АСТАНА ҚАЛАСЫ «ҮЗДІК ӨКІЛДІК» АТАНДЫ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2025» номинациясымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, номинация иегерлерін марапаттады.
ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі жылдың «ҮЗДІК ӨКІЛДІК» номинациясына ие болды. Марапаттау сәтінде ҚМДБ Төрағасы Астана қаласының Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлын құттықтап, өз алғысын жеткізді.
Бас мүфти салтанатты жиында: «Бүгінгі мерейтой – Діни басқарманың ғана емес, күллі мұсылман жамағатының ортақ қуанышы. Бұл – имандылықтың, ізгіліктің, ел бірлігінің мерекесі. Алла Тағала осы қара шаңырақтың іргесін берік, өрісін кең етсін! Барша дін қызметкерлеріне, осы жолда еңбек етіп жүрген әріптестерге Алла разы болсын! Бүгін «Мүфтият үздігі» атанып жатқан барша бауырларымды, әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жылдар бойы жасаған жұмыстарыңыздың жемісі деп санаймын. Ең бастысы Алланың марапатына ие болуды жазғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Алла Тағала Діни басқарманың қызметіне береке беріп, халқымыздың рухани дамуына мол игілік нәсіп етсін! Әумин!», - деп атап өтті.
