«АУРУ – АСТАН» НЕМЕСЕ ОРАЗАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ

08 маусым 2022 8489 0
Оқу режимі

Халқымыз «Ауру – астан...» деп тектен-тек айтпаса керек. Ғалымдарға құлақ түрсек, дұрыс тамақтанбаудың, немесе мөлшерінен көп тамақтанудың және талғамсыз тамақтанудың салдары үлкен дертке айналады екен. Соңғы жылдары мамандар тарапынан көп талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыланып жүрген басты мәселелердің бірі – адамдардың дұрыс тамақтанбауынан туындаған дерттер.

Ғалымдар адам баласының денінің саулығына оның не ішіп, не жегені қатты әсер етеді. Ол, ол ма, атақты Ислам ғұламасы Ибн Халдун[1] адам қандай малдың немесе жануардың етін жеп, сүтін ішкеніне байланысты бойында сол жануардың мінезі мен генетикалық ерекшелектері пайда болатынын айтқан. Сондықтан да біз не ішіп, не жегенімізге, қанша мөлшерде, қай уақытта жеп-ішу керекпіз бәріне көңіл бөлуіміз керек.

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, әлем тұрғындарының 30-35 пайызы семіздікпен ауырады екен. Осымен қатар, қазіргі таңда адамзат баласы арасында  асқазан, ішек, жүрек тамырлары, қант диабеті сияқты аурулар да кеңінен етек жайған. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, науқастардың 80 пайызы осы тамақтанудың төңірегінде болса, 40 пайызы тікелей дұрыс тамақтанбаудың немесе пайдасыз нәрселермен тамақтанудың салдарынан туындайды екен. Шыны керек, қазіргі таңдағы батыстық үлгідегі тамақтану үрдісі кең етек жайып келеді. Мысалы, түрегеп тұрып яки жүріп бара жатып тамақтану. Фастфуд, гамбургер сияқты тез, жеңіл дайындалған ішінде калориясы мен холестерині көп тамақтармен тамақтануды әдетке айналдыру. Химиялық қоспалармен көмкерілген газды сусындарды көп пайдаланудың арқасында тез салмақ алу, ас қорыту жүйелері дұрыс істемеуі және жоғарыдағы ауруларға әкеп соғуда.  

Ислам діні де бұл тұрғыда бізге үлкен жол қалдырған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде бұл тақырыптарға меңзелген тұстары жетерлік-ақ. Асыл дінімізде тамақтану әдептері баршылық. Сол әдептерді және пайғамбар сүннеттін ұстансақ, қазіргі дерттерге душар болмасымыз анық. Сол әдептердің барлығына тоқталмасақ та бір-екеуінен мысал бере кетейік:

Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің үмбетім дастарқанға аш отырып, тоймай тұрып кетеді»,[2] – дейді. Тамақтан алдында және кейін қолды жуу. Асты оң қолымен жеу. Асқазанды үшке бөлу. Ол  да, әрине, ас ішкенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай отыру арқылы болмақ.

Ас ішудің алдында және соңында бір шымшым тұз жеу – көңіл аударарлық нәрселердің бірі. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хазіреті Әлиге (р.а.) қаратып: «Уа, Әли! Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқта! Өйткені, тұз – жетпіс аурудың емі», – деген. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, ол аурулардың кейбірі мыналар: ес ауысу, алапес (витилиго, гансен), қышыма (экзема), тамақ ауруы (ангина), тіс ауруы және жүрек ауруы екен.

Ирандық дәстүрлі медицина маманы, доктор Хусейн Равазаде табиғи тұздың микробты өлтіретін қасиетін сипаттай келіп: «Тамақты ішерден бұрын аз мөлшерде табиғи тұз жеу – ауыз сілекейінде жиналып қалған асқазан микробтарының тез жойылуына себеп болады», – дейді. Дәрігерлердің пікірінше, тамақ ішер алдында тұз жеу ауыз қуысын микробтардан тазартып, оны  асты қабылдауға дайындайды.

Тағы бір осы саланың маманы Доктор Туманиянес өзінің  «Исламдағы гигиеналық ережелер» атты кітабында тамақтан бұрын желінген тұздың пайдасын зерттеген. Ол: «Сілекей ауыздағы сілекей бездері деп аталатын жерден бөлініп шығады. Сілекей тамақпен көбірек араласса,  тамақ тезірек өңештен өтіп кетеді және тезірек қорытылады. Тамақ ішердің алдында тұз жеу ауыз ішіндегі сілекей бездерін қоздырады және одан сілекейдің бөлініп шығуын жылдамдатады. Осы жағынан  тамақтың қорытылуын жеңілдетеді. Тұз бос асқазанға түскен кезде асқазанды қоздырып, оның сөлінің тезірек бөлінуіне себеп болады. Яғни, тұз тамақтың тез жұтылуы мен тез қорытылуында айтарлықтай рөл атқарады».

Мына кереметті қараңыз, қазіргі таңда Еуропада науқастарды аштықпен емдеу әдіс-тәсілі кең етек жаюда. Бұл мәселеде кезінде XIX ғасырдың аяғында физотерапия саласының майталман маманы, неміс ғалымы  Эрет Арнольд[3] оразамен емдеу орталықтарын ашып, небір жазылмас науқастарды емдеп, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Сөйтіп Эрет Батыстың көптеген елдері мен қалаларында  (Fasting senter)[4] орталықтарын ашқан. Эреттің ерекшелігі сол – Батыстың медицина саласының ең мықты 24 ғалымы оаған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы нефрит[5] науқасынан осы аштықпен емделу (ораза ұстау) арқылы жазылып кеткен. Ал, мұсылман жұртшылығына Алла Тағала ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ, жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айында  ораза ұстау деген үлкен нығметін беріп қойған. Ораза ұстаудың денсаулыққа орасан пайдалы екендігі жоғарыда келтірдік, әлдеқашан дәлелденіп қойған. Біле білгенге ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам ағзасына өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Егер адам ұзақ мерзімге ұйқыдан не тамақ жеуден тыйылса денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны секілді, адам баласы ораза ұстамаса да ағзаларына зиян келетіні анықталып отыр.

Мамандар ораза ұстау мына ауруларға ем дейді:   

  1. Жасушалар жаңарып, ескілері жойылады
  2. Қант ауруына тосқауыл болады
  3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді
  4. Тері ауруларына пайдалы
  5. Тұз байлану аруына пайдалы
  6. Қан қоюлануының алдын алады
  7. Ағзаларды улы заттардан тазартады
  8. Ас қорыту жүйесі дем алады
  9. Жағымсыз тәуелділіктерден арылтады
  10. Қан қысымын түсіріп, бас ауруының жазылуына пайдалы

Құрметті оқырмандар! Әрине, оразаны хадисте келгендей, иман келтіріп, бір Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Дегенмен де, Раббымыз бір құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы қаншама сый берген екен. Сол үшін де ораза нығметін дұрыс пайдаланайық.

Бақытжан Өткелбаев

 


[1] Толық аты-жөні Әбдуррахман Әбу Зәйд Уалийуддин болған Иеменнен шыққан Құран хафизі Ибн Халдун (1332 т./1406 ө.) әлеуметтану ғылымының негізін салған, тарих ғылымдарын бір жүйеге түісірген, фиқһ, хадис, каллиграфия, психология, демография, география және этнология (этнография) ғылымдарымен де терең айналысқан сан-салалы энциклопедист, ұлы ғалым.  
[2] Бұхари, Тамақтану бабы 12.
[3] Эрет Арнольдтың (1866 т./1922 ө.) «Тірі қорек», «Аштықпен және жемістермен емдеу», «49 күнгі  аштықтың тәжірибесі» сынды т.б. еңбектері оразамен емдеуге арналған.  
[4]  Қазақшалағанда «Ораза орталығы» дегенді білдіреді.
[5] Бүйректің қабынуы, ісуі.

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру