Балаларға арналған дәстүрлер БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ ДӘСТҮРІ
Баланы қырқынан шығару – қазақ халқының ерекше жол-жоралғыларының бірі. Нәресте дүниеге келген сәттен бастап алғашқы қырық күн бойы ана мен бала ерекше күтімге алынады. Қазақ халқы бұл кезеңді ең қауіпті уақыт деп санап, сәбиді қорғау мақсатында түрлі ырымдар мен дәстүрлерді орындайды. Қырық күн өткеннен кейін бала «қара құлақтанды» деп қуанып, қырқынан шығару тойын өткізеді.
Қырық күндік күтім және қорғау шаралары
Қырық күн бойы баланың жанында шырақ жағып, түнде жалғыз қалдырмайды. Сәбидің қасында әрдайым ересек адам, көбіне анасы немесе әжесі күзетеді. Бұл кезеңде балаға «қарын шашын» және «сүт тырнағын» алмайды. Халық нанымында қырқынан шықпаған бала әлсіз, сыртқы әлемге әлі бейімделмеген деп есептеледі. Сондықтан, алғашқы қырық күнде оны түрлі зияннан сақтау қажет деп санайды.
Қырқынан шығару тойы
Қырық күн толғанда балаға арнайы «қырқынан шығару» тойы жасалады. Бұл мерекеге туыстар мен жақын достар шақырылып, аналар баланың үстіне қырық қасық су құйып шомылдырады. Бұл қырық қасық су – баланың жаңа өмірге аяқ басып, аман-сау өсіп, көркейе беруін тілеген ниетпен жасалатын әдет. Бала шомылдырылып болғаннан кейін, оның «қарын шашы» ақ шүберекке түйіліп, тұмарша етіп дайындалады. Бұл тұмарды кейіннен баланың оң жақ иығына немесе бесігіне іліп қояды. «Сүт тырнағын» болса, адам аяғы баспайтын жерге көміп, оған деген құрмет пен тазалықты білдіреді.
Ит көйлек: киелі және қасиетті
Қырық күн бойы нәресте киген «ит көйлек» ерекше маңызға ие. Бұл көйлекті сол күні шешіп, ішіне әртүрлі тәттілерді түйіп, ауылдың бір итіне байлап қояды. Ауыл балалары итті қуып, тәттілерді бөлісіп жеп, қуанады. Бұл да баланың қырқынан шыққан құрметіне орай ұйымдастырылған, балаларды қуанышқа бөлейтін ойын түрі.
Ит көйлекті бұрынғы дәстүр бойынша киелі деп санаған. Қариялар оны өзімен бірге алып жүріп, жолға шыққанда немесе дауға барғанда қойнына тығып жүрген. Олардың сенімі бойынша, ит көйлекпен бірге жүрсе, жолы ашылып, істі сәтті аяқтайды. Ит көйлекте баланың кінәсіздігі, періште қорғаны бар деп сенген.
Ит көйлектің бала көтеруге септігі
Ит көйлектің ерекше құдіреті бар деген сеніммен, бала көтермеген немесе үнемі түсік тастайтын әйелдер ит көйлекті таласып алып кетіп, басына жастап, қойнына салып жүрген. Олар осы арқылы бала көтеріп, аман-есен дүниеге әкеледі деп сенген. Бұл киімді қырық күн бойы баланы қорғаған киелі зат ретінде қабылдаған.
Ит көйлекті сақтау
Қазіргі уақытта ит көйлек кейбір отбасыларда тұмар етіп, сандықта сақталады. Ит көйлектің қырық күн бойы сәбиді қорғағанын, оның ішкі қуаты мен қасиетін жоғары бағалап, оны өмір бойы сақтауға тырысады. Баланы қырқынан шығару – қазақ халқының терең мазмұнды, тәрбиелік мәні зор дәстүрлерінің бірі. Ол тек сәби мен оның ата-анасын қорғап қана қоймай, халықтың балаға деген мейірімі мен ықыласын, болашаққа деген сенімін білдіреді. Қырқынан шығару арқылы ата-бабаларымыз баланың өмір жолын жарқын, ұзақ, игілікті болуын тілеп, ерекше қуанышпен қарсы алған.
Болат БОПАЙҰЛЫ