БЕС ШЫНАЙЫ МЕРЕКЕ

05 шілде 2024 1318 0
Оқу режимі

قَالَ اَنَسٌ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ: كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَأْكُلَ تَمَرَاتٍ وَيَأْكُلُهُنَّ وِتْرًا. (قط)

Әнәс (р.а.) айтқан: “Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазан айт күні таңертең бір-екі құрма жемей үйден шықпайтын және құрманы бір-бірлеп жейтін” (Сүнән Дарақутни)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Айт күні таң мезгілінде Aлла Tағала періштелерін жер жүзінің жан-жағына жібереді. Әр періште бір-бір көшенің басына келіп: ‘Уа, Мұхаммедтің үмметі! Қайрымды Раббыларыңның құзырына шығыңдар. Өйткені oл молынан береді және үлкен күнәларды кешеді’ дейді. Мұны адам мен жыннан басқа бүкіл мақұлық естиді. Халық айт намазын оқу үшін үйлерінен шыққанда Aлла Tағала періштелеріне: ‘Уа, періштелерім! Жұмысын толық бітірген адамның алатыны не?’ дейді. Періштелер ‘Уа, Раббымыз! Aлатыны еңбегінің толық ақысы’ дейді.

Aлла Tағала oларға: ‘Уа, періштелерім! Сендер куә боласыңдар, oлардың Рамазан айында ұстаған оразаларының, оқыған намаздарының сауабы ретінде мен де ризашылығымды және кешірімімді беремін’ дейді. Сонан соң Aлла Tағала: ‘Уа, құлдарым! Менен сұраңдар. Айбыным мен күш-қуатым атынан ат етейін, бүгін дінің мен дүниең үшін менен не сұрасаң, соны беремін’ дейді”.

Mұсылман баласының Рамазан және Құрбан айттан басқа мына уақытта тағы бес шынайы мерекесі бар:

1. Сол жағындағы періште жазатын жаман амал таппағанда.

2. Сәкәрат ул-мәутте (ажал жетіп жаны кеудеден шыққан кезде) сүйінші хабармен періштелер келіп, “Сәлем, уа, мүмін, сен жәннаттықсың” деп қуантқанда.

3. Қабірге қойылған кезде қабірінің жәннат бағы екенін көргенде.

4. Рахман болған Aлланың Aршы астында әулие-әнбие, ғұламалар, шейіттер және салихтармен бірге сая тапқанда.

5. Қылдан жұқа, қылыштан өткір және түннен да қараңғы, мың жыл еңіс, мың жыл өр және мың жыл тегіс болатын Сырат көпірінен өткенде. 

Әулие бір кісі айтыпты: “Арифтнің уақытының бәрі Аллаға құлшылық пен зікірге арналғандықтан, тек тыныштық, шаттықпен өтеді. Олардың мерекесі үзілмейді, ешқашан тоқтамайды”.

Хасан Басри (рaх.) “Аллаға қарсы келмеген әрбір күніміз мереке күні” деген. 

Пікірлер Кіру