Әйелім әдемі болсын десеңіз...

22 қаңтар 2019 9938 0
Оқу режимі

Осы уақытқа дейін ерлі-зайыптылар туралы жазылмаған тақырып қалмаған шығар. Екеуіне қатысты барлық әңгіме ашық та, астырлы түрде де айтылып та, жазылып та жүр. Осы мақаланы да сол әңгіменің бір бөлігі ретінде қабылдаңыз. Бұл мақала бойдақ жігіттерге емес, отбасылы ер адамдарға арналған. Десек те, бойдақ аға-інілеріміздің де құлағына алтын сырға болсын.

Жанұя болған соң ол жерде міндетті түрде ұрыс-керіс, айқай-шу болады. Ұрыс-керіссіз отбасы болған отбасы жоқтың қасы десем, өтірік айтпаған болармын. Сол ұрыс-керістің, ажырасудың барлығы неден шығып жатыр білесіз бе? Өкініштісі сол, соның барлығы ері мен жұбайының өз міндетін өз уақытында орындамауынан туындап жатыр. Қоғамымыз үшін бұл үлкен қасірет. Соның бір себебі, мен барлығы демеймін, бір себебі отағасының көшедегі қыз-келіншектерге көз салуында жатыр.

Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 30-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы», – дейді. Мұнда ер адамның көзі харамға түспеуі керектігі білдірілген. Және осы бұйрық жалғасқан келесі аятта әйелдерге қаратыла айтылады: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін».

Бәрі де оңай! Әйелім әдемі болсын десеңіз, өзіңіздің жұбайлық және әкелік міндетіңізді толық атқарыңыз. Көшедегі қыз-келіншектерге көз салуыңызды қойыңыз. Әдемілік құрбандықты талап етеді? Өтірік! Әдемілік қаражатты талап етеді. Көшедегі қыз-келіншекке не үшін көз салдыңыз? Оның жасанды кірпігі, боялған жасанды қасы мен әдемілігі сізді еріксіз баурап алды ма? Әлде үстінен қымбат жұпар иіссу аңқып тұр ма? Әлде, өте қымбат әрі жарасымды киініп алған ба? Міне, мәселе осы жерден басталады. Сол қыз-келіншектің үстінен көрген әдемі киімді өзіңіздің жұбайыңызға сіз де алып беріңіз. Қымбат иіссулар мен түрлі кометикалар сыйлаңыз да, әйеліңіздің де сіздің алдыңызда әдемі болып жүруіне мүмкіндік жасаңыз. Алла Тағала әйел адамды ер адамның тыныштығы үшін жаратқан. Сіз жақсы болсаңыз, әйеліңіз де жақсы. Сіз – өз әйеліңіздің бағбанысыз, әйеліңіз – сіздің бақшаңыз. Бақшаңызға қалай қарайсыз, ол сондай өнім береді. Әйеліңіздің әдемі болуы қашанда өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпасаңыз екен. Сонда ғана «өз әйелім шекер екен, қарағаным басқаға бекер екен» деген әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміндердің ішіндегі ең иманы толық, мінез-құлқы жақсысы – өз отбасына (жұбайына) мейірімді, жұмсақ болғаны», – деген.

Осы тұста айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол – қазіргі қыз-келіншектердің киім киісі мен жүріс-тұрысы. Айналайын, қазақтың қаракөз қыздары, әпке-сіңлілер, ертең сіздер де бір үйдің отын тұтатып, аяулы ана, ибалы келін боласыздар. Сол кезде күйеуіңіздің бөтен қыз-келіншектерге қарағанын қаламайтыныңыз сияқты, қазірден бастап сіз де бөтен ер адамдарды еліктіретіндей қылық пен әдепсіздік жасамасаңыз екен. Әйел адам өз міндетін мүлтіксіз атқарса ғана қасиетті шаңырағында, қоғамымызда үйлесімділік пен береке орнайды.

Сіздегі бар нәрсе, кейбір адамдарда мүлдем жоқ. Сондықтан қайғыңызға ортақтасып, қуанышыңызға қуанатын қасыңыздағы әйеліңізді бағалаңыз, оның сенімді серігіне айналыңыз. Сіз де, отбасыңыздың тіреуі, балаларыңыздың әкесін сыйлаңыз, қанағатшыл болыңыз, күйеуіңіз туралы жаман ойлауға мүлдем уақытыңыз болмайтындай өзіңіздің күн тәртібіңізді жоспарлап алсаңыз, Алла сізден разы. Есіңізде сақтаңыз, күйеуіңізбен ренжісіп қалсаңыз, күйеуіңіздің сізден кешірім сұрауын күтпей-ақ қойыңыз. Ер адамдардың сөздік қорында «кешір» деген сөз жоқ. Ер адамдардың кешірім сұрағаны – сіз төсекте теріс қарап жатқанда келіп құшақтағаны.

Лаура Қанатқызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру