Ауырғанда оқылатын дұғалар

15 сәуір 2019 14849 0
Оқу режимі

Алла елшісі (с.ғ.с.) Осман бин Әбиластың (р.а) көңілін сұрап келді. Ол ауырып жатқан еді. Сырқаты ауыр және шаншитын еді.

– Ауырған жерді оң қолыңмен жеті рет уқала да әрқайсысында: «Әузу бииззәтиллаһи уә қудрәтиһи мин шәрри ма-әжиду уә ухазиру деп оқы!» – деп бұйырды. Осман былай дейді:

– Aйтқанындай істедім. Ауруымнан айығып кеттім[1].

Айша анамыз (р.а.) айтқан:

– Бір жері ауырса, Расулулла (с.ғ.с.) «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін оқып, мүбәрәк қолына үрлеп, ауырған жерін сипайтын.

Көзі көрмейтін бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Ия, Расулалла! Алла Тағалаға дұға ет, көздерім ашылсын», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған былай дейді: «Жақсылап дәрет ал! Сосын, ия, Раббым, Саған жалынып-жалбарынамын. Сүйікті Пайғамбарың Мұхаммедті (С.ғ.с.) уәсилә етіп (араға қойып), Сенен сұраймын. Ей, ең сүйікті пайғамбарым Мұхаммед (С.ғ.с.)! Сені уәсилә етіп, Раббыма жалбарынамын. Сен үшін дұғамды қабыл етуін қалаймын. Ия, Раббым, осы ұлы Пайғамбарыңды (С.ғ.с.) маған шапағатшы ет. Оның құрметі үшін дұғамды қабыл ете гөр!» – де». Ол кісі дәрет алып осылай дұға етті. Сол мезетте көздері ашылды[2].

«Фатиха», «Аят әл-Курси» және «төрт Қул» (яғни «Кәфирун», «Ықылас», «Фәләқ», «Нас») сүрелерін 7 реттен оқып ауру кісіге үрленетін болса, Алланың қалауымен бүкіл қиыншылықтарға, дерттерге, сиқырға, көз тигенге, жануарлардың тістегеніне, шаққанына жақсы көмектеседі.

Оқылған Құран Кәрімнің және дұғалардың әсер етуі үшін оқып жатқан адам бұған сеніп, науқас харам тағамдар мен күмәнді дәрі-дәрмектен барынша сақтануы керек. Ықыласпен, шын көңілмен тәубе етуі тиіс. Дұға да дәрі сияқты, Алла Тағала қаласа әсер етеді. Шипаны Алла Тағала беретініне сену керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш түрлі ем қолданған: Құран Кәрім, дұға оқыған және ғылыммен табылған дәрілерді қабылдаған. Сондықтан дәрігерлерге де қаралу керек. Ол да бір себеп. Алла Тағала барлық нәрсені себеппен жаратып, соларға ден қоюға әмір еткен.

 


[1] Бостанул-Арифин.
[2] Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру