Аурудан сақтанамын десеңіз, дәрет алыңыз...

03 шілде 2019 6743 0
Оқу режимі

Дініміздегі ғибадаттарды орындау үшін алынатын және өзі де ғибадат болып есептелетін ол  – дәрет. Дәрет – тек дене тазалығы ғана емес, рухани тазару. Дәрет алумен дүние мен ақыретке байланысты көптеген жақсылықтарға қол жеткізуге болады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер адам дәрет алып, бетін жуса, бетіндегі мүшелері істеген бүкіл күнәлары, қолы мен аяғын жуса, осылармен істеген күнәлары су тамшыларымен бірге ағып кетеді. Сонымен қатар, өзі де тап-таза болады», – деген.

Дәреттің жан рахаты мен тән рахатынан бөлек адам ағзасына тигізер пайдасы да мол екен. Мұны қазіргі ғылым дәлелдеп келеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұйықтар алдында дәрет алып жатуға кеңес берген. Мұны заманауи сарапшылар да ұсынады. Жатарда қол, аяқ пен сезім мүшелерін (көз, мұрын, ауыз) жуу денеге жайлылық сыйлап, жақсы ұйқыға себеп болады.

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, дәрет ағзадағы биоырғақты жүйеге келтіреді. Ғалымдардың пікірінше адам денесінде ішкі азғамен тығыз байланысты биобелсенді нүктелер болады. Бұл нүктелер сол ағзалардың басты тетігі болып табылады. Сол нүктелердің көпшілігі дәрет алу кезінде кездеседі. Зерттеу нәтижесінде сондай 66 нүктенің 61-і дәрет алуға тиісті жерлерде орналасқаны анықталған.

БЕТ: Бетті жуу кезінде ішек, асқазан және қуық сынды ағзаларға әсер береді. Сонымен қатар, жүйке және репродуктивті жүйелерге де тигізер пайдасы бар. Күнделікті бетке су тию әжімнің ерте түсуінен сақтаса, ал көзге су тию түрлі инфекцияларды тазалайды.

АУЫЗ: Ауыз қуысын шайғанда қалдық тамақтарды алып шығып отырады, осының арқасында тіс пен қызыл иек сау қалпында қалады. Мисуак қолдану да тіс тазалығында айтарлықтай маңызды.

МҰРЫН: Мұрынға су жіберу бүкіл бактерияларды ағзаға түспестен шығарып тастайды.

ҚҰЛАҚ: Құлақты жууға келетін болсақ, ғалымдар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасағандай, бір қалыппен құлақ қуысын уқалай отыра жууға кеңес береді.

АЯҚ: Адамның оң аяғында ішек, сүйек және жүйке жүйелері, бел, асқазан, асқазан сөлі, өт пен тамаққа жауап беретін нүкте орнласқан. Оң аяқты жуғанда эндокриндік жүйесінің жұмыс істеуін реттейтін гипофизге ықпал етеді.

ТЕРІ: Кейбір ғалымдар дәрет алу терінің қатерлі ісік ауруынан сақтайды дейді. Бұған мынадай түсініктеме береді ғалымдар: Тахарат (дәрет алу) кезінде кір көп жұғатын, көбірек кірленетін дене мүшелері жуылады. Дәрет болса сол денелерді кем дегенде күніне бес рет тазалайды.

Құрметті оқырман! Сіздерге дәреттің тазалық пен рухани рахатынан бөлек, ағзаңыздың жайлылығы мен аурулардың алдын алатын қырларын да көрсетуге тырыстық. Алла Тағала құлдарына қиындық қаламайды.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру