Арақ ішкен адамның 40 күн мешітке кірмеуі керек пе?

13 қаңтар 2020 16148 0
Оқу режимі

Әссәләмуғалейкум! Осы ішімдік ішкен адам мешітке баруға немесе намаз оқуға, жалпы: дұға 40 күнге дейін қабыл болмайды деп жатады. Намаз оқығымыз келсе, 40 күн күту керекпіз бе? Әлде бара берсек бола ма? Ж.


Жауап

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Кімде-кім шарап ішіп мас болса, оның қырық күн (сабахән) намазы қабыл болмайды. Одан кейін күнәсіне тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп кешіреді...»[1], – дейді.

Тағы бір хадисінде: «...Кім мас қылатын ішімдік ішсе, қырық күн намазы кемиді...»[2], - деу арқылы арақ ішудің қаншалықты ауыр күнә екендігіне ишара етіп тұр. Намазға кедергі болып отырған ішімдіктің жасайтын дұғасына да залалы тиюі анық.

Ішімдіктің бұ дүниедегі зардабы айтпасақ та белгілі. Ал, ақыреттегі зардабына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Араққұмар – пейішке кірмейді»[3], – деген.

Басқа бір сөзінде ішімдік ішкен адамға қиямет күні «тыйнатуль хобәль» ішкізетінің айтады. Сахабалар оның не екендігін сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Тозақтағылардан аққан тері немесе тозақтағылардан сығылып шыққан сығынды», – деп жауап берген[4].

Тағы бір хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с.) үнемі арақ ішіп жүретіндерді пұтқа табынушылармен қатар қойған. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Араққор адам – пұтқа табынатын адам іспетті»[5].

Дей тұрғанмен, жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етіп, ендігіде қайталамау шартымен Алладан кешірім тілесе, Алла кешірім иесі екендігін ұмытпаған ләзім.

Ендігі жерде, «қырық күн» мәселесін ғалымдарымыз «ішімдік уыты адам бойына сіңісіп, қырық күнге шейін тазармайды» деп түсіндіреді. Алайда, бұл – қырық күн бойы намаз оқымау керек немесе мешітке аяқ баспауы тиіс деген сөз емес. Арақ ішкен кісі тәубе етіп, екінші мәрте ол харамға жоламауға бекініп, әрі қарайғы бес уақыт намазын қазаға қалдырмай уақтылы оқуы шарт. Осылайша, тым болмаса мойнындағы «парызын» өтеген болып саналады. Ал, хадистегі «қабыл болмайды» деген сөздің төркінінде оқыған намаздары үшін сауабы болмайды, бірақ парызын өтеген боп есептеледі дегендік жатыр[6]

 


[1] Тирмизи, «Китабуль Әшриба», №1862-хадис.
[2] Әбу Дәуід, «Китабуль Әшриба», №3680-хадис.
[3] Ибн Мәжә - №3376 хадис.
[4] «Сахих Мүслім».
[5] Ибн Мәжә - №3375 хадис.
[6] Тухфатуль Әхуизи, Тирмизи шархы, №1862-хадис түсіндірмесі.

Пікірлер Кіру