Қабір басында қай сүре оқылады?
Ассаламу алейкум! Сізге бір сұрақ қояйын деп едім. Қабір басында Құранның қандай сүрелерін оқуға болады (Фатиха және Ықылас сүрелерінен басқа). Бахтияр Ерсей
Жауап
Уа алейкум ассалам!
Қабір басында Құран оқып, дұға бағыштау жайлы төрт мәзһаб ғалымдары да бірауыздан мақұлдаған. Мағқил бин Ясар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бақара» сүресі – Құранның шыңы, оның әрбір аятын сексен періште алып түскен, ал «Аятул курси» аршының астынан алынып «Бақара» сүресіне қосылған, «Ясин» сүресі – Құранның жүрегі. Кісі бұл сүрені Алланы және ақыретті қалап оқыса, оның күнәсі кешіріледі, («Ясинді») араларыңнан қайтқан марқұмға оқыңдар[1]», – деген сөзін риуаят етеді.
Имам Ахмедтен келтірілген тағы бір риуаятта: «Егер зиратқа кірсеңдер, «Аятул курсиді» үш рет және «Қул һуа Аллоһу Ахадты» оқыңдар, сосын: «Аллам, бұл сүренің сауабы зират марқұмдарына»,– деп айтыңдар»,[2]– делінген.
Абдурахман бин Ғала әкесінен баян етеді, ол кісі өз балаларына: «Егер мені қабірге алып барсаңдар, лахадқа қойып: «Бисмиллаһ, ғала суннати расулиллаһ»,– деп топырақ тастаңдар. Бас жағыма «Бақараның» алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқыңдар. Мен Ибн Омардың (р.а.) осы амалды жақсы көретіндігін көрдім[3]», – дейді.
[1]Ахмед, Әбу Дауд, Ибн Мажа, Ибн Хиббан, Хаким
[2] Исғаф 24, әл-Муғни 3/518
[3] Таһзиб әл-Камал 22/537