АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУДЫ ТӘРК ЕТКЕН ЖАН

10 мамыр 2024 2099 0
Оқу режимі

Ертеде тақуа бір кісі «Алла» деп күндіз түні зікір* айтады екен. Тіпті күнделікті зікірін айтпастан төсегіне жатпайтын көрінеді. Айтатын зікірі жүрегіне әбден орнығып, көңілі зікірден нәр ала бастапты. Бір күні шайтан лағынеті тақуа жанға жақындап келіп, құлығына:

– Күнделікті үздіксіз айтып жүрген зікіріңді қашанға дейін жалғастырасың, күндіз түні Алла дейсің, сол Алла саған өміріңде бір мәрте болса да «Әй, пендем!» деді ма? – дейді.  Сен айтатын зікіріңнің сауабын алдың ба? Байқаймын, саған зікіріңнің қарсылығына ешнәрсе берілмеген секілді. Онда сен бұл күнәһарлық күйіңмен зікіріңді қашанға дейін жалғастырмақсың?» – деп сыбырлайды.

Шайтан лағынетінің азғыруы тақуа жанға қатты әсер етіп, оның жүрегі қобалжып, біраз қайғыланады. Пенде мұны шын көріп, мен Алланы еске алуға, зікір айтуға лайықты құл емес екенмін, оның үстіне айтқан зікіріме қарсы жауапта берілмей жатыр, деп сол күнгі зікірін тәрк етіп, ұйықтап қалыпты.

Сол түні түсінде Хазіреті Қызыр алейһиссаламды көреді. Қызыр оған;

– Алла деп зікір айтуыңды не үшін тәрк еттің, не үшін өкіндің? – деп сұрайды. Сонда тақуа кісі;

– Мен үнемі һәм үздіксіз «Алла, Алла» деп зікір айттым. Бірақ бір мәрте болсын Алладан «Әй, пендем!» деген бір қарсы жауап естімедім. Сондықтан мен бұған лайықты болмағандықтан Құдайдың ашуына ұшыраймын ба деп  қорықтым?», – дейді. Сол уақытта Хазіреті Қызыр алейһиссалам тақуа жанға:

– «Сенің әрбір айтқан «Алла, Алла» деген зікірің, Оның «Әй, пендем!» дегені емеспе?! Ол саған «Әй, пендем!» демесе, сен Оны (Алланы) ешуақытта еске ала алмайсың. Ол саған иман бермесе, сен Оған құлшылық жасай алмайсың. Ол сені жақсы көрмесе, сен Оған ешуақытта ықыласпен зікір айта да, тура жолмен жүре де алмас едің. Сенің Алладан қорқуыңның өзі және Оған деген сүйіспеншілігің – Оның саған берген үлкен нығметі. Сен «Уа, Раббым» деп еске алған сайын, Ол сені тыңдайды және жауап береді. Егер Алла пендесінің жүрегін мөрлесе, ол құл ешуақытта Алланы еске ала алмайды. Алла пендесінің жолын ашпаса пенде де дұға ете алмайды. Сен басыңа түскен кез-келген сынақта Алла десең, онда Ол саған зікір ету үшін мүмкіншілік бергені. Қорықпа, Алла Тағаланы әрдайым есіңе алып, зікіріңді айтқайсың, дұға етуіңді жалғастырғайсың. Ешбір зікір де, дұға да жауапсыз қалмайды. Алла құзырында шаңның тозаңындай болса да жасаған амалың босқа кетпейдi. Құдай перғауынға байлық берді, бірақ сынақ бермеді. Ол тіпті еңіреген де, айқайлаған да жоқ. Басыңа келген сынақ пен дерт Алланы әрдайым еске түсіреді. Тіпті Алланы ұмыттырған байлық пен денсаулықтан да артық» деп өсиет айтқан екен.

Тақуа кісі де түсінен оянып, Аллаға тәубе етіп, кешірім сұрап, зікірі мен дұғасын әрі қарай жалғастырған екен.

Алла Тағала кітабымыз Құран Кәрімде Бақара сүресінің 152 аятында: «Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар»,  деп  ашық баян етеді.

«Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»,  деп баян  етілген. (Рағыд, 28 аят).

 

*Зікір айту – Алланың есім сипаттарын айту, ақыретті ойлау, Құран мен хадистерде келген дұғаларды көптеп тілмен айту, Алланы еске алу демек.

 

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру