АРТЫҚ САУСАҚТЫ АЛУДЫҢ ҮКІМІ

24 шілде 2024 1271 0
Оқу режимі

  بسمم الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Кейбір адамдардың қол немесе аяғының бір саусағы артық болып туылады. «Артық саусақ адамның бір ағзасы ма әлде негізгі жаратылысында туындаған кемшілік пе?» деген мәселеде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Кейбір ғалымдар мұны адамның негізгі ағзасы ретінде санап, артық саусақты ота жасату арқылы алуға тыйым салған[1].

 Өйткені бұл «Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту» деп есептеген[2].

 Алайда жумһұр (көпшілік) ғалымдардың көзқарасы бойынша адам бойындағы артық саусақты алуға рұқсат етілген. Артық саусақты алудағы мақсат – адамның табиғи жаратылысын қайта қалпына келтіру және туа бітті кемістікті жою[3].

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ نَهَى عَنْ النَّامِصَةِ وَالْوَاشِرَةِ وَالْوَاصِلَةِ وَالْوَاشِمَةِ إِلَّا مِنْ دَاءٍ «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қас терушіге, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқанға, шаш жалғаушыға, денеге сурет салушыларға тыйым салғанын, тек дертке шалдыққанның жөні басқа дегенін естідім» [4], – деп айтқан.   

Имам Шәукани (Алла оны рақымына алсын): «Дертке шалдыққанның жөні басқа» деген сөз аталмыш іс-әрекеттерді әдемі көріну мақсатында жасаса, харам болатынын білдіреді. Ал емделу мен кемістікті жою мақсатында болса, харам саналмайды»[5], – деген.

 Имам Табари (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселеге қатысты былай деген: «Әйелдің күйеуіне немесе өзге біреуге әдемі көріну мақсатында Алланың жаратқан жаратылысын (артық не кемітіп) өзгертуіне болмайды. Алайда артық саусақ иесіне зиян келтірсе, алуға рұқсат етіледі»[6].

 Ханафи мәзһабының ғалымдарының пікірінше, бір кісі басқа біреудің артық саусағын рұқсатсыз кессе, оған «хукумәту әдл»[7] бекітіледі, кек алынбайды.

Артық саусақтың пайдасы болмаса да, әдемі көрінбесе де, адамның бір бөлігі болғандықтан оған құрмет ретінде осылай шешім шығарылған[8].

 Егер оны иесінің рұқсатымен алса немесе туыстарының келісімімен кессе, ешқандай құн төлемейді[9].

 Фәтәуә Қадиханда: «Егер артық саусақты кесу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деген ой басым болса, оны алмайды. Өйткені өзін қауіп-қатерге итермелеген болады. Ал отаның сәтті шығуына сенімді болса, алуға рұқсат етіледі»[10], – делінген. 

 Ислам фиқһ академиясының пластикалық операцияға қатысты 2007 жылы Малайзияда өткен 18-ші отырысының №173 (11/18) қарарында: «Артық саусақ, саусақтың жабысып қалуы т.б. секілді тума кемістіктер адамның физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян шегуіне алып барса, зәрулікке және қажеттілікке орай, кемістікті жою мақсатында оған пластикалық ота жасауға рұқсат етіледі»[11] делінген.

Адамның қол не аяғындағы артық саусақ иесіне зиян келтіріп, қимыл қозғалыста ауырса немесе жұмыс істеуге кедергі келтірсе, сондай-ақ оны сол қалпында қалдырған жағдайда өзгелердің оған таңырқап қарауы яки кемсітуі моральдық тұрғыдан ауыр тисе, артық саусақты алуға рұқсат етіледі[12].

Алайда мынадай шарттар табылуы тиіс:

 –     Ағзаның қалыпты жаратылысынан артық болуы;

 –     Физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян келтіруі;

 –     Иесінің немесе туысының рұқсаты болуы;

–     Реципиентке зиян келтірмеуі (басқа дене мүшелеріне зиян тигізбеуі, қызметін әлсіретпеуі)[13].

 Адамның кесілген дене мүшелерін жерге көму – мұстахаб[14].  

 ҮКІМ:

1.              Артық саусақ кемістік болып саналады. Оны төмендегі шарттар негізінде алуға рұқсат етіледі:

 –                       Ағзаның қалыпты жаратылысынан артық болуы;

 –                       Физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян келтіруі;

 –                       Иесінің немесе туысының рұқсаты болуы;

–                       Саусақты кесу өзге ағзаға зиян келтірмеуі.

2.              Кесілген артық саусақты аяқ баспайтын жерге көму – мұстахаб.

3.              Алланың жаратқан жаратылысын әдемі көріну мақсатында өзгерту – харам.  

 

 

 [1] Мәрдауи, әл-Инсаф, 1/125.

 [2] Али Мухиддин әл-Қардағи. Али Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 530.

[3] Фиқһу ән-нәуәзил, 174.

 [4] Ахмад, №3945. 7/57. Нәйлу әл-әутар мин әхәдиси сәйиди әл-әхйар, 5/201. №2769.

 [5] Нәйлу әл-әутар, 5/203.

 [6] Фәтху әл-бәри, 10/377. Умдату әл-қари, 19/125. Құртуби, әл-жәмиғ ли ахкәми әл-Құран, 5/395. Нәуауи, шарх сахих Муслим, 14/106.

[7] Хукумәту әдл – имамның (басшының) жарақаттауға белгіленген құны жоқ арнайы бекіткен төлем мөлшері.

 [8] Ихтияр ли тәғлили әл-мухтар, 4/320. Фәтху бәби әл-инәя, 3/361. Әл-жәуһарату ән-нира, 2/171. Радду әл-мухтар, 10/245.

 [9] Фиқһу ән-нәуәзил, 174. Фәтәуа Қадихан, 3/410-411.

[10] Фәтәуа Қадихан, 3/410-411.

 [11] https://iifa-aifi.org/ar/2283.html

[12] http://dar-alifta.org/Home/ViewFatwa?ID=11555

[13] Әхкәму жәрәхәти әт-тәжмил, 571. Али Мухиддин әл-Қардағи. Али Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 530.

[14] Әл-Бахру әр-райық, 7/12. Әл-Мәжмуғ, 1/289. Тухфәту әл-мухтаж, 9/379. Әш-шәрху әл-кәбир, 1/104.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=1085

Дереккөз: пәтуа.кз

Пікірлер Кіру