Ата-анаңа жасағаның міндетті түрде алдыңнан шығады

04 қыркүйек 2020 8251 0
Оқу режимі

Қайсыбір ата-ана болмасын дүниеге ұрпақ әкелгеннен кейін тәлімді тәрбиесін беруді мақсат етеді. Қолынан келгенше баласын байсалдылыққа үйретіп, табандылыққа баулып, жақсы нәрселердің бәрін бойына сіңіре берсе екен дейді. Ұлын намысына, қызын ұятына балап, өскен сайын үмітін ақтар ұрпағын көргісі келеді. Міне сондықтан да ешбір ата-ананың балам жаман болсын демейтіні осыдан болса керек. Қалай десек те бала тәрбиесіне бей жай қарамайды.

Жақсы әдеп, жақсы сөзді баланың бойына көбірек сіңірсе, баланың санасы кемелденіп тәрбиелі де, тәртіпті бола түседі. Ақылы да толығып, ойлау жүйесі де біршама жақсарары анық. Міне, осы тұста ата-ананың әрбір әрекеті, сөзі, қимылы, әдебі және т.б. игі өнегелері бірден бір үлгі болмақ. Ол үшін бауыр етіңіз балаңызға ұрса көрмеңіз. Ел аузында жүрген мына бір ғибратты әңгімені мысал етіп көрейік.

Бірде әкесі мен баласы жолда келе жатады. Келе жатса жол үстінде жатқан тағаның сынған бір бөлігін әкесі көзі шалып қалады. Әкесі баласына: «Балам жолда жатқан темірдің сынығын ала салшы, керек болып қалар» дейді. Сонда баласы: «Әке сынған темір неге жарар дейсіз» деп алмай кетеді. Әкесі сабырлы күйде темірді өзі алып, дорбасына салып алады. Ол темірді жолдағы темірші ұстаға өткізіп, алған ақшасына аздаған шие сатып алады. Шиеден баласына ұсынбастан өзі жеп кете береді. Жолда әдейі бір шиені жерге тастап кетеді. Артында келе жатқан баласы оны алып жейді. Кейін тағы біреуін тастайды. Баласы тағы алып жейді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Сонда барып әкесі баласына қарап: «Көрдің бе, балам!? Сен жаңағы бір рет еңкеюдің орнына он еңкейдің. Ол темір жарамсыз болса саған ала сал деп айтпас та едім. Әкенің сөзін тыңдауың ақылдылығыңнын белгісі» деп түсіндірген екен. Тағылымы мол оқиға деп ойлаймын. Байқағанымыздай әкесі баласының қателігін ұрысып бетіне баспастан жай қарапайым мысал арқылы жеткізе білді. Міне, бұдан тәрбиенің ұрсумен емес, жылы сөзбен, жақсы мысалдармен жақсы сіңетінін көреміз.

***

Кейбір ата-аналар баласының өтірік сөйлейтінін айтып шағымданып жатады. Ешбір сөзіне сене алмайтын жағдайға жеткенін де жасырмайды. Бұл жерде ата-ананың да салғырттығы мен кемшілігі бар да болар. Себебі дана Абай өзінің оныншы қара сөзінде былай дейді: «Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» Бұдан байқағанымыздай бала алдында айтар сөзіміздің де ойланып бары шыққаны абзал екен.

Мұндай жағдай бала тәрбиесінде бірден-бір үлгі бола білген тұлға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да өмірінде де кездескен. Бірде сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а.) күндердің күнінде дәм-тұз тартып Мәдинаға хижрет етеді. Қасында ұлы Абдуллаһ бар болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйінде отырған кезінде Ләйла (р.а.) анамыз сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:

– Балам, келе қойшы, саған бір нәрсе берейін? – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу одан:

– Ұлыңызға не бермексіз? – деп сұрады.

– Құрма берейін деп едім, – деп жауап қатты әйел.

Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.):

– Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, – деп ескертті.

***

Берік отбасының негізі – ата-ана болып табылады. Сол секілді әрбір ата-ана өзінің көзі тірі әке шешесіне жақсы қарап та өз ұрпағына үлкен үлгі көрсетеді. Қазақтың «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді» дейтұғыны болушы еді ғой. Ал қазір кейбір ата-ана балаларының көзінше өзінің қартайған әкесін немесе анасын қарттар үйіне өткізіп, не болмаса олардан бөлек шығып, әке шешесінің көңілін қалдырып жатады. Ертең өзінің де басына сондай күн туарын білмейді-ау, сірә.  Еретеректе үлкен бір елдің патшасы: «Қартайған әке-шешелеріңді өлтіріп, көздерін құртыңдар. Қартайған кәрі кісілерден ештеме күтуге болмайды. Қоғамға пайдасы жоқ», – деп бұйрық береді. Бәрі патшаның бұйрығын орындап, кезек бір жас жігітке келеді. Ол жігіттің кәрі әкесі бар еді. Сол әкесін жардан лақтырып, көзін құртайын деп жатқанда әкесі күледі. Күлуінің себебін сұрағанда былай дейді: «Кезінде мен де әкемді сен сияқты жардан құлатқан едім. Енді міне басыма келді».

Әлгі жігіт өзінің басына осындай заман келерін біліп, әкесін патша нөкерлерінен жасырып, сандыққа салып бағады. Бір күні ол елге үлкен қуаңшылық келеді. Сол апаттан құтыла алмай елдің мазасы кетіп, патша үнсіз қалады. Сонда әлгі жігіттің әкесі оның жолын айтады. Бір топ сиырды айдап апарып олар тоқтаған жерден үлкен құдық қазуын бұйырады. Сонда ел қуаңшылықтан құтылады деген ақылын жайып салады. Соның бәрін жүзеге асырғанда ел расында да бәледен құтылады. Жігіт сонда бұл ақыл-кеңесті өзінің тығып асыраған әкесінің айтқанын білдіреді. Содан кейін патша қарияларды сыйлап, оларға өле-өлгенше қызмет етуін, сонда қандай ел болмасын қарт кісілердің ақыл-кеңесі арқылы түзелетінін жар салады. Міне, қартайып қауқары аз болса да, көпті көріп таусылмас қазынадай ақыл жинаған қазыналы қарттарымыздың қоғамға деген пайдасы осы. Бірақ ата-ананың қоғамға деген жақындығы бұнымен ғана өлшенбейді.

Ата-ананың балаға деген мейірімі шексіз болғанына не жетсін!  Баланың да ата-анаға деген құрмет, қадірінің артқанынан асқан бақыт жоқ шығар.

Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру