АЛЛА ТАҒАЛАНЫ ЕСКЕ АЛУ (Зікір етудің маңыздылығы)

06 мамыр 2024 3128 0
Оқу режимі

Зікір сөзі шариғи мәтіндерде «Құран», «намаз», «білім» «Алла Тағаланы еске алу» деген сияқты түрлі мағыналарда келген. Дегенмен, зікір сөзінің негізгі қолданылу аясы «Алланы еске алу» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Музаммил» сүресі, 8-аятында:

«Раббыңның атын (үнемі) жадыңда ұстап, (күндіз-түні) аузыңнан тастамай зікір ет әрі Оған жан-тәніңмен бет бұр», – деп айтқан.  

Ибн Ато әл Искандарий (Алла оған разы болсын): «Зікір дегеніміз – Хақ Тағаланы үнемі жүректе сақтау арқылы қаперсіздіктен арылу, Алланың есімін, сипаттарын, үкімдерін, істерін және Оған жақындата түсетін нәрсені тілмен де, жүрекпен де үнемі қайталау», – деп анықтама берген.

Жалпы «Зікір» сөзі қазақ халқына тансық сөз емес. Яссауи бабамыз:

Ей, ынсапсыз, дүние – жалған, Хаққа қайтқын,

Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын, – деп өсиет айтқан.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Қайырды олай болса, көп беріп қал,

Демейді өлім келсе: жас, кәрі шал.

Пайғамбар хадисінде айтқан екен,

Жігіттер мына сөзге құлағың сал:

Ұжмақдық – шырын сөзді, жылы жүзді,

Тілінде Хақ зікірі сөйлер сөзді, – деп, насихат қалдырған.

Алла Тағаланы еске алу – Жаратушыға иман келтірген пенденің ең жиі атқаратын амалына айналуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 41-аятында:

«Уа, иман келтіргендер! Алланы өте көп еске алыңдар!» – деп айтқан.

Зікір – пенденің Жаратушысының разылығын бөленуіне, жүрегінің тазаруына, күнәларының кешірілуіне себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Алланы еске алуды мақсат етіп, тек Оның ризалығын ғана қалап жиналған қауымға көктен: «Күнәларың кешірілген күйде орындарыңнан тұрыңдар, сендердің жамандықтарыңның барлығы да жақсылықтарға алмастырылды» деп айтылады», – деген (имам Ахмад).

Қасиетті Құран аяттары  мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде зікір етудің көптеген артықшылықтары жөнінде айтылған. Олардың негізгілеріне тоқталатын болсақ, мынадай:

Бірінші: Зікір – жүрек тыныштығының кілті

Алланың назары жүректе. Жүректің дұрыс, сау болуы үшін қажетті амалдардың негізгісі – зікір. Сол себепті пенденің айтатын зікірі тек тілімен ғана емес, оның жүрегімен, бар болмысымен орындалуы тиіс. Солай болу арқылы пенденің жүрегіне тыныштық орнап, жай табады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 28-аятында:

«Міне, солар иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық тынышталады (қанағаттанады)», – деп айтқан.

Имам Науауи (Алла оны рақымына алсын): «Алланы еске алу тілмен де, жүрекпен де орындалады. Ең абзалы – тіл мен жүректі қатар қолдану. Егер біреуімен ғана шектелу керек болса, жүрекпен еске алғаны абзал. Мақтаншақтықтан сақтану мақсатында тек жүрекпен еске алып, тілмен еске алуды назардан тыс қалдыруға да болмайды. Алланы еске алғанда тек Оның ризалығын ғана ниет ету керек», – дейді.

Алла Тағаланы еске алған адамның жүрегінде қайғы-мұң болмайды. Керісінше, Жаратушысын еске алмаған адамның жүрегі уайымға, қайғы-мұңға батады. Тіпті, түрлі дерттерге шалдығып, жүректің рухани өлуіне себеп болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 22-ші аятында:

«Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге нендей өкініш! Олар ашық адасуда», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын):

«Раббысын еске алатын адам мен Раббысын еске алмайтын адамның мысалы тірі мен өлген адамның мысалына ұқсайды», – деген (имам Бұхари).

Имам  әл-Жәузи (Алла оны рақымына алсын): «Мыс пен күмісті тот басқандай, жүректі де кейде тот басады. Бұған еш күмән жоқ. Жүрек тек Алланы еске алумен ғана жарқырайды. Алланы еске алу жүректі аппақ айна секілді етіп жарқыратады. Алланы еске алмаған жүректі тот басады. Жүректің тот басқаны екі нәрсе арқылы көрініс табады. Біріншіден, қаперсіз болады. Ал екіншіден, күнәға бой алдырады. Жүректің жарқырауы да екі нәрсе арқылы көрініс табады: біріншісі, Алладан кешірім сұрау, екіншісі, Алланы еске алу арқылы», – деген.

Екінші: Алланы зікір еткен кісі кешірім мен үлкен сыйға бөленеді

Алла Тағаланы көп еске алғандар үшін көптеген ұлы нығметтер уәде етілген.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 35-аятында:

«Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой). Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды», – деген.

Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын): «Алланы көп еске алады деген аяттың мағынасы мынадай: олар намаздан соң таңертең, кешке, ұйқыдан оянғанда, таң атқанда немесе сапардан үйіне оралғанда үнемі Алланы еске алады», – деген.

Ал ғалым Мұжаһид (Алла оны рақымына алсын): «Тұрғанда, отырғанда және жатқан кезде Алланы еске алмаған адамдар Алланы көп еске алатындардың қатарынан бола алмайды», – деп айтқан.

Ибн Салахтан (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағаланы көп еске алушылар деген кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «Кімде-кім, таңертең және кешке шариғат бекіткен әрі Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол, Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын):  «Муфридун озып кетті», – дейді.  Сонда бұл сөздің мәнісін түсінбеген сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Муфридун деген кімдер?» – деп сұрайды.  Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Олар Алланы көп зікір ететін әйелдер мен ерлер», – деп  жауап береді (имам Ахмад).

Ендеше, адамның ақыретте мол сауапқа кенелуіне себепші болатын зікір сөздерін әр адам шамасы келгенінше көбірек айтып жүруге тырысуы қажет.

Алланы еске алу үшін ешбір уақытқа да, ешбір жағдайға да шектеу қойылмаған. Алланы отырған кезде де, тұрған кезде, жалғыз да, көпшілік жамағатпен де еске алуға рұқсат етілген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жәннат бақшаларының жанынан өтсеңдер ләззат алыңдар», – деген. Пайғамбарымыздан: «Жәннат бақшалары дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алатын мәжілістер», – деп жауап береді» (имам Тирмизи). 

Ғалымдарымыз аталмыш хадисті: «Алланы еске алып жатқан топтардың қасынан өткен кезде сендер де солармен бірге Алланы еске алыңдар немесе олардың зікірлерін тыңдаңдар», – деп түсіндірген.

Қасиетті Құранда және де ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын) хадистерінде келген зікірлердің түрлері өте көп. Дегенмен, кейбір мынадай зікір түрлерін айтуды әрбір мұсылман күнделікті әдетке айналдырғаны дұрыс:

  1. Истиғфар айту. Күнәларымыз үшін Алладан кешірім тілеу. Бұл «Астағфирулла» сөзін қайталау арқылы орындалады. Қателескен нәпсіні есепке алып, амал парақтарын күнәдан тазалау үшін қолданылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Һуд» сүресі, 3-аятында:

«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді керемет несібелермен ризықтандырады», – деп айтқан. 

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күніне жетпіс мәрте, бір риуаятта жүз мәрте истиғфар айтқандығы жеткен. 

  1. Салауат айту.  Алла Тағала қасиетті Құранның  «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:

«Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де біздерді салауат айтуға шақырып:

«Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (имам Мүслим). Сондықтан да мұсылманның күнделікті айтатын зікір сөздерінің ішінде салауат сөздері де болуы қажет.

  1. Таухид сөзі. «Лә иләһә иллаллаһу» немесе «Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрика ләһ, ләһул мүлку уә ләһул хамду, уә һуә алә күлли шәйин қадир» деген сөзді айту. Алла Тағала «Таһа» сүресінің 14-аятында:

«Мен Алламын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ.  Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, намаз оқы», – деп айтқан.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім:

«Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ. Ол жалғыз. Иелік пен мақтау тек Оған тән. Оның құдіреті барлық нәрсеге жетеді» деп күніне 100 рет айтса, он құлды азат еткеннің сауабын алып, оған жүз ізгі амалдың сауабы жазылып, жүз қателігі өшіріледі. Әрі сол айтқаны үшін күн батқанға дейін шайтаннан қорған болады. Қиямет күні тек бұл дұғаны одан көбірек айтқан кісі ғана одан абзалырақ нәрсемен келеді», – деген (имам Бұхари, Муслим).

Үшінші: Зікір етушіні Алла Тағала есіне алады

Алла Тағаланы үнемі еске алушы педені Жаратушымыз да есіне алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 152-аятында:

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер, қарсы болмаңдар (күпірлік етпеңдер)»,  деп  айтқан.

Бір тақуа кісі: «Алла Тағаланың атымен ант етейін, мен, Раббымның мені қашан есіне алатынын білемін», – депті. Сонда адамдар одан: «Иә, Раббың қашан сені есіне алады екен?» – деп сұрапты. Сол кезде ол:  «Мен оны, есіме алған кезде. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранда: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын», – деп айтқан», – деп жауап берген екен.

Құдси хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала айтады: «Құлым Мен жайлы қандай ойда болса, Мен сондай боламын, әрі ол Мені есіне алған кезде, Мен онымен бірге боламын. Егер ол мені іштей есіне алатын болса, Мен де оны жасырын есіме аламын. Ал егер ол мені мәжіліске жиналған көпшілік адамдар арасында есіне алатын болса, онда Мен де оны олардан да жақсырақ мәжілісте есіме аламын. Ал егер құлым Маған бір қадам жақындайтын болса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Егер пендем маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барамын» деген» (имам Бұхари Мүслим).

Үнемі Алла Тағаланы еске алып жүретін адамның дұғасы қабыл болып, сұрағанына жауап берілетін болады. Жүніс пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қиссасын еске алар болсақ, ол балықтың ішінде жатып: «Сенен басқа ешқандай да Құдай жоқ. Сені түрлі кемшіліктерден пәктеймін. Расында мен залымдардан болдым», – деп Жаратушысын зікір етумен болады. Кейін Жүніс пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жағаға шығарылып, бұл сынақтан құтқарылады. Құтқарылуының себебі де  Жаратушысын көп зікір етіп, дәріптеуі еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Саффат» сүресі, 143-144-аяттарында: «Егер ол Раббысын үнемі лайықты деңгейде ұлықтап, дәріптейтін жан болмағанда, қайта тірілтілетін күнге дейін сол балықтың қарнында қалар еді», – деп айтқан.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 191-аятында:

«Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді тозақ азабынан сақта!» – деп жалбарынады», – деген.

Алла Тағала біздерді әркез Өзін еске алып, дәріптейтін құлдары қатарынан етіп, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

 

 

Пікірлер Кіру