ЕЛОРДАНЫҢ ӘЙЕЛ ҰСТАЗДАРЫНА СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттердің әйел ұстаздарына арналған семинар өтті.
Жиында Нұр-Мүбарак университетінің профессоры, PHD доктор, исламтанушы Шәмшат Амангелдіқызы мен Нұр-Мүбарак университетінің докторанты Айгерім Төреханқызы елорданың әйел ұстаздарына «Дін жолындағы қызмет» тақырыбында дәріс оқыды.
Семинар барысында спикерлер дін саласындағы ұстаздардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Шәмшат Амангелдіқызы өз дәрісінде діни білім берудің заманауи әдістері мен әйел ұстаздардың рухани тәрбие берудегі маңызын атап өтті. Ол қазіргі қоғамда әйел ұстаздардың жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде, отбасы құндылықтарын насихаттауда ерекше орны бар екенін жеткізді.
Айгерім Төреханқызы өз кезегінде діни қызметтің жауапкершілігі мен заманауи сын-қатерлер туралы ой бөлісіп, ұстаздарға пайдалы кеңестер ұсынды. Сондай-ақ, ол дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтай отырып, әйел ұстаздардың рухани тәрбиедегі белсенділігін арттыру қажеттігін айтты.
Жиын соңында қатысушылар тақырып бойынша сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Семинар ұстаздардың біліктілігін арттырып, діни білім берудегі жаңа тәсілдерді меңгеруге серпін берді.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі