АШУРА – МҰХАРРАМ АЙЫНЫҢ ОНЫНШЫ КҮНІ

15 шілде 2024 2241 0
Оқу режимі

Мұсылман күнтізбесі бойынша 1446 жылдың алғашқы мұхаррам айы 2024 жылдың 7 шілдесінен басталды. Мұхаррам айындағы қасиетті Ашура күні – мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. Биылғы ашура күні шілде айының 16-на тура келіп отыр. «Мұхаррам» сөзі қасиетті, тыйым салынған дегенді білдіреді. Бұл ай Құранда айтылған қасиетті төрт айдың бірі болып саналады. Алла Тағала Құранда «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Шын мәнінде, Алланың құзырында айлардың саны он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі соғысуға тыйым салынған айлар: зұлқағда, зұлхижжа, мұхаррам және ражаб», – деген.

Алла Тағала көп дұғаларды Ашура күні қабыл еткен. Хазіреті Адамның тәубесінің қабыл болуы, хазіреті Нұхтың топаннан құтылуы, хазіреті Юнустың балықтың қарнынан шығуы, хазіреті Ибраһимнің отта жанбауы, хазіреті Идристің тірідей көкке көтерілуі, хазіреті Яқубтың ұлы хазіреті Юсуфқа қауышуы, хазіреті Юсуфтың құдықтан шығуы, хазіреті Әюбтың аурудан құтылуы, хазіреті Мұсаның қызыл теңізден өтуі, хазіреті Исаның туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі Ашура күні болған.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын жеткізген хадисте:

 «Кімде-кім Мұхаррам айының 10-шы күнін, яғни Ашура күнін оразамен өткізсе, он мың періштенің, он мың қажылық пен ғұмраның, он мың шәһидтің сауабын береді және сол күні бір жетім баланың басынан сипаса, сол баланың басында қанша шаштың түгі болса, соншалықты дәрежесін көтереді, ал сол күні ашура күнінің құрметіне ораза ұстаған адамның аузын аштырса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бүкіл үмметіне ауыз аштырып, тойдырғандай сауап алады. Осыны естігенде сахабалар:

 «Я, Расулулла, сонда Алла Тағала осы күнді басқа күндерден артық қылған ба?» – деп сұрағанда, «Әлбетте, себебі Алла Тағала осы Ашура күні жеті қат аспан мен жеті қат жерді және таулар мен көлдерді, Адам (ғ.с.) мен Хауа анамызды, жұмақты жаратқан күн және сол күні пенделерін жұмаққа кіргізетін күн. Ибраһимнің (ғ.с.) туған күні, оны (ғ.с.) Намрудтің отынан құтқарған күн және Ибраһим (ғ.с.) осы күні:

 «Шіркін, балам болса, сол баламды құрбандыққа шаламын деп уәде еткен күн. Перғауынның суға кеткен күні, Аюбтың (ғ.с.) дертінен айыққан күні, Алла тағала Адамның (ғ.с.) тәубесін қабыл қылған күн, Сүлейменге (ғ.с) жер бетінің мүлкі қолына берілген күн, Идрис (ғ.с.) пен Исаның (ғ.с.) көкке көтерілген күні және қиямет күні осы күні болады». Абдула ибн Аббас риуаят еткен тағы бір хадисте:

 «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына һижрет қылып келгенде, сол жердегі яһудилердің ораза ұстап жүргенін көргенде олардан ораза ұстауларының себебін сұрайды. Сонда олар: «Осы күні Алла тағаланың Перғауынға қарсы Мұсаға (ғ.с.) жеңіс сыйлаған күні дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсаға (ғ.с.) сендерден гөрі біз лайықпыз», – деді және бізге сол Ашура күні ораза ұстауды бұйырды».

 Кейбір ғұламаларымыз айтқан: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне он керемет берілген, олар:

1. Ережеп айы.

2.Шағбан айы.

3.Рамазан айы.

4.Қадір түні.

 5.Пітір айты.

6. Қажылық айының алғашқы 10 күні.

7.Арафа күні.

8. Құрбан айт күні.

9.Күндердің мырзасы болған Жұма күні.

10. Ашура күні.

Ашура күні жасалатын амалдар

 Ораза тұту. Ашура күні ораза тұту – сүннет. Хадис шәрифте: «Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнәлары кешіріледі». (Муслим, Тирмизи, И. Ахмед, Табарани)

Пайғамбарымыз осы күні түс уақытында былай деп бұйырды: «Бәріне естіртіңдер! Бүгін бір нәрсе жеген адам, кешке дейін ешнәрсе жемесін, аузы берік секілді жүрсін! Әлі ешнәрсе жемеген адам ораза тұтсын! Өйткені бүгін ашура күні» (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд).

 Пайғамбарымыз осы күні бір құрманы мубәрәк аузымен суландырып балалардың аузына беретін. Балалар Расулулланың мұғжизасы ретінде кешке дейін ешнәрсе ішіп-жемейтін еді. Бұл күнде кейбір жануарлар да ешнәрсе жемей жүретіні білдірілген. Бір аңшы Ашура күні бір киікті ұстап алады. Киік балаларын емізіп кешке қайтып келуі үшін Расулулладан (с.ғ.с.) шапағат сұрайды. Аңшы киікке кешке дейін қалмай емізіп дереу қайтып келуін айтқанда киік:

 «Бүгін Ашура күні. Бұл күннің құрметіне балаларымызды емізбейміз. Сондықтан мен кешке келу үшін рұқсат сұрадым», – дейді. Мұны естіген аңшы киікті пайғамбарымызға сыйға береді. Пайғамбарымыз киікті босатып жіберген екен.

 

Туысқандарға қонаққа барып, зиярат ету. Туыстарға қонаққа барып, оларға сыйлық алып әртүрлі көмектермен көңілдерін аулау керек.

 Білім үйрену. Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын Исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде:

 «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған.

Садақа беру – сүннет, яғни ғибадат. Шариғат бойынша әл-ауқаты жоғары мұсылмандардың садақа беріп-бермеуі өзінің еркіне қалдырылған. Алайда, аят-хадистерде жоқ-жітік пен кедей-кепшікке қарайласудың сауабы мол екендігі айтылады. Иса (с.а.у): «Қайыршының қолын қаққан жанның үйіне періштелер жеті күн бойы келмейді», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Садақа беруге асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды” (Табарани, Бәйхақи).

Көп сәлем беру. Жалпы, сәлем беруші адам:

“Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”, – деп айтуы мустахаб, яғни жақсы, ал жауап қатушы адам: “Уа ғаләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ”, – деп жауап қатады. Бұлай сәлемдесу отыз жақсылыққа тең. Бір күні Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан бір адам өтіп бара жатып:

 “Әссәләму ғаләйкум”, – деп, өтіп кетеді. Сонда ол кісі (с.а.с): “Он жақсылық жазылды”, – дейді. Біраз уақыттан кейін басқа бір адам өтіп бара жатып:

 “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ”, – деп, өтіп кетеді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Жиырма жақсылық жазылды”, – дейді. Біраз уақыттан соң үшінші адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”, – деп, өтіп кеткенінде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

 “Отыз жақсылық жазылды”, – дейді. (Нәсәи, Бұхари “Әдәбул муфрад”. Сахих /сенімді/ хадис).

Отбасы, бала-шағасын қуанту. Бала-шағаға жақсылық ету керек! Хадис шәрифте былай бұйырылған:

 «Бала-шағаларыңа игілік етіңдер, ата-аналарыңның сендерде ақысы болғанындай, балаларыңның да сендерде ақысы бар» (Табарани). Тағы бір хадисте: «Кімде-кім Ашура күні отбасы мен үй-ішіне сый-сияпат жасаса, Алла тағала жыл бойы оның рызығына берекет пен кеңшілік нәсіп етеді».

Ашура күні оқылатын дұға Хадис шәрифте былай делінген: «Кімде-кім мухаррам айының алғашқы күнінде төмендегі дұғаны 3 рет оқыса, Алла Тағала ол адамды келесі мухаррам айына дейін барлық бәле-жаладан сақтайды: «Әлхамдулилләһи Раббил-аләмин. Уассалату уәссәламу ала сәйидина Мухаммадин уә ала алиһи уә сахбиһи әжмаин. Аллаһумма әнтәл-әбадиул-қадим, әл-хайул карим, әл-ханнан, әл-мәннан. Һазиһи сәнәтун жәдидәтун. Әсәлука фиһәл-исмәтә минәшшайтанирражим, уәл аунә ала һазиһиннәфсил-әммарати биссуи уәл-иштиғалә бимә юқаррибуни иләйкә, йа зәл-жәлали уәл-икрам, бирахматикә йа әрхамаррахимин. Уә саллаллаһу уә сәлләмә ала сәйидина уә нәбиинә Мухаммедин уә ала алиһи уә сахбиһи уә әһли бәйтиһи әжмаин». Мухаррам айы мен осы айдағы Ашура күні дінімізде, қала берді діндер тарихында ерекше орынға ие.

Ашура күні – Мұхаррам айының оныншы күні.

Хадис кітаптарында бұл күннің Ашура деп аталуының сыры осы күні Алла Тағала он пайғамбарға он түрлі сый бергендігінің нәтижесі екендігі айтылады.

 Олар:

Адам (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

Мұса (а.с.) пайғамбардың мұғжизасы. Ол осы күні теңізді жарып шығып, Перғауынды әскерімен қоса теңізге батырады.

 Нұх (а.с.) пайғамбар кемесін Жуди тауының үстіне осы күні тіреген.

Юнус (а.с.) пайғамбар балық ішінен осы күні құтылған.

Юсуф (а.с.) пайғамбар бауырлары тастаған құдықтан осы күні шығарылған.

 Иса (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген және осы күні көкке көтерілген.

Дәуіт (а.с.) пайғамбардың тәубесі осы күні қабыл болған.

Ибраһим (а.с.) пайғамбардың ұлы Исмаил (а.с.) пайғамбар осы күні дүниеге келген.

Яқуб (а.с.) пайғамбар ұлы Юсуф (а.с.) үшін қайғырып соқыр болған көздері осы күні қайта көре бастаған.

Әйюб (а.с.) пайғамбар науқасынан осы күні айыққан. Айша (р.а.) анамыз былай дейді:

 «Ашура жәһилия дәуірінде Құрайыш тайпасы арасында ораза ұстайтын күн болатын. Пайғамбарымыз да осыған сәйкес әрекет ететін. Мәдинаға һижра жасағаннан кейін де бұл оразаны жалғастырды және басқаларға да әмір етті. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін ғана Ашура күнгі оразаны тастады. Бұдан кейін мұсылмандардың қалағаны ұстап, қаламағаны ораза ұстамады».

Басқа бір риуаятта: «Қалаған кісі ұстасын, қаламаған ұстамаса да болады», – дегендігі айтылған.  Осының нәтижесінде Ашура күнгі ораза сүннет ораза ретінде қалды. Ашура күнгі оразаның артықшылығы Рамазан айындағы оразадан кейін тұрады. Бұған байланысты бір кісі пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қай кезде ораза ұстауыма насихат етесіз?» – деп сұрағанында, пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

 «Мұхаррам айында ораза ұста, өйткені ол – Алланың айы. Онда сондай бір күн бар, Алла сол күні бір қауымның тәубесін қабыл еткен және сол күні басқа бір қауымға да кешірім етеді», – деген. Сондай-ақ, Хазреті Хусейн 10 мухаррамда шәһид етілді. Бұл ұлы имамның шәһид болуы, әрине, бүкіл мұсылмандар үшін үлкен қайғы. Хазреті Омар, хазреті Осман, хазіреті Әли және хазреті Хамзаның шәһид етілуі де осы секілді үлкен қайғы.

Бірақ пайғамбарымыз хазреті Хамзаның шәһид етілген күнінде аза (траур) тұтпады. Аза тұтуды да әмір етпеді. Аза тұту тыйым болмағанда, бәрінен бұрын пайғамбарымыздың өлімі үшін аза тұтылатын еді.

Алла Тағала баршамызға рахметін жаудырып, туралық пен тазалық нәсіп етсін, әмин!.

 

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
 Kazislam.kz

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру