АР-ҰЯТ ТУРАЛЫ, Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ

19 қазан 2023 3379 0
Оқу режимі

Ол ұят, –деді сол қазақ қарт, –

Өлсең де ожданнан безінбе!

Жас жігіт күлді оны мазақтап:

– Ұятың нан болса, езіп же.

– Жеп келем, жеп келем туғалы!

Адам боп жүргенім сондықтан, –

Деп қария тепсініп тулады.

Әттең тек жігіт жоқ оны ұққан.

– Мен емес ұят деп өлетін, –

Деді сол айтысты тұжырып.

Қарт та жоқ оп-оңай көнетін,

Жыққандай сөзі оны жүз ұрып.

– Сен де бір өліксің ендеше,

Тірі боп жүрсең де санақта.

Адам ол өледі мен десе

Ұяттан айырылған сағатта...

Бұл сөзді естідім атүсті,

Білмеймін сыры не, кім олар?

Қарт неге айтысқа қатысты?

Жігітте қаншама кінә бар?

Әйтеуір шал сөзі жөн еді,

Ақ атта дегені ағат па?

Иә, адам тірілей өледі

Ұяттан айрылған сағатта.

Ұят та – зор парыз, зор сүннет,

Секілді биіктік қиялы.

Бөбегі ғұмырлы болсын деп,

Ата-ана құлаққа құяды.

«Ұят» деп жұбатты жыласақ,

«Ұят» деп тоқтатты шуласақ.

Тіл қатпай тістендік, құласақ,

Сол сөзден тыншыдық, туласақ.

Ашығып, арды асқа сатпадық.

Асығып, жолдастан безбедік.

Ерініп, еңбексіз жатпадық,

Ерігіп, есерлік кезбедік.

Ұят ол тірлікпен бір келді,

Ұятты ұққан соң тіл шықты.

«Ұят» деп тәніміз бүркелді,

Ұяттан жанымыз түршікті.

Күштілер күшінен ұялды,

Ерен ер еркінен қысылды.

Ұлылар кішіден ұялды,

Сұлулар көркінен қысылды.

Ұятпен адамдық өлшенді,

Ұятпен надандық өлшенді,

Ұятпен адалдық өлшенді,

Ұятпен арамдық өлшенді.

«Ажалдан әркім-ақ бір өлер,

Ұяттан бір емес, күнде өлер.

Ұят ол – өлімнен күшті» деп,

Ұятқа ежелден түнеді ел.

Осылай болды да, болады

Кеше де, бүгін де – әр кезде.

Осылай болды да, болады

Адамда адамдық бар кезде.

Пікірлер Кіру