«ӘПШУ БЕРШІ…»
Қазақта «әпшу берші!» демейтін ата да, оны түсінбейтін бала да жоқ шығар, сірә… Қазақ жерінің қай қиырына барсаңыз да, әйтеуір біреуден болсын бұл сөзді құлағыңыз шалар.
Өзіміздің де бала күнімізде аталарымыз «әпшу берші!» дегенде жанымыз қалмай дамбалға қолды сүңгітіп жіберіп, ұсына қалушы едік. Ұсынғанымызды аталарымыз мұрнына апара бере мұрны орнынан ұшып кетердей тұшына жақсылап бір түшкіруші еді. Бұны қызық көретін көптеген балалар шалбарын төмен түсірген сайын «әпшуін» атасына қарай ала жүгіруді әдетке айналдырып та алады.
Жалпы, бұл нәрсе қайдан шыққан? Балаға мұндай дүниені әдет қылғанымыз дұрыс па өзі? Қазақ баладан «әпшуді» қызық көргеннен сұрай ма, жоқ әлде оның біз біле бермейтін қыры мен сыры бар ма?
Қазақ ештеңені еріккеннен ермек қылмайды ғой. Бұл да еріккеннің ермегі емес.
Ендеше «әпшу берші» дегеннің «пәлсапасы» мен хикметі неде жатыр? Соның мән-маңызына жетіп көрейік.
Рас, бүгінде көп адам мұның маңызына жете бермейді, бірақ, әдетке айналдырғаны қуантады.
Оның мәні мынада: қазақ «әпшу берші» деп әлі сүндеттелмеген 1 мен 4 жас аралығындағы баладан сұрайды. Неге десеңіз, бұл уақытта бала әлі сүндеттелмегендіктен, кіші дәретке отырған сайын шүмегінің ұшында, яғни, кесіліп тасталуы тиіс артық еттің арасында зәр қалады. Ол зәр тазаланып тұрмаса, инфекциялық ауруларға душар етеді.
Осыны жақсы түсінген қазақ «әпшу берші» деп сылтау қылып, баланың шүмегіндегі зәрді сығып тастап отырған. Міне, осылайша қазақ, біріншіден, инфекциялық аурудың алдын алса, екіншіден, зәр іш киімге тиіп, былғамас үшін тазалап отырған. Яғни, гигиеналық жағын да ойлай отырған.
Үшіншіден, бала сүндеттелгенше шүмектің басын уқалап, тартып, созып, сүндеттеу рәсіміне дайындаған. Міне, бір-ақ әрекетпен қазақ бірнеше дүниенің алдын алған.
Сондықтан да аталарымыз немерелері кіші дәретке отырып болғанда шалбарын көтерместен бұрын «әпшу берші» деп сұрап, шүмегінің ұшын тартып, «ащы екен ғой» деп өтірік болсын бір жақсылап түшкіріп жатады. Ондағысы – баланы қызықтыру арқылы келесіде «әпшу берем» деп өзі жүгіріп келетіндейге әдеттендіру.
Қазақтың бұл әдеттері мен әрекеттері сүндеттің айналасынан тамыр алады.
Австралиялық ғалымдар мынандай қызық жаңалық ашыпты. ВИЧ инфекциясының таралу жолын жіті зерттеген олар «сүндеттеу» – СПИД ауруына қарсы күресудің және алдын алудың тиімді тәсілі» деген қорытынды шығарған.
Яғни, ер адамның жыныс мүшесіндегі артық ет – дертке тез шалдығатын және түрлі зиянды вирустар үйірсек келетін бөлік екеніне көз жеткізген ғалымдар осы бір артық еттен тезірек арылуға кеңес береді.
Статистика бойынша, СПИД ауруын жұқтырғандардың көбі сүндеттелмеген ерлер екен. Сол ғалымдар сүндеттелмеген ерлердің жыныстық небір түрлі инфекциялық ауруларға да жиі шалдығатынын анықтаған.
Осыған байланысты, бүгінде АҚШ-та «сүндеттеу операциясы» кеңінен етек жайып келеді. Америкада статистика бойынша, жаңа туған балалардың 80 пайызы сүндеттеледі екен. Ал Израильде бұл көрсеткіш 98 пайызға жетіп отыр.
Тазалық мәселесіне келер болсақ, бірде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиюіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – деген (Бухари, Муслим риуаяты).
Міне, осыны қатаң ескерген қазақ баланың да зәріне сақтық танытып, кішкентайынан тазалығына көңіл бөлген. Сол себепті, «әпшу берші» деу тек атаның сұрайтын дүниесі емес, атасы мен енесінен бөлек тұратын ерлі-зайыптылардың да әдетке айналдыратын әрекеті болуы керек дейміз…
Осының бәрін жиып-тергенде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың сөзінде жатыр» дегеніне бас шайқаудан басқа ештеңе де қалмады. Қазақтың сөзінде де, ишарат еткен әр әрекетінде де ғылым жатқанына дау айта алатын біреу бар ма?..
Салтан САЙРАНҰЛЫ