Таң намазына тұра алмай жүрмін. Не істесем болады?
Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрағым келгені, адамның таң намазына тұра алмай қалуының қандай себептері болуы мүмкін? Өз басым жатарда тиісті дұғаларды айтып жатам, бірақ сонда да кей кездері ұйықтап қап, таң намазын қаза етіп алам. Осыған бір кеңес берсеңіздер!
Жауап
Уағалейкумассалам.
Таң намазына ояну – мұсылман жанның иманы мен нәпсісінің нағыз күресетін шағы. Тіпті, шайтан лағынеттің айласын асыратын сәті десек те болады. Өйткені, шайтан бір мүміннің таң намазын қаза еткізсе, ол пенденің сол күнгі рызық-несібесі азаятынын, құлшылығында белсенділігі төмендеп, иманы әлсірейтінін жақсы біледі. Шайтан мұсылманды таң намазында жеңе білсе, басқа уақытта жетегіне оңай ілестіре алатынына сенімді. Сондықтан мұсылман баласы өзіне мәңгілік дұшпан етіп жаратылған шайтаннан сақтанып, Алла Тағаладан әрдайым пана сұрай білу керек.
Бес уақыт намаздың ішіндегі ең сауапты әрі жауаптысы ол – таң намазы. Таң намазына сергек ояну үшін мұсылман адамның мынадай бірнеше амалдарды жасағаны дұрыс:
1. Таң намазының қадір-қасиетін ұғыну. Яғни таң намазына қатысты Алла Тағала аяттарын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін біліп, әрдайым қаперде сақтау. Тіпті, таң намазға тұру қиынға соғып жатқанда, сол аят-хадистерді еске алу қажет.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұкият болыңдар (яғни кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар). Алланың алдында барынша кішірейіп құлдық ұрыңдар»,[1] – деп бұйырады. Бұл аятқа тәпсір ғалымы Ибн Касир «Таң намазы» деген риуаяттарды келтірген.[2]
Тағы бір аятта: «Күндіз түс ауғаннан қас қарайып, түн болғанға дейін (белгілі уақыттарда) намазды кемеліне жеткізіп оқы, әсіресе, таң намазын (үзбей әрі кемеліне жеткізіп) оқы. Өйткені, таң намазына, әсіресе, қиямда тұрып Құран оқылғанда періштелер келіп, куә болады»,[3] – деп таң намазының артықшылығы жайлы айтылады.
Ардақты Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Таң намазының екі рәкағаты бұл дүниенің барлық нәрсесінен хайырлы»,[4] – деп өсиет қалдырған.
2. Таң намазын оқуға деген ниет пен ықыласты арттыру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омар ибн Хаттабтан жеткен хадисте: «Амалдар ниетке байланысты болады»,[5] – дейді. Кез келген адам бір амалды орындауға немесе бір жаққа баруға ниетті болса, ықыласына қарай өзін сол амалға даярлай біледі. Таң намазын оқуға деген ниетте сондай күшті болу керек. Ниеттің уақыты дәл жатар алдында болуы керек.
3. Алла Тағаладан таң намазына тұруға жәрдем сұрап, дұға жасап жату.
4. Дәретпен ұйықтау. Алланы зікір еткен хәлде ұйықтау. Пайдасыз ойлардан арылу.
5. Ерте жату. Құптан намазын оқығаннан кейін көп кешікпей ұйықтау сүннет болып саналады.
6. Жатар алдын асқазанның тамақтан бос болуын қадағалау керек. Яғни, тамақты ұйықтар алдында аз дегенде 2-3 сағат бұрын ішкен дұрыс. Сондай-ақ, тағамның да жеңіл түрін таңдаған абзал. Себебі, асқазан мен қарынның бос болмауы таңғы уақытта оянуға айтарлықтай кедергі келтіреді. Денсаулыққа зиян екенін де білген абзал.
7. Ұйқыдан оятатын қосымша амалдар қарастыру. Мысалы, сағат қоңырауын қойып жату, ұйқысы сергек кісіге ескерту. Тіпті, бас жағына ыдысқа құйылған салқындау су қою да мұстахаб амал болады. Салқын суға қолын малып беті мен желке тұстарына тигізсе, ұйқыны ашуға септігін тигізері сөзсіз. Бұл тәсілді ежелде кейбір ғұламаларымыз істеген деген де деректер кездеседі.
8. Зікір айту.Таңертеңгісін оянғанымен, ары қарай тұрып кету қиын болып жатады. Сол себепті оянған уақытта Алланы еске алып, зікір айту сүннет болады. «Ағузу биллаһи минәш шайтанирражим» деген дұғаны оқыса да болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Хурайрадан келген хадисте: «Сендер ұйықтаған уақытта шайтан бас жақтарыңа келіп үш түйін байлайды. Әрбір түйінді байлаған уақытта «сенің түнің ұзақ, жата тұр» деп айтады. Оянған кезде Алланы еске алса, бір түйін шешіледі. Дәрет алған уақытта екіншісі, намазға тұрған уақытта үшінші шешіледі. Нәтижесінде бойы сергек, жаны рахат хәлде таңды өткізеді. Олай жасамаса, жаны жағымсыз, жалқаулық басқан хәлде болады»,[6] – деді.
Асқар Мұқанов
[1] «Бақара» сүресі, 238-аят.
[2] Тафсир ибн Касир, 1-том, 360-бет.
[3] «Исра» сүресі, 78-аят.
[4] Муслим.
[5] Бұхари.
[6] Муслим.