НАМАЗ ОҚУДЫҢ МӘНІ
Бүткіл жаратылыс, мына әлем - Алланың бар екендігінің дәлелі. Соған орай жүгірген аң, ұшқан құс, тау-тас, өзен-көл - Аллаға тасбих айтып, зікір салып тұрады. Өз ұғымымызға үйлестірсек, намаз оқып тұрады. Неге намаз оқиды? Себебі, Алланы таниды, яғни, иман келтіреді.
Өзімізге келейік. Алланы таныдық. Бұл - иман. Бес парыздың басы. Екінші - намаз. Қалай иман келтірдің, намаз оқу парыз болады. Осы жерде иман келтірудің бүкіл жаратылыспен үндесу екендігі мәлім болады. Адам баласы иман келтіргенде, яғни бүткіл жаратылыспен үндескен кезде, аңның да, құстың да, таудың да, тастың да тілін түсінеді. Нақтыласақ, барлық жаратылыстан Алланы көріп тұрады. Себебі олар, жоғарыда да айтқанымыздай, Алланың бар екендігінің дәлелі. Соған орай намаз - Алланы көрген соң оқылады. Бұл жәйт діни тілде ихсан деп аталады. Өкінішке қарай, ихсанды қабыл алмағандар біз айтқан бұл халауаттарды сезіне алмайды.
Намазға келейік. Сонымен намазды қай тілде оқыған ләзім? Құстың, тау-тастың, үф еткен самалдың тілінде ме, жоқ әлде өзіміздің тілімізде ме?
Иманды да, аң-құс тілінің де қай тіл екенін шамалы сезінгендей болдық. Түсініксізі - өзіміздің тіл. Өзіміздің тіл деп отырғанымыз, барлық ұлттардың тілі. Егер байыбына барсақ, ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың дені намазды осы тілде оқиды. Олардың қатарында арабтар да, намаздарын араб тілінде оқып жатқан өзге ұлт өкілдері де бар. Себебі, иман жүрекке өтпей, тек тілде ғана қалып қойған. Басты кінәрат - кәлима шаhадатты араптың тілі деген түсінікте. Ал ол тіл емес, кәләм. Ал пайғамбарлар сол сөзді жүрекке өткізу үшін келеді.
Сонымен кәлима шаhадатты жүрекке өткіздік делік. Демек, ихсан мәнін түсіндік. Дұрысы - қабыл алдық. Қалай қабыл алдық, Алланы көріп, құс тілін түсіне бастадық. Жарайды, әуелі Алланың көріп тұрғанын сезіндік дейікші. Ал оны қалай сезіндік? Жауап айқын. Өзімізден.
Иә, біз өзімізді тани бастадық. Танығанда, өзіміздің жаратылыс екенімізді білдік. Ал қай жаратылыс та Алланың қасында жоқ. Сондықтан жоққа тән нәрсе Алламен мәміле қылуға жарамайды. Демек қай тіл де ғибадат құралы емес. Біз оған өз-өзімімізбен мәмілелесу, яғни өзімізді тану барысында көз жеткіздік. Сонда біз өз-өзімімізбен қай тілде мәмілелестік? Дұрыс. Құстың тілінде. Ал ол тіл иман келтіргендерге нәсіп болады.
Құстың тіліне келейік. Ол - Алланың кәләмы (сөзі, тілі). Құран - сол тіл. Ал араб әрпі - Алла кәләмының ыдысы. Соған орай Аллаға иман келтіргендер, нақтыласақ, ихсанды қабыл алғандар - Алланың кәламын, ал ихсанды қабыл алмай, тек тілмен ғана иман келтіргендер - арабтың тілін көреді.
Ұғынықтылық үшін "Әлмисақ уәдесін" қаперге алайық. Сол кезде адам баласының рухы Алламен тілдескен. Сол тіл біздің рухымызға тән. Ал ол "Фитраттағы иман" деп аталады. Мән берсек, бұл жерде де иман мен тіл үндесіп тұр. Тап осындай үндестік аң-құс, тау-тас иманы мен тіліне тән. Құран да сол тіл.
Тағы бір сөз. Рухани әлеммен үндескен кезде адам баласы "мұсылман", "кәпір" деп екі топқа бөлінеді. "Кімнің милләтынансың? (дініненсің) деген сауал соған орай қойылады. Бұл сауалға мұсылмандар Ибраhим Халилулланың миллатынанбыз" деп жауап береді. Демек шынайы әлемде ұлттарға тән тіл өз мәнін жоғалтады.
Баршаңызға құстың тілін білу нәсіп болсын!
Құдияр БІЛӘЛ