АТЛАХ ШАЙҚАСЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ИСЛАМ НҰРЫН ӘКЕЛДІ

12 сәуір 2024 1705 0
Оқу режимі

751 жылы қазіргі Талас өзенінің маңында Орталық Азиядағы ұлт-ұлыстарға  мәдени және саяси аса маңызды өзгерістер әкелген тарихи шайқас болды. Ол шайқас қатысқан әскер саны, қамтылған аумағы жағынан аз болғанымен, тарихи маңызы жағынан Орталық және Орта Азия тарихына өте үлкен әсер етті.

Батыстан ислам халифатының арабтары, ал шығыстан Буддалық Таң елі зороастризм, манихей, буддизм және несторианизмге сыйынатын Жібек жолы қалаларын кезек-кезек жаулап ала отырып Талас өзенінің аңғарында бір-бірімен бетпе-бет кездесті.

https://kazislam.kz/atlah-shajqasy-ortalyq-aziyagha-islam-nuryn-akeldi/

Алғаш Араб-Соғды соғысынан басталып, Араб-Түргеш-Соғды соғысы болып кеңейген бұл шайқас сол қақтығыстардың шыңы болатын. Соғыстың соңына қарай Таң, Тибет және Қарлұқтардың қатысуы оны көпэтникалық сипатқа айналдырды.  Нәтижесінде түргештер мен соғдылықтар толығымен жеңіліп, этнос ретінде жойылып кетуге дейін құлдырады.

Атлах шайқасына дейін соғысқа қамтылған елдердің жағдайы қандай болды?

Арабтар

661 жылы Омейяд әулетінің халифалары мемлекеттік төңкеріс жасады. Олар бұрынғы әулеттері жасап келген сыртқы жиһадшылық соғыстарын жалғастырды.Исламдық арабтар батыстағы соғыстарда 724, 728 жылдары түргештен және соғдылықтардан қатарынан жеңілді. Содан кейін 732 жылы Франкфурттағы Поатада үлкен жеңіліске ұшырауы Еуропаның тағдырын шешкен тарихи шайқас болды.Шайқаста Батыс Арабияның әскери шапқыншылығы христиан европалықтардың біріккен күшімен тоқтатылды. Жеңілген арабтар өздерінің астанасы Дамаскідегі халифасына күмәндана бастады.Талас шайқасынан бір жыл бұрын, яғни 750 жылы қаңтарда Араб империясының шығыс бөлігінде Түргеш-Соғдымен соғысқан Хорасан лагеріндегі арабтар көтеріліс жасап, Дамаск орталығына шабуылдап, Омеяд әулетінің халифасын өлтіріп, жаңа Аббасид әулетінен халифа тағайындады. Төңкеріс жасаған көтерілісшілер Хорасандағы әскери базасын Дамаскіге көшірді, бұрынғы халифатқа қарсы соғысты жалғастырды, негізгі әскери күштерін Соғдиядан қайтарып әкеліп, оларды батысқа жіберді. Осылайша, Хорасандағы негізгі армия батысқа жіберу арқылы Түргешке қарсы шабуыл тоқтады.

 Соғысқа жаңа кірген Таң әулеті арабтар өз әскерлерін шығарып алған шекара қалаларын тез арада басып алды. Алайда Таң елінің Шаш қаласындағы аяусыз қырғыны қала тұрғындарын арабтардан көмек сұрауға мәжбүр етті. Таң еліне қарсы Арабтар Тибетпен одақ құрып, біріккен күшпен солтүстікке беттеген жолда Талас аңғарында бетпе-бет кездесті.

Таң елі

Таң елі араб шапқыншылығынан қашқан көптеген парсы және соғды босқындарын қуана қарсы алып, оларды мемлекеттік қызметте пайдаланды. Тибеттің иелігіндегі Балтильді (Памирді) 747 жылы Таң қолбасшысы Гао Сяньцзи екінші рет әрекетінде жаулап алды. Таң елі 748 жылы ұзақ жылдар бойғы соғыс салдарынан әлсіреген Түргешті басып алды. Келесі 749 жылы Тибеттің Таликан қаласын жаулап, өзіне қосты.

Ол Ыстықкөлдің (Қырғыз) солтүстігінен айналып, Түргештің Суяб қаласын алып, арабтардың билігіндегі Шаш қаласына (Ташкент) жақындады. Ол қаланы басқарып отырған соғдылық басшыны келіссөздер жүргіземіз деп алдап қолға түсіріп, қаланы басып алады және қолға түскен Шаш қаласының басшысын Чаньаньдағы патшасына жіберді.

Алданғанын біліп көтеріліске шыққан қала халқын генерал Гао Сяньцзи аямай қырып, қаланы қиратты. Қанды қырғыннан құтылып үлгерген Шаш қаласы әкімінің ұлы арабтан көмек сұрады.

Осылайша, 751 жылдың басынан арабтар алты ай бойы жорыққа дайындалып, Тибетке бірге соғысуға ұсыныс жасады. Памир мен қалаларынан айрылып қалған тибеттіктер арабтардың ұсынысын қабыл алып, әскер жіберді.

Таң генералы Гао Сяньцзи араб-тибет шапқыншылығын алдын ала болжап, біртұтас күшті тоқтату үшін өзіне тәуелді болған Көк Түріктің Қарлұқ аймағын және Шаш қаласының жауы Ферғанадан әскерлер шығартып, күшін қалыңдатып шайқасқа дайындала бастайды. Шілде айында  арабтар мен тибеттердің бірлескен шабуылы басталып, Таң елінің шекарасынан өтіп, арабтар Шашқа және тибеттіктер Ферғанаға бір уақытта шабуыл жасады. Арабтар Шаш қаласын жаулап алып, алға беттеген кезде Талас өзенінің жағасында Тан-Қарлұқ әскерлерімен кездесті.

Соғдылар

Парсыдағы зороастризмді ұстанатын Сасанидтер патшалығын 651 жылы арабтар толығымен жаулап алды, ал ол елдің соңғы патшасы Соғдияға қашып бара жатқанда өлтірілді. Өлген патшасын Ассирия ғұрпымен жерлеген патшазада өзінің қолдаушылармен бірге Соғды арқылы Таң әулетіне қашып кетті. Осылайша араб шапқыншылығынан қашқан парсылар мен соғдылықтардың дүрбелеңі басталды.

Көп ұзамай арабтар Орта Азиядағы зороастриялық-манихейлік Соғдия қалаларына басып кіре бастауы арқылы араб-соғды соғысы жалғаса берді.

Араб әлеміндегі саяси дағдарысқа байланысты соғыс екі рет үзіліс жасады. Соғды қарсылығын Батыс түрік патшалығы қолдап отырды.

Алайда 659 жылы Батыс түріктер Таң елінен жеңіліске ұшырап, Соғдияны қолдай алмай, толық ыдырап кетті.Арабтар осы мүмкіндікті пайдаланып ілгерілеу арқылы 709 жылы Бұхараны, 712 жылы Хорезм мен Самарқандты, 713 жылы Шашты (Ташкент), 714 жылы Ферғана алқабын басып алып, Соғдияны толық бағындырды. Ары қарай Қашқария мен Такла-Макан шөлдеріне сәтті өткен қолбасшыларын кері шақырып, Соғды территориясына әскерін шоғырландырды.

Самарқандта манихейлік соғды патшасы Деваштич 720 жылы арабтарға қарсы көтеріліс жасады, бірақ жеңіліске ұшырап, түргештерге қарасты Ходжандқа (қазіргі Тәжікстан) көптеген қауымын ертіп босып кетті. 721 жылы арабтар  Соғдмен көршілес Түргешке басып кіріп, Ходжандтағы 3000 соғды-түргеш босқындарын қырып, Соғдия патшасы Деваштичті тұтқындады. Көп ұзамай соғдылық Деваштичті арабтар өлтірді. Соғдылар қарсылық көрсете алмай, Түргеш патшалығына қашып, олармен бірігіп арабтарға қарсы соғысты.

Түргештер

Түргештерді Сяньби кезеңінен батысқа қоныс аударған тунгус тайпасы деп санайтын ғалымдар да бар. Олар кейінірек Нирунды жойған Түрік империясының құрамына өтті.

Таң әулетінен бөлініп шыққан Көк Түріктің Елтерісі 693 жылы патша болған кезде, оны қолдамаған Ашина ақсүйектері Моңғолиядан Түргеш провинциясына қоныс аударды. Көп ұзамай түргештер Ашина тайпасына қарсы бас көтеріп, 699 жылы Суяб қаласын Таң елінен тартып алып, Түргеш патшалығын құрған.

710 жылы көк түріктер Алтайдан өтіп, Өрөнгө өзені маңында Түргешті жеңіп, өзіне біріктірді. 714 жылы түргештер көтерілісін көк түріктер басып тастады. Көк түріктердің ыдырауымен түргештер 720 жылы толық тәуелсіздікке ие болды және көп ұзамай соғды босқындарын қолдап, Араб соғысына қатысты. Осылайша, түргештер Батыс түрік соғдыларын қолдаудың бұрынғы рөлін жалғастырды.

Түріктер 720 жылы арабтарға қарсы соғды көтерілісін қолдады, бірақ көтеріліс басылып қалды. Жеңілген соғдылықтар Түргешке қашып келіп, бірлесіп күресті. Сонымен араб-соғды соғысы 720 жылдан араб-түргеш соғысы болып  кеңейген еді.

724 жылы Араб халифасы Соғды-Түргешке қарсы Хорасанның жаңа билеушісін көп әскерімен жіберді, бірақ түргеш-соғды күштерінен орасан зиян шегіп, жеңіліп қалды.

Жеңіске жеткен біріккен күштер алға озып, 728 жылы Бұхара қаласын арабтардан босатты. 729 жылы олар Самарқандқа жетіп, соғдылықтарды қаладан қуып шығарды. 731 жылы түргеш-соғдылықтар Шаш пен Самарқандты арабтардан босату үшін соғысты  жалғастыра берді.

Бірақ азат етілген Соғды қалаларының арасындағы алауыздық арабтарға мүмкіндік берді. Олар Самарқандқа жорық жасап, Шаш қаласын қайтарып алып, Түргешті Соғдыдан қуып шығарды. Көп ұзамай түргештер де соғдылықтар сияқты ішкі алауыздыққа ұшырап, өзара қырқысты.

Түргештер қақтығысының бір жағы арабтардың шабуылынан қорқып, батыстағы Таң мемлекетінен көмек сұрап, оларды араб-түргеш соғысына араластырады. Тапсырыс бойынша қолбасшы Гао Сяньцзи бастаған Таң армиясы 748 жылы Түргеш шекарасынан өтіп, олардың орталығы болған Суяб қаласын басып алды. Гао Сянцзи оңтүстікке қарай алға жылжып, арабтардың Шаш қаласын басып алып, оның тұрғындарын қырды.

Қарлұқтар

742 жылы қарлұқтар көк ұйғырлар мен басмылдарға қосылып, түріктерге қарсы  шығып, Ашина тайпасының түрік патшасын ұстап алып, өлтірді. Басмилдің басшысы өзін патша деп жариялап, ұйғырлардың ұйғыр қарлұқ басшысына Ягбу атағын берді.

Өлтірілген Көк түрік патшасының басын Таң әулетіне жіберді. 745 жылы Қарлұқтар ұйғырлармен байланысын үзіп, Түргештердің соңынан оңтүстік-батысқа қарай (Таласқа қарай) жылжып, 746 жылы Түргештер қоныстанған Тарбағатайға  жетті.

Арабтармен 26 жылдық соғыстан қажыған түргештер келіп жатқан қарлұқтарға тойтарыс бере алмады. Алайда, Таң династиясының генералы Гао Сяньцзияның Түргешті жаулап алуы Қарлұқ пен Таң әулеті арасындағы Көк түрік әулетіне қарсы ескі қатынастарды қалпына келтірді. Таң елінің арабтарға қарсы шешуші шайқасына түргештер өте мол әскер шығарып қосылды.

Тибет

712 жылы тибеттіктер Балтильге (солтүстік Пәкістан) қарсы өз империясын кеңейту үшін батыс жорығын жүргізді. Балтиль 713 жылы Тибет шапқыншылығын тойтару үшін Таңдардың көмегіне жүгінді. Таң-Балтиль бірлескен күші Тибет әскерлерін қырып, тоғыз қаланы Тибеттен қайтарып алды. Алайда 747 жылы Балтиль патшасы Тибет патшасының ханшайымын алып, Тибетке бағынышты екендігін жариялады. Таң одақтастықтан бас тартқан Балильге басып кіріп, Тибет-Балтиль күшіне төтеп бере алмай кері шегінді. 747 жылы Таң әулетінің қолбасшысы Гао Сяньцзи Тибет-Балтильге екінші қайтара шабуыл жасап, Тибеттен Балтильді бөліп алды. Осылайша тибеттіктер соғдылық көрші  Балтильден айырылып қалды.

Шайқас нәтижесі

751 жылы шілдеде Таласта шайқасқан күштердің арақатынасы туралы тарихи дереккөздер әртүрлі көрсетеді. Көбінесе 50 000 араб-тибет әскері және 30 000 таң-қарлұқ әскері қатысты делінеді, екі тарап әскер саны тең болды деп санайтын зерттеушілердің сөзі шындыққа жақынырақ болуы керек.

Арабтар жағын қолбасшы Әбу Муслим басқарды. Тарихшылар оның барлық діндермен қарым-қатынаста икемді болғанын, араб әлемінің қоластындағы көптеген діндер мен ұлттардың мәселелеріне сабырлықпен қарайтынын және тиімді келіссөздер жүргізе алатындығын атап көрсеткен.

Әбу Муслим Йемен көмекшісі Зияда ибн Салиханың өзінің келіссөздер жүргізу шеберлігімен Тибет пен Қарлұқты Таңға қарсы құпия келіссөздер арқылы өз пайдасына шебер пайдалана алды.

Таң-Қарлұқ әскерін Гао Сяньцзы қолбасшы Ли Се және Дуан Цзюши атты көмекшілерімен бірге басқарды. Ол алдыңғы жорықтарды сәтті өткізген тәжірибелі генерал еді. Таң армиясының үштен екісі қытайлар болды.

751 жылдың 27 шілдесінде төрт күн бойы созылған тараптар арасында қатты шайқас басталып, бесінші күні Таң династиясының одақтастары болған қарлұқтар Гао Сяньцзинидің әскери сапының жанынан кенеттен шабуыл жасай бастады. Таң әскерлері өз орнын сақтай алмай,  үрейленіп шегіне бастайды. Арабтар бір деммен қарлұқтың шабуылын қолдай отырып, шегініп бара жатқан Таң әскерлеріне  шабуылдарын тіптен күшейтеді.

Шайқастың нәтижесі бесінші күні белгілі болып, қытай қолбасшылары  қашып жатқан барлық сарбаздарға ешбір жаза қолданбайтынын айтып жинап, Аспан тауының артындағы Анжиға (Ақсу) қарай 700 км-ге шегінеді.

Осылайша Таң елінің батысқа жасаған шабуылын арабтар тойтарып, жеңіспен аяқтады. Тұтқынға түскен 20 000 қытайлық сарбаз сатылып, Самарқанд, Багдад және Дамаскідегі құл базарларына таратылды.

Жеңіске жеткен араб қолбасшысы алға жылжып, өз жеңісін қамтамасыз ете алмады. Себебі, соның алдында ғана Арабияда жаңа халифат мемлекеттік төңкеріс жасап, елді ескі халифа әулетінен толығымен тартып алу үшін Хорасандағы негізгі күштерін орталыққа ауыстырды.

Араб шапқыншылығы бәсеңдеуінің себептерінің тағы бірі – діни қуғын-сүргінге байланысты оккупацияланған Соғдияда жергілікті көтерілістер қайта-қайта бас көтеріп тұруы. Олардың наразылықтары мен күрестері туралы тарихи жазбаларда аз жазылған.

ҚОРЫТЫНДЫ

  1. Арабтардың Таластағы жеңісі манихейлік, буддизм және нестриан дініне адал болған Соғдия мемлекеті мен дінін қалпына келтіру үшін 100 жылдық күресіне нүкте қойды.
  2. Шайқастан кейін Түргеш-Араб соғысы аяқталып, Түргеш елі тарих сахнасынан мүлдем жоғалып кетті.
  3. Қарлұқтар әлсіреген түргештерді иемденіп, тарих жасай бастады. Арабтарға көмектескен қарлұқтар Таң елінен толықтай тәуелсіз болып, 150 жылдан кейін исламды қабылдады.
  4. Тибеттіктер Таң династиясындағы территорияларын өз бақылауына алады. Бұл жер кейінірек арабтардың қолына өтті. Таң әулетіне қарсы арабтар мен Тибеттің саяси одағының табысы Орта Азияда буддизмнің күйреуіне әкелді.
  5. Соғыста тұтқындалған 20 000 адамның ішінен қағаз технологиясын білетін екі қытай сарбазы кездейсоқ қолға түсті. Одан қағаз өңдеудің құпияларын білген арабтар қағаз өңдей бастады. Бұл әдіс 600 жыл бойы Еуропадан құпия сақталды. Арабтар қағазды дамытып, қолдана бастаған кезде оны бағындырған этникалық топтар өздерінің мәдени мұраларын жаза бастады.
  6. Осы соғыстан кейін Таң патшалығының абыройы түсті, бұрынғы құдіретінен айырылды. Сөйтіп Таң патшалығының дәурені өтіп, құлдырауы басталды. Қытайлықтарға Орта Азияны бағындыру идеясынан бас тартуға тура келді.
  7. Арабтардың шығысқа қарай жылжу шегі қойылды. Арабтар да әлсіреп, осындай ірі шайқастан кейін ұзақ уақыт бойы өзіне келе алмады. Орта Азиядағы олардың билігі берік емес, билік түріктедің қолында болды.
  8. Ислам түркі халықтарының арасына тарала бастады. Исламды мемлекеттік дін ретінде мойындаған түрік халықтары біртұтас рухани, мәдени бірлікке қол жеткізу арқылы ұлт ретінде ұйысып, тұрақты, гүлденген мемлекеттерге ие болды. Соның нәтижесінде түрік дүниесі Ислам әлемімен рухани тұтастыққа қол жеткізді. Адамзат мәдениетіне Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды.

Бұл кезеңдегі жетістіктер кейінірек діни қараңғылық жұтып қойған көршілес Еуропаға үлкен әсерін тигізді, зерттеушілер оны әлемдік тарихта «Исламның алтын  дәуірі» деп те атады.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Әдебиеттер:

  1. Таласын тулаан буюу араб, хятадын тулгаралт (https://www.tolgoilogch.mn/_5c-fwwj6so)

2.Атлах-Талас шайқасы: Ұлы жеңіске 1270 жыл (Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН egemen.kz: https://egemen.kz/article/271960-atlakh-talas-shayqasy-uly-dgenhiske-1270-dgyl)
3. Аңызға айналған «Атлах» (Тәкен МОЛДАҚЫНОВ https://www.astana-akshamy.kz/angyzgha-ajnalghan-atlah/)

  1. Атлах шайқасы не үшін табысты болды?(Ерзат Кәрібай http://kerey.kz/?p=12150)
  2. 5. Атлах шайқасы туралы мәлімет ( https://faktiler.kz/atlah-shajqasy-turaly-malimet/)

 

Пікірлер Кіру