МӘШҺҮР ЖҮСІП: ШЫН ДӘУЛЕТ ПЕН ЖЫН ДӘУЛЕТ

07 қаңтар 2025 196 0
Оқу режимі

Мұса мырзаға Қуандықтан бір қадірлі ақсақал келген екен. Сонда оның қосшысының ат-тоны аумаған Мұсаның өзінің Мәжікенінің Сүлеймені екен. Мұса мырза:

-Пәленшеке, қосшыңыз кім баласы ?- дегенде, ақсақал –Бұланбай байдың немересі,- депті.

-О, қу дүние, шіркін, опасыздығы, баяғы:

Әкем аты Шағырай, атым Балдай,

Бұлекемнің жылқысы қара жардай.

Шайқұтыны бұтымда дамбалым бар,

Әлің келсе, тістеп шеш, Қарақалтай,- деп, өлеңге аты қосылған Бұлекемнің немересі ме ? Бұрыңғылар айтқан екен: «Дәулет екі түрлі болады. Бірі –шын дәулет, бірі-жын дәулет. Шын дәулет- мал кетсе де артынан не бақсы, не ұста- ісмер, күн көріп, тамақ асырайтұғын, аймағына азық боларлық жан қалдырады. Жын дәулет- бір кетсе, қалған арты күн көріп, тамақ асырауға да жарамайтын болып қалады» деген екен. Бұлекеме біткен дәулет шын дәулет емес, жын дәулет екен ғой ! депті...

Мұны жазған себебім- кім-кімге болсын, далаға жаққан оттай шалқып кетіп сөйлемеймін. Тілімді алған қатықтай қатып, сүттей ұйып тұра қалады. Ол оңады, ілгері басады. Тілімді алмаған –«басы- бапан, аяғы –сапан», мыж-тыж болып кетеді.

«Құлақ естігенді, көз көреді» -деген осы, «Бұланбайға біткен дәулет жын дәулет» деп Мұса мырзаның айтқанын естіп едік, Дос байға біткен дәулет жын дәулет болғанын көзіміз көрді.

 

*Бұланбай- ерте уақытта Малай-Жәдігер-Төртуылдан шыққан атақты байлардың бірі. Байлыққа мастанып қыздары биенің сүтіне шомылады екен-мыс деген де сөз бар.

**Дос ұрпағы - Мәшһүрдің өз ағайындары, Бесім балаларының бірі.

 

 

Пікірлер Кіру