БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ЖАТ АҒЫМДАРДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?
Ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен жүргенімізде ата-аналардан жиі еститін сұрағымыз көбіне осындай. Демек, мәселе өзекті. Ендеше бұған қатысты бірнеше кеңес…
-Оқу-білім беру, дұрыс сана қалыптастыру. “Бала мен ит қорыған жерге өш” дегендей, баланы діннен алшақтатып, қорғаштай берудің қажеті жоқ. Себебі, бәріміз жан мен тәннен тұрғандықтан, бәрібір рухани азыққа мұқтажбыз. Ертелі-кеш бала да әйтеуір бір жерден рухани азық іздейді. Сол кезде бұрыс ақпаратқа тап болуы әбден мүмкін. Сол үшін баланы діннің негізгі құндылықтарымен, ахлақи принциптерімен және дұрыс діни мәліметтермен қаруландыру қажет. Рухани иммунитеті дұрыс болған бала вирусты идеологиялардан да қорғана алатын болады.
-Сенімді қайнар көздер. Діни ақпараттарды сенімді ұстаздар мен дұрыс діни орындардан үйрету керек. Бала көкейіндегі сұрағын кімнен және қайдан сұрауы керегін білуі тиіс. Көлденең көк аттыдан діни сұрақ сұралмайтынын ескеруі керек.
-Ашық байланыс орнату. Балаңызбен үнемі және ашық байланыста болуыңыз керек. Туындаған сұрағына жауап беріп, қызыққан мәселесін зерттеуге жәрдемдесу қажет. Қате ақпараттарға және теріс бағыттарға барынша мұқият болуы керектігін үйретіңіз.
-Әлеуметтік орта. Балаңыздың араласатын ортасын жақсы тануға тырысыңыз. Достары кім екеніне, қандай шараларға қатысып жүргеніне, кімдермен уақыт өткізетініне мән беріңіз. Теріс әсерлі орталардан ұзақ болуын қадағалаңыз. Қазақ “қызың өссе, қызы жақсымен, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бола” деп бекер айтпайды.
-Критикалық-аналитикалық ойлау. Балаңызға критикалық-аналитикалық ойлауды үйретіңіз. Қандай да бір діни білімге немесе ақпаратқа құлай сенбей, әуелі сыни ойдың сүзгісінен өткізуге дағдыландырыңыз.
-Медиа және интернет қолдануда сауаттылық. Әлеуметтік желілер мен интернеттегі ақпараттардың бәрі ақиқат емес екенін, жалған және бұрмаланған ақпараттардың көп екенін түсіндіріңіз. Әсіресе, діни ақпараттардың бәріне интернеттен жауап іздеуге болмайтынын айтыңыз.
Баласының болашағына алаңдайтын әрбір ата-ана кемі осы мәселелерге мән беруі керек. Бұған әуелден мән бермесе, ертеңгі күні бала теріс жолға кетіп, опық жегізіп, бармағын шайнатуы мүмкін.
Салтан САЙРАНҰЛЫ