«АРҒЫМАҚТЫҢ БАЛАСЫ АЗ ОТТАР ДА, КӨП ЖУСАР...»

23 сәуір 2024 1540 0
Оқу режимі

«Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар,

Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар», – деуші еді Махамбет Өтемісұлы.

Бізге салсаң, екеуінен де жұрдаймыз. Сондықтан да, не деп ақыл айтамыз?

Одан да, сөзді дуалы ауыз жандарға, Алланың әулие құлдарына бергенді жөн көрдік.

 ИМАМ ҒАЗАЛИДІҢ «АЗ ЖЕУДІҢ ПАЙДАЛАРЫ» жайлы айтқан кеңестері мен ақылдарына құлақ түре отырайық.

Пайғамбарымыздың: «Асқазанын аузы-мұрнына дейін толтырған жанға көктердің мәләкуты (бес сезім мүшесімен біліп болмайтын періштелер мен рухтар әлемі) көрсетілмейді», – деген хадисін алдыға тартқан Имам Ғазали аштық пен аз тамақ жеудің он пайдасының біріншісі мынау дейді:

«Бірінші пайдасы: Аштықта жүрек саф және нұрлы болады. Ал тоқшылық – адамның жүрегін көр етіп, ой ойлап, пікір жүгіртуіне тұсау болады.

Көп тамақ жеуден пайда болатын бу миға шауып, адамның ақымақ болуына жол ашады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Аз күлумен жүректеріңді тірілтіңдер. Аштық және аз жеумен тазаланыңдар. Өйткені, жүрек аз жеумен саф және жұмсақ болады».

Сондай-ақ, былай деген:

«Тыңқия тамақ жеу арқылы жүректеріңдегі мағрифат нұры сөніп, хикмет нұры көзден ғайып болмасын. Өйткені, мағрифат – жәннат жолы. Ал аз тамақ жеу де – жәннаттың қақпасын қағу боп табылады».

Демек, жүрек көзінің ашылуы мен хикмет қазынасының табылуы – аз жеуге байланысты болса, жүректің қатаюы мен көрлігі тоқтыққа байланысты екен.

Хакім Абайдың:

«Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық –

Аздырар адам баласын...», – деуінің мәнісі де осы болса керек.

Қазақта «ұйқы – арсыз, тамақ – арсыз, күлкі – арсыз» деген сөз бар. Бұл сөз Имам Ғазалидің келтірген мына хадисінен қалса керек:

 «Алла Тағаланың құзырында ең мәртебелі болғандарыңыз – көп ойланып, аз тамақтанатындарыңыз. Ал Алланың құзырында ең сүйкімсіздеріңіз – көп тамақтанып, көп күліп және көп ұйықтайтындарыңыз», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.). Демек, хадистің бірінші бөлігінен мәлім болғандай, ойлану мен көп тамақтанудың арасында бір байланыс бар екен. Бұл байланысты да Имам Ғазали былай деп тілге тиек етеді:

«Екінші пайдасы: Аз тамақтанудан ой-пікір мен жүректе сезімталдық пайда болады. Бұдан адам зікір мен дұғаның ләззатына қауышады.

Ал көп тамақтанудан жүрек қатайып, қатыгездік пен қайғы пайда болады.

Жүнәйд Бағдадидің айтуынша, дастарханды өзі мен Алланың арасында перде еткен адам мінәжаттың ләззаты мен дұғаның ақиқатына жете алмайды».

Аштық пен жүректің сезімталдығы арасындағы байланысты, сонын нәтижесінде дұға мен мінәжаттың ләззатын сезіну секілді мәселелерді көпшілігіңіз Рамазанның ауызашар дұғасында байқаған боларсыздар.

Жалпы, аштықта жүректің үзілуге шақ қалардай өте сезімтал әрі нәзік болатынын қазақтың қатты ашыққанда «жүрек жалғап алайыншы» дегенінен-ақ байқай берсеңіздер болады.

Ендеше, келе жатқан Рамазан дұға мен мінәжаттың ләззатын татудың керемет мүмкіндігі екенін естеріңізге саламыз.

«Рамазан айы кіргенде, жәннат есіктері ашылып, жәһәннам есіктері жабылып, шайтандар кісенделеді», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінде.

Рамазан мен шайтандардың кісенделуінде қандай байланыс бар деуіңіз мүмкін?

Оның да жауабы мына бір хадистен түсінікті болатын секілді.

Имам Ғазали өзінің еңбегінде Пайғамбарымыздың мына хадисін келтіреді: «Қанның тамырларда айналғанындай, шайтан да адамның денесінде осылайша айналады. Олай болатын болса, сіз де аз тамақтану арқылы шайтанның жолдарын тарылтыңыз».

Демек, Рамазанда адам күні бойы аш жүргендіктен, шәһуат қуаты да бәсеңдеп, нәпсісі де әлсірейді. Осылайша «іштегі жау» нәпсі – шайтанға іштен есік ашып бере алмай, шайтанның да аяғына тұсау, қолына кісен түсіп, адамды оңайшылықпен азғыра алмай, діңкесі құриды екен.

«Қарыны тоқтықтың» адамды қалайша аздыратынын да осыдан көреміз. Ендеше аз тамақтанудың Имам Ғазалиден тағы да бір пайдасына құлақ түре отырайық:

«Үшінші пайдасы: Тоқтықтан пайда болған жаман ниет, аш көздік, қанағатсыздық және ғапылдық – жәһәннамның оты тәрізді.

Аз тамақтанудан адамда дәрменсіздік, әлсіздік сезімдері пайда болады, бұдан құл өзін Алланың алдында дәрменсіз және әлсіз бір жандай көреді.

Бұл әлемдегі барлық қазыналар Пайғамбарымызға (с.а.у.) ұсынылғанда, ол бұлардың ешбірін қабыл етпей:

«Бір күн аш, бір күн тоқ жүруді әлемдегі барлық қазыналардан да қатты сүйемін. Себебі, аш болған уақытымда сабыр етемін, тоқ болған уақытымда шүкір етемін», – деген.

Демек, мұсылман үшін тоқтық емес, аштық байлық екен. Себебі, мұсылман байлықты материалдық дүниемен емес, рухани дүниемен есептеген.

Имам Ғазали Пайғамбарымыздың: «Көп жеп-ішумен жүректеріңді өлтірмеңдер. Өйткені, жүрек егін секілді. Көп суғарсаң, шіріп кетеді», – деген хадисін келтіріп, аз тамақтанудың келесі бір пайдасын айтады:

«Төртінші пайдасы: Тым тоя тамақ жеген адам аштардың жағдайын түсінбей, оларды ұмытады.

Мейірімділік сезімдері жойылады.

Ақыреттің азабын естен шығарады.

Аз тамақтанып, аш болған уақытта жәһәннам иелерінің тартқан аштығы мен шөлін ақыл-есінен шығармайды. Ғапылдыққа түспейді және ақырет сапарына көркем түрде дайындалады.

Хазіреті Жүсіп пайғамбарға (а.с.): «Сен қазынаның құлағын ұстап тұрсаң да не үшін аш жүресің?» – деген екен. Сонда Жүсіп:

«Егер тоқ болсам, аштардың жағдайын ойламас болып, олардың қиындықтарын ұмытамын ба деп қорқамын», – деген екен.

Міне, ораза ұстаудың бір химеті де – аштың халін түсініп, оларға қарайласу екен.

Баяғыда интернатта оқып жүріп ауылға келгенімде, анам барлық жылы-жұмсағын алдыма әкеп тартып, «же-жеге» салатын. Интернаттың нормасына үйреніп қалған мен көп жей алмай, шұқылап қана қойғанымда, анам: «Бір ішек боп қапсың ғой, балам-ау», – деуші еді.

Сөйтсем, «бір ішек болу» деген сөз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисінен келеді екен ғой: «Мү’мин бір ішекпен, ал мұнафиқ жеті ішекпен жейді», – дейді ардақты Елшіміз.

«Яғни, мұнафиқтың (екіжүзді) араны мен тамақ жеуі – мү’миннің тамақ жеуінен жеті есе көп деген сөз», – дейді Имам Ғазали. Сөйтеді де бізге аз тамақтанудың келесідей пайдаларынан сөз етеді:

«Бесінші пайдасы: Барлық бақыттың басы – адамның өз нәпсісін тізгіндеуі және оны өз билігіне алуы.

Ал барлық бақытсыздықтың басы – нәпсілік қалауларының құлы болу.

Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді.

Барлық жамандық пен күнәлар шәһуаттан келеді. Ал шәһуаттың қайнар көзі – тоқтық.

Хазіреті Айша (р.а.): «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейін шыққан ең алғашқы бидғат – тыңқия тамақ жеу», – деген.

Көп тамақтанған жан көп сөйлеп, көп өсек айта бастайды.

Қалаулары көбейеді.          

Өзгелердің кемшіліктерін іздеумен айналысады.

Ұятты жерін арсыздықтан қорғаса да, көзін харамнан қорғай алмас болады.

Аз тамақтану және аш қалу арқылы адам өзін бұл бәлелердің бәрінен қорғай алатын болады».

Жалпы, бүркіт баптайтындар жақсы біледі, бүркітті қолға үйрету үшін оған томаға кигізіп, теңселмелі бақанға отырғызып, әлгі бақанды тыныштық бермей жіппен әрі-бері тербетіп, бүркітті бірнеше күн аш және ұйқысыз қалдырады. Бүркіт әлсіздіктен талықсып құлаған кезде ғана қолға үйрене бастайды.

Дәл осы секілді нәпсі де – қолға үйретілмеген, асау, жабайы бір аң тәрізді. Оны қолға үйрету үшін де айналадан бір сәтке оңашалап, жүректің тұнығын лайлайтын көз, асқазан, құлақ секілді каналдарды жауып, аш және ұйқысыз қалдыру керек. Сол кезде ғана нәпсі айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей жағдайға келеді.

Ендеше, Рамазан нәпсіні тәрбиелеудің тамаша бір мүмкіндігі десек те болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Жәннаттың қақпасын жиі қағыңыздар!» – дейді. Сонда Айша анамыз (р.а.):

«Жәннаттың қақпасын немен қағамыз?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз да:

«Аштықпен және шөлмен», – деп жауап береді.

Имам Ғазали Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы хадисін келтіріп аз тамақтанудың келесідей пайдаларын атап өтеді:

«Алтыншы пайдасы: Аз тамақтанған жанның ұйқысы да жеңіл болады және аз ұйықтайды.

Аз ұйықтағандығы үшін де түнгі ғибадаттарына бөлетін уақыты да болады. Пікір (тәфәккүр) және зікірмен (тәзәккүр) айналысу арқылы жоғары дәрежелерге жетеді.

Көп тамақтанатын адамды ұйқы басады және көп ұйықтайды.

Өлі секілді серейіп жатады.

Қадірлі өмірінің көп бөлігін босқа өткізген болады.

Жетінші пайдасы: Аз тамақтанған адам қанағатшыл болады.

Іліммен және амалмен айналысуға уақыты көп болады.

Көп тамақтанатын адам уақытының көбін сол тамағына қол жеткізу үшін сарп етіп, уақытын ысырап қылады.

Әбу Сүлейман әд-Дарани былай дейді: «Тоя тамақ жеген адамда мына халдер пайда болады:

– Ғибадаттан ләззат алмайды;

– Құран жаттауы және жаттағандарын ойында сақтауы қиындайды;

– Әркімді өзі секілді тоқ деп ойлағандығы үшін адамдарға деген мейірімділік сезімі азаяды;

– Жүрегі қатаяды;

– Шәһуаты артады;

– Мү’миндер мешіттердің айналасында жүрген уақытта, ол дәретханаларды жағалап жүреді».

«Сегізінші пайдасы: аз тамақтанумен дене сау болады.

Бірқатар аурулардан, дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындардан, дәрігерлерден құтылады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Ораза ұстаңыз, деніңіз сау болады», – дейді.

Тоғызыншы пайдасы: Аз тамақтанғанның шығыны да аз болады. Ондай жандардың артық мал-мүлікке де қажеттілігі болмайды.

Барлық бәлелер, күнәлар және рухани дерттер мал мен ақшаға деген қажеттіліктен туады.

Күнде жақсы және көп тамақ қалайтын жан ол тамақтың қалайша дайындалғанына мән бере бермейді. Харам ба, халал ма, оған көп бас қатырмайды. Қалай қол жеткізгенін зеттеумен айналысатындай уақыты да болмайды. Сол себепті күмәнді және харам ас жеуден тартынбайды.

Оныншы пайдасы: Аз тамақтану арқылы өз нәпсісімен күресте жетістікке жеткен жан мал-мүлкінен садақа беруге, пақырларды жарылқауға, сабырлы және қанағат иесі болуға шамасы жетеді.

Асқазанға түскен әрбір астың соңғы барар жері – дәретхана.

Ал садақа мен зекет ретінде берілген әрбір нәрсенің соңғы жетер жері – Аллаһ Тағаланың сый-сияпаты.

Пайғамбарымыз қарны шыққан семіз адамды көріп: «Бұл қарынға салған нәрсені басқа жерге (садақа ретінде) бергенің сен үшін қайырлы болар еді», – дейді».

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер Кіру