«С. ҒЫЛМАНИ»: ҚМДБ ДІНИ ОҢАЛТУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ МЕШІТ ЖАМАҒАТЫНА ДӘРІС ӨТКІЗДІ (ФОТО)
Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы, білікті ұстаз Жарбол Болатұлы жамағатқа «Алланы жаратылысқа ұқсату туралы күмәндардан арылу» тақырыбында дәріс жүргізді.
Дәрістің негізгі мақсаты – жамағатқа Исламдағы дұрыс сенімнің негіздерін түсіндіріп, көпшіліктің көкейін қате сенімдер мен күмәндардан арылту. Дәріс барысында жамағатқа таухид ұстанымының маңыздылығы, яғни Алланы бір, теңдессіз, ұқсассыз деп тану қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ, осы тұрғыдан Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері мен Ислам ғалымдарының еңбектерінен нақты дәлелдер келтіріліп, жамағат арасында кездесетін түрлі қате түсініктер мен діни мәселелердегі адасушылықтардың аражігі тарқатылды.
Жамағат дәрістен мол рухани азық алып, діни білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Мұндай тағылымды кездесулер халықтың діни сауатын арттырып, теріс ағымдардың ықпалынан сақтандыруда үлкен рөл атқарады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі