«Аздардың» қатарынан қыла гөр!

10 сәуір 2019 9063 0
Оқу режимі

Мұсылмандардың әділ әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) базар аралап жүрсе, бір ер адамның: «Ия, Алла! Мені құлдарыңның ішіндегі сол «аздардың» қатарынан қыла гөр! Иә, Алла мені сол «аздардың» қатарынан қыла гөр!» деп дұға тілеп отырғанын көреді. Ақырын қасына келіп: «Сен бұл дұғаны қайдан алдың?» – деп сұрайды.

Әлгі адам:  «Алла өзінің кітабында былай деді емес пе: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілері өте аз»[1], -дейді. Сонда Омар жылап жібереді де өзін сөгіп: «Омардан басқаның бәрі хабардар ( білгір)! Иә, Алла! мені де сол «аздардың» қатарынан қыла гөр!» деп жалбарына дұға жасай бастаған екен.

Кейде сен кейбіреулерге «күнәні таста» десең, олар: «Бірақ, мұны жалғыз мен емес, адамдардың көбі жасайды емес пе!» – деп, ақталғысы келеді. Алайда сен «адамдардың көбі» деген сөздің Құранда колдану тұрғысына назар аударсаң, адамдардың көбі «білмейді»[2], «шүкіршілік етпейді»[3] және «сенбейді»[4] деген сөздермен сипатталғанын байқайсың..

Ал, егер сен «олардың көпшілігі» деген сөзге қарасаң, «бұзақы»[5], «білмейді»[6], «жалтарады»[7] және «тыңдамайды»[8] деген сөздермен ұштасқанына куә боласың. Сондықтан сол «аздардың» қатарынан болуға тырыс.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілері өте аз»[9]. «Негізінде, онымен бірге иман келтірген өте аз ғана еді»[10]. «Жәннат бағында нығыметке бөленеді, бұрынғылардан көбірек, соңғылардан азырақ»[11].

Аса мейірімді Алла Тағала бізді сол «аздардың» қатарынан  болуды нәсіп етсін!

 


[1] «Сəбə» сүресі,13-аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 187-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 243-аят.
[4] «Һуд» сүрес, 17-аят.
[5] «Мəйда» сүресі, 59-аят.
[6] «Əнғам» сүресі, 111-аят.
[7] «Əнбия» сүресі, 24-аят.
[8] «Əнфал» сүресі, 21-аят.
[9] «Сəбə сүресі,13-аят.
[10] «Һуд» сүресі, 40-аят.
[11] «Уақиға сүресі, 12-14 аяттар.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру