Бала тәрбиесіндегі басты қағидалар

16 қазан 2020 18560 0
Оқу режимі

Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлемде болып жатқан өзгерістер, соның ішінде рухани, адами құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі – ең өзекті мәселердің біріне айналып отыр. Ырғағы мен өзгерісі жылдам болып жатқан осындай заманда ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан рухани құндылықтарымызды, бала тәрбиелеудегі ғасырлар бойы жиналған алтын ережелер мен қағидаларды ұстап, сақтап қалу оңай емес. Осы орайда, бүгінгі таңда бала тәрбиесіне байланысты туындап отырған мәселердің шешілу жолын көрсететін басты қағидаларды ұсынуды жөн көріп отырмын.

Бала тәрбиелеудегі маңызды болып саналатын ең басты қағида – баланың бойына рухани құндылықтарды сіңіру. Баланың бойына имани тәрбиенің дәні анасының құрсағында жатқанында көктей бастайтыны туралы көпшілігіміз біле бермейміз, білсек те оған аса мән бермейді екенбіз. Халқымыз, бала тәрбиесі ана сүтімен даритынын әуелден білген және оған аса ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен қараған.

Ана құрсағынан босанып, өмірдің арайлы шуағымен дүние есігін ашқан нәрестенің пәк сезім болмысы адами мінез-құлықтың даңғылымен астасады. Жас шыбық сәбидің тәлім-тәрбиесі тал бесіктің тербелісімен жандана түсіп, тәні есейіп, жаны рахат өмірдің сан қырлы сипаттарынан нәр алады. Ұлы Абай бір қарасөзінде: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан басталады», дейді. Шынында, ел боламын дейтін жұрттың бесігін түзейтін басты құндылық - бабалардан мирас болып келе жатқан дала тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы болып табылады. Енді ғана көзін ашып, өмірдің өзегінен сыр тартқан сәби үшін ұядағы жылылық қияға қанатын қомдағанда күш беретін асыл арналар іспеттес. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін даналығы да осыны меңзейді.

Демек, ұл мен қыз тәрбиесінде бабалар қанымен дарыған асыл сипаттар өз алдына, отбасындағы ата-ананың рөліне, оның маңызына жетер ештеңе жоқ.  Әкенің де, ананың да  өзіндік тәлім-тәрбиесі тұңғиығы терең, тағылымы да мол, ғибраты да сан қырлы арналар іспеттес. Әкенің жол көрсетер бағдары ұл баланы ұлықты етсе, ананың мейірімі ізгілікке талпындырары хақ. Бүгінгі біздің ұл-қызымыз ғасырдан жалғасқан бабалар жолымен адаспай жүріп келе ме? Жоқ болмаса, желдің өтінде қалып, қайраңдағы қайықтың кебін киді ме?!

Міне, бұл сауалдар ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Бұл ретте иман осы жайлы не дейді екен. Бала тәрбиесі жайлы асыл дініміздің  құндылықтарына үңіліп көрейікші.

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам тәрбиесін қалыптастыруда балаларды көзден таса қылмаған. Сәби дүниеге келмей жатып, балаға алаңдаушылық білдірген. Бала дүниеге келісімен діни салт-жоралғылар жасап, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толыққанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Балаларыңды құрметтеңдер, және олардың әдептерін жақсартыңдар», – дейді.  Бұл хадистен баланың әдебіне  көңіл бөлу аса маңызды екенін көруге болады.

Әбу Насыр Әл Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім құмға сіңген су секілді», – деп, бала тәрбиесінің аса жауапты да маңызды нәрсе екенін көрсеткен. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, инабаттылық сезімдерін, адамгершілік, ізгілік, ұяндық, пәктік қасиеттерін қалыптастыру – біріншіден,  ата-ананың қасиетті борышы болмақ.

Ислам дінімен сусындаған дана халқымыз әрдайым қызға қырық үйден тыйым салып, ұлдың ел қорғайтын азамат болып өсуіне мән берген. Қазір көпшілігіміз баланы бағып-қағу деген сөзге де мән бермейтін болғанбыз. Жуырда бір телехабарды қарап отырып, бір ағамыздың (ата-жөні есімде жоқ) осы «бағып-қағу» деген сөздің де астарында үлкен тәрбиелік мағына жатқанын айтқаны есімде. Бүгін көпшілігіміз бала тәрбиесінде «бағуға» баса назар аударып, «қағуға»   құлықсыз болып барамыз. Бағу – баланың өмірге керекті барлық материалдық жағдайы, киім-кешегі, ас-ауқаты, т.б. болып келсе, ал қағу – тәрбиелеу, жақсылыққа үйрету, үлгі болу сияқты рухани құндылықтар. Баланы бағып-қағуға байланысты мәселелер қазіргі отбасылардың өмірінде жиі кездесетіні жасырын емес. Бала бойында адамгершілік, елсүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу қасиеттерін қалыптастыруда отбасылық тәрбиенің орны ерекше деп айтар едім.

Әсел Қыдырмина
«Ақмешіт» мешітінің ұстазы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру