Бойдағы кемшілікті білу де – үлкен нығмет
Алла тағала «Назиғат» сүресінің 40-41-ші аятында: «Ал, кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері жәннат болмақ!» – деген.
Егер Алла Тағала біреуге жақсылық қаласа, Оған өз айыптарын көрсетіп қояды. Мұны Алла Тағаланың адамға берген ең үлкен жақсылығы деуге болады. Егер кемшіліктер анықталса оны емдеу жолы да табылады.
Адамның өз кемшілігін біліп алу жолдары
- Өз жан дүниесінің кемшіліктерін тазалап, мінезін көркемдеп кемелдендірген, жан дүниені емдеп тазарту жолдарын меңгерген ұстазға шәкірт болу керек. Мұндай ұстаз шәкіртін Өз перзентіндей көріп жауапкершілікпен қарайды. Ұстаз кемшіліктерді байқап, анықтап береді. Сонымен қатар ұстаздың үйретуі бойынша жан дүниесін кеселден емдеп, тазарту керек. Сонымен қатар көркем мінезді бойына сіңіру керек.
- «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақыл сөзді негізге алып, шындықты көретін және бүгіп қалмай, ескертіп айтатын досқа жүгіну керек болады. Ол дос жаман істері орынсыз айтылған сөздері, ұят істері, көрнеу және көмес кемшіліктерін көріп ескертеді.
Омар Хаттабұлы (р.а.): «Менің кемшіліктерімді өзіме сыйға тартқан адамға Алла Тағаланың рахматы болсын», – дейтін еді.
Дауд әт-Тәийден: «Неге адамдардан оқшауланып, жыраққа кеттіңіз? Неге адамдармен араласпайсыз?» – дегенде: «Менің айыптарымды жасыратын қауымды не істеймін?!» – деген екен.
Насихат жаспп, кемшіліктерімізді бетке айтатын адамдарды иманның әлсіздігінен жаман көріп жатамыз. Алла Тағала баршамызға тура жолды нәсіп еткей! Кемшіліктерімізді өзімізгеанық етіп көрсеткей! Өзі тауфиқ пен Һидаят беріп рухани кеселдер мен кемшіліктерден сақтағай! Әмин!
«Әл-Әзһар» университетінің сараптауынан өткен
Шайх Халид Исмағил Сулайманның
«Жамиъул уасаиа фид-дини уад-дуниа»
«Дін және дүниедегі өсиеттер жиынтығы» атты еңбегінен
және шайх Мухаммад Садық Мухаммад Юсуфтың
«Рухи тарбия» кітаптары негізінде әзірлеген
«Әлжан ана» мешітінің бас имамы Әділхан Иманәліұлы
Дереккөз: muslim.kz