Алла Тағаланың тәрбиесі

08 маусым 2020 8048 0
Оқу режимі

Ұлы Жаратушы жер бетіндегі құлдарын еш уақытта назардан тыс қалдырып қойған жоқ. Керісінше, ақиқат жолын көрсетіп, жер бетіне түсірген пайғамбарлары мен кітаптары арқылы тәрбие беріп отырды. Солардың ең соңғысы – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мен Құран Кәрім.

Ана өз перзентіне қалай тәрбие беріп, қалай өсіретін болса, мейірімі шексіз Алла Тағала да өз құлдарына, тіпті, одан асқан жақсылықты қалайды. Сол себепті біздің азапқа душар болуымызды қаламайды. Сол үшін өз елшісін жіберді, сол себепті Құранды түсірді.

Құран – адамзатқа Алла Тағаланың сөздерін жеткізген мүбәрак кітап. Құран – біздер үшін сарқылмас даналықтың көзі. Ол – Алла Тағала мен құлдарының ортасында байланыс орнататын мықты дәнекер. Құран Кәрімді Ұлы Рахманның тәрбие мектебі десек болады.

«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы[1] деп басталатын Құран – талай ғасырлар бойы жалғасқан әділетсіздіктерге шектеу қойып, ең қайырлы қоғамды құрған қасиетті кітап. «...Әлиф Ләм Ра. (Мұхаммед Ғ.С.) Бұл Құран – адамдарды, Алланың рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ үстем әрі мақтауға лайық Алланың жолына шығаруы үшін біз саған түсірген бір Кітап»[2] деген аят та тегін емес еді. Себебі, Алла құлдарын қараңғылықтан құтқарғысы келеді. Шын мәнінде, біздердің ақырет азабына ұшырауымызды қаламайды. Бұл – асқан рақым иесінің біздерге жасаған шарапаты. Одан асқан тура жол жоқ. Бұл туралы Бақара сүресінде айтылады: «Міне, осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші...».[3]

«Әй, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік»[4]. Құран – жарыққа, жақсылыққа ұмтылған адамзаттың ең үлкен байлығы. Онымен бірге болғандар әлсіздік, пақырлық не екенін білмейді. Әрдайым онымен бірге болғандар уайым-қайғының ішінде қалмайды. Физикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да қуатты болады. Ал, оны қадірлей алмаған пенделер үшін қиындық бар. Осы тұста Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай түсіндіреді: «Есте сақтаңыздар, мен сіздерге екі үлкен нәрсені қалдырып жатырмын. Олардың бірі Алланың кітабы. Ол Алланың арқаны. Кім оған ерсе, дұрыс жолда болады. Кім тәрк етсе, зиянда болады»[5].

Құран – өткен мен болашақтың бүкіл сырларын ішіне сыйдырған киелі қазына. Хақ пен өтірікті, туралық пен қателікті ажыратып берген төреші. Қысқа аяттарда ұлы ақиқатты көрсетіп, мән-мазмұнымен адамзат рухын баураған мәңгілік мұғжиза. Кезінде Омар (р.а) сынды қаншама мұсылманның көңілін жуып, жүрегін пәктеген иләһи жаңбыр.  

Ана өз перзентіне мүгедек болса да, жарымжан болса ептеп тәрбиесін бергені секілді, Алла да пенделеріне қай жағдайда болмасын өз рақымын тигізеді. Бұл күндері көзі соқыр, құлағы керең болса да, сақау болса да Құран оқып жүрген адамдарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Ондай мысалдарды дүниенің төрткүл бұрышынан тауып айта аламыз. Кемістігіне қарамай, Алла олардың Құранға деген зейінін ашып қояды. Әрі олар үшін сауап та мол. Бұл туралы хадисте: «Кім Құран оқудың шебері болып, оны әдемілеп оқыса, ол абыройлы және бойұсынушы жазғыштармен бірге болады. Ал, кім Құранды ежелеп оқып, сонысымен қиналатын болса, онда оған екі сауап бар»[6].

Құран Кәрімнің хикметін еш уақыт жазып тауыса алмайсыз. Себебі, бұл мүбәрак кітап – Алла Тағаланың сөзі. Құран бүкіл жер бетіне өзгеше мағына, ешбір теңеуі жоқ сұлулықты сыйлады. Көңілдерге нұр, шипа болып енді. Осыны түсінген сахабалар да Құранды оқуға, үйренуге, жаттауға үлкен көңіл бөлген. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі оларға былай деген болатын: «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп және басқаларға үйреткендеріңіз»[7].

Мұсылман үшін Құран оқып, оның ішінде жазылғандарға иман етіп өмір сүруден артық сауап жоқ. Оған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына бір сөзі дәлел: «Ешбіріңіз Құран оқып, оған бойұсынудан асқан амал арқылы Алла құзырына бара алмайсыз!»[8].

Алла Тағала біздерді Құран Кәрімді толық түсініп, оның ішіндегілерге амал етіп өмір сүретін құлдарының қатарынан етсін!

Қуат Ерғалиұлы

 


[1] «Аләқ» сүресі, 1-аят.
[2] «Ибраһим» сүресі, 1-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 2-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 174-аят.
[5] Муслим.
[6] Муслим.
[7] Бухари.
[8] Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру