БЕС УАҚЫТ НАМАЗДЫҢ КЕЙБІР СЫРЛАРЫ

31 қаңтар 2024 1903 0
Оқу режимі

Намаздың күніне бес уақыт оқылуында көптеген хикмет бар. Таңертең адам құдды жаңа өмірге келгендей, қараңғылықтан жарыққа шыққандай тіршілікке кіріседі. Адамға осы өмірді, жаңа күнді сыйлаған, тіршілік жасауына күш берген Алла тағала. Демек, адам баласы осы «жаңа күн» нығметіне шүкірлік ету үшін, жаңа күнді жақсылықпен бастау үшін таң намазын оқуға міндеттелді.

Адам баласы таңнан кешке дейін өмірдің берекесін көреді. Осы кезеңде ол үздіксіз және материалдық белсенділік ішінде болады. Бұл бір жетістіктің белгісі. Осы жетістікке шүкірлік ету және рухы ғафлет пен қараңғылық ішінде қалмау үшін бесін және екінді намаздары парыз етілді.

Кешқұрым аяқталатын бір күндік іс-әрекеттің жанды жадырататын құлшылықпен тәмамдалуы, бақыт, шүкіршілік және құлдық парызды орындауды білдіргендіктен ақшам намазы оқылады.

Сонан соң адам ұйқыға кетеді. Бір жағынан өлімнің бауыры саналатын, бір жағынан тыныштық пен рахаттық кезеңі болып табылатын осы ұйқы кезеңіне ауыспас бұрын бір күндік өмірді қасиеті мол құлшылықпен аяқтау. Ұйқы әлеміне ғапылдықпен емес, рухани нәр алып бару. Раббымыздың мейіріміне бөлену және күнді жақсылықпен аяқтау үшін құптан намазы оқылады.

Қысқасын айтқанда, адамдардың да, айналасындағы барлық тіршілік иелерінің де өмірінде туу, өсу, тоқырау, қартаю, жан тапсыру сияқты әртүрлі кезеңдер болады. Осы кезеңдерге төс керіп, адамның рухани еңбегі мен материалдық еңбегінің арасында тепе-теңдік орнату үшін бес уақыт намаздан жоғары әрі пайдалы нәрсе болуы мүмкін емес. Осы қасиетті құлшылықты орындау құрметін нәсіп еткен Раббымызға қанша шүкірлік етсек те аз.

 

 

Пікірлер Кіру