БЕРЕ БІЛГЕН, БӨЛЕ ДЕ БІЛЕР

11 қыркүйек 2023 3761 0
Оқу режимі

Баяғыда бір жарлы болыпты, мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. «Аштық – атаң емес» деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы тұрып әйеліне:

— Қатын, осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, – дейді. Қатыны:

— Мейлің, сүйтсең, сүйте ғой, – дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді.

— Тақсыр хан, – дейді ол, – мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, – дейді жарлы.

Хан:

— Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! – дейді де жарлының қолына пышақ береді. Ханның ханымы, екі ұлы, екі қызы – не бәрі ханның өзімен алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды.

— Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын – деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді.

— Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, – дейді. Сонсон екі қанатын кесіп екі қызына береді.

— Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы-қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, – деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды.

Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? – деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі.

Хан:

 «Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер», – дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Сонсоң хан, баяғы жарлыны шақыртып алып:

 «Мына қаздарды сен бөл», – дейді. Жарлы, бір қазды алып хан мен ханымға береді де:

 «Сіздер үшеу болдыңыз», – дейді, енді бір қазды екі баласына беріп:

— «Сіздер де үшеу болдыңыз», – дейді.

 Тағы бір қазды екі қызына береді де:

«Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым», – дейді.

Сонда хан:

 «Міне, әділ болсаң осындай бол! – Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ», – депті.

«Бере білген, бөле білер» деген мақал осыдан қалған екен.

 Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, мырзаны қуып жібереді.

 

Пікірлер Кіру