарас тым бөтен. Хаттабидің өзі бұл көзқарасты «зихар»[1] және басқа мысалдармен салыстырып, былай деп сынаған: «Олар (ғалымдар): зихар жасауды ниеттенген адам, оны дыбыстап айтпайынша зихары есепке алынбайтынына бірауыздан келіскен. Сол сияқты іштей қазф[2] айтқан адам да қазф жасаушы болмайды. Егер намазда тұрып намаздан тыс кей ойлары мазаласа, намазы бұзылмайды, қайта қайталап оқымайды. Әйтпесе Алла Тағала намаз кезінде намаздан тыс сөз айтуға тыйым салған ғой. Егер ойға келген әр нәрсе сөз үкімінде болса, әлгі адамның намазы міндетті түрде бұзылар еді». Ал, енді іштен айтылған, ойға келген нәрсе үшін талақ болмайтындығы туралы айтқан ғалымдарға тоқталар болсақ, олар: Ата ибн Абу Рабах, Ибн Сирин, Хасан, Сағид ибн Жубәйр, Шағби, Жәбир ибн Зәйд, Қатада, Сәури, Абу Ханифа мен шәкірттері, Шафиғи, Ахмад, Исхақ»...[3] Ал, кейде сыбырлап шықты ма деп қалатыныңызға келсек, талақ нақты әрі саналы түрде айтылуы шарт. Себебі фиқһ негізінде «нақты нәрсені күмән жоя алмайды» деген қағида бар. Сол үшін сыбырлап шығып қалды ма деген күмәніңіз негізге алынбайды. Дегенмен де бұл ойлардан да, бұл сөздерден де сақ болуыңыз керек! Ең дұрысын Алла біледі. Айбек Әбдіқадыр Muslim.kz сайтының діни сарапшысы
Пікірлер
Кіру