Бәлкім, бұл сіздің соңғы Рамазаныңыз болар...

20 мамыр 2019 9085 0
Оқу режимі

Тілектердің тізгіні төрелігінде болған, аса мақтаулы күллі ғаламның Раббысы Аллаға шексіз шүкір айтамыз! Алла тарапынан адам баласына берілген сансыз сауаптардың сарқылмас қайнар көзі, айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – халал нығметті ең аз мөлшерде пайдалану арқылы нәпсі, рух және тәнді тәрбиелейтін қайырлы сый. Соған байланысты артықшылықтармен ардақталған аталмыш айды барынша тиімді, алдағы күнді сүйіншіге толтыратын лайықты ғибадатпен өткізген ләзім.

Адамзаттың абзалы саналған Алла расулы «Кімде-кім бұл айдың жақсылықтарынан мақрұм қалса, ол ақиқаттан да құр алақан қалады» (Ахмет, Бихақи риуаят етуімен) деп, үмітті болған үмбетіне Рамазан айының маңызы мен ұлықтығын паш етуімен үндеу салады. Сондай-ақ қазақтың «бас ақыны», ойшыл Абайдың «Толық адам» концепциясына лайық жалғыз ғана тұлға әз-пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айын ынтыққан ыстық ықыласпен һәм қызу дайындықпен құрмет етіп, қарсы алатын. Сәйкесінше ғибадат-құлшылықтарын құлықты түрде, ихсанның биік мінберінде атқаратын. Ғаламның Рахым нұры пайғамбарымыз тарауих намаздарының бір ракағатының өзінде Құран Кәрімнің бес парасын оқитын. Сөзіміздің тұздығы, саңлақ сахаба Хузәйфаның (р.а.) айтуынша, пайғамбарлар падишасы бір кеш бойы төрт ракағат намазда Бақара, Әли-Имран, Ниса, Мәйда, Анғам сүрелерін қырағат еткен. Дәл сол сәттердегі рүкуғ пен сәжделерін де ұзағынан оқитын. Бұл туралы Айша(р.а.) анамыз: «Аллаһ Расулының кешкі намаздарындағы рүкуғ пен сәжделердің ұзақтығы біздің елу аят оқығанымыздай ұзақ», – деген (Муслим риуаят еткен). Асхаби кирамның сап басы, саф алтыны хазіреті Омар (р.а.) жамағатпен бір Рамазанда үш рет Құран хатым түсірген.

«Рамазанда ораза ұстаушының ұйқысы да ғибадат». Әйтсе де, қазаны қасиетке толы мүбәрак айды ұйқымен өткізбеске керек. Тарауихтан кейінгі ет асым уақыт сәресінің арасын ұйқымен емес, құлшылықпен өткізу абзал іс. Құлшылық шеңбері тек намаз оқумен шектелмейтіні секілді діни танымдық, тарихи кітаптарды оқу ілім алумен кеңейе түседі. Күніңіздің көп бөлігін «өлімнің егізі» арсыз ұйқымен өткізу де жақсы емес. Дұрыс, бұл сізге тым қиын болып көрінуі мүмкін. Алайда, жыл он екі айдың игілігі мен ізгілігін сыйдырған Рамазан айы бар-жоғы отыз күн. Есесіне, сабырлық, қанағат, табандылық пен нәпсіні қолға алу секілді адами қасиеттерімізді шыңдай отырып, ахлағымызды кәмілдендіру арқылы Иеміздің разылығына қол жеткізесіз. Бір ай нәпсіңізге құрық салып, жүрек тазалығын тұнықтандыруға жол ашыңыз. Нәпсіге насихат қылыңыз, кітап оқыңыз, қаза, нәпіл, таһажуд намаздарыңызды оқыңыз. Айлардың сұлтаны мен түндердің қайырлысы тоғысқан қасиетті айда қаталаған жүрегіңізді шөлін хақиқаттың қайнарынан қандырыңыз. Бұл айды шын мәнінде мүбәрак етіп өткізіңіз!

Бәлкім, бұл сіздің соңғы Рамазаныңыз болар... Ойланып көріңіз.

Асан Анарбайұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру