«ДІЛ» ІЛІМІ НЕМЕСЕ ДІЛМӘР МЕН СӨЗУАРДЫҢ АЙЫРМАСЫ

03 маусым 2024 1224 0
Оқу режимі

Дін - насиқат! Бұған ешкім қанжілік болып қарсы шықпаса керек. Іштегі қыж-қыж қайнаған қыжылат сөз көмейден шығып айтылмаса, артығы күзелмесе, қисығы түзелмесе, өздігінен қоғам ілгерлей салмайды. Сол себепті "айта білу қашанда байтақ өнер" екені күмәнсіз ақиқат. Әйтсе де, күлдірмамайға от қойып, аспанға оқ ату бір басқа, нысанаға дөп тигізу бір басқа. Біздегі айташылар подпичигімді көбейтем, кең аудиторияны қамтымақ болып, күн сайын құлашын кеңге сермеп, насиқаттың қадірін қашырып жүргені ешкімге жасырын емес. Сірә, қазақтың бөспе, бәдік, быдық, домбыт, күмпілдек, көкауыз, көкмылжың, сыңарезу, лепірме, сөзуар т.б. теңеулері мен атаулары жойдасыз жөңкілетін айтқышбектерді меңзесе керек. Ал бағзыдағы бөгенайы бөлек дана қазақ қалай сөйлеген? Аузы уәлі би-шешендеріміз көпшілікті өзіне еліктірем деп күніге көпірме сөзді сапырмаған. Әулиелеріміздің дәргейі руханиятпен астасып-қойындасып жатқандықтан, олар ешқашан мәдар жолынан таймаған. Құтып, абдал, шілтендердің жөн сілтеуімен сөйлегендіктен, сөзі мірдің оғындай  көздегенді дөп басып, шетін істің өзін ши шығармастан оңай шешетін. Айтқанда әлейім жұрттың айызын қандырып, кім-кімді болса да, разы ететін.

 Бүгінде бізде айтқышбектер жоқ емес баршылық. Алайда, сөзінің қадірі жоқ. Неге? Өйткені, айтқышбектің бәрі ділмәр емес. Ділмәр болу үшін "діл" (мәдар) ілімін игеру шарт. "Діл" ілімінен хабарсыз адам не айтса да, атқан оғы айдалаға қаңғып кетеді. Осыны түзесек сөз түзелмек. Сөз түзелсе елдің сықпыты да түзелмек. Уағызшыларымыз діңкені құртатын құр сөзуар емес ділмәр болуға ұмтылса екен деп тілеймін!

 

 Мұнан ИСАХАН

Пікірлер Кіру