ДОМБЫРА!
Қазақстанда домбыра күні аталып өтіледі.
Осындай кезде біреулердің «домбыра – харам» деген ұстанымы қайта желіге шығады. Кейбір ойы таза, сенгіш адамдар расымен солай ма деп, болмаса діни кітапта жоқтың бәрін дінде жоқ деп санайтындар имандай сене қалса, біраз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеушілер ақтап алуға тырысамыз. Жалпы менің пікірімше жоқ, харам емес деп ақтаудың өзі орынсыз дүние деп ойлаймын. Өйткені дін мен дәстүр біріге отырып, қоғамның рухани бағытын айқындауда негізгі факторлардың басында саналады.
Діннің жартысын этика құндылықтары, жартысын сенім құрайтындықтан, таразының бір бөлігінде сенім, бір бөлігінде ұлттық-рухани құндылықтар тұрғанын, иман таразысы тең болу үшін таразының екі басы бірдей болуы керектігін дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүре алмайтынын естен шығармауымыз керек. Мұхаммед пайғамбар да араб қоғамының салт-дәстүрінен айырған жоқ. Тек адамшылыққа жат әдеттерін түзеп, адамзаттық құндылықтарға үндеді. Хадисте: «Арабтың ағжамнан (басқа ұлттардан) үстемдігі жоқ. Олардың артықшылығы тек тақуалығында» дегеніндей ислам дінінде қандай да бір ұлттың, халықтың басымдылығы жоқ. Әр халықтың өзіндік өмір сүру ерекшеліктері, тұрмыс салты бар екендігі, оған егер негізгі қағидаларына қайшы болмаса дін де құрметпен қарайтындығы ақиқат.
Олай болса қазіргі қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан екі жақты ұшқары пікірлер мен көзқарастарды тоғыстыра білу қиынға соғады. Ол үшін ең әуелі ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан дініміз бен дәстүріміз жан-жүрегіміздің шапағаты, көзіміздің нұры, жүрегіміздің сыры болатын қасиетті рухани құндылықтарымызды тәрбиенің бір өзегі ретінде басты назарға алуымыз қажет.
Бүгінгі дін саласындағы болып жатқан сыңаржақ көзқарастардың салдары мен себептерін саналы ақылмен қабылдап, діни ұстанымдар үшін дәстүрлі дініміз бен ата-баба руханиятын мансұқтамай, ақ пен қараны ажырата білу бір жағы болса, діннен безіп, құдайға тіл тигізіп, тіпті исламды тек арабтармен байланыстыруға тырысып жүрген топтың ұстанымдарына да көз жұмып еріп кетуге болмайды.
Олай болған жағдайда ғасырлар бойы жалғасқан ұлт руханиятын жоққа шығаруға тура келеді. Ал қазақ ойшылдарының дүниетанымы бойынша ислам түсінігі, тарихта өзінің ізін қалдырған әулие бабалардың өмір жолына қарасақ исламды қалай түсінгендігімізді, өмірде қалай ұстанғандығымызды, рухани тұрғыдан қай деңгейде болғандығымызды бажайлау қиын емес.
Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, сан ғасырлар бойы халықтың рухани-моральдық құндылықтармен, мәдениетімен бірігіп, дін мен дәстүр бірлігі арақатынастарын жалғастырып келген. Өз болмысында ішкі кемелдік мәселесіне баса мән беретін ислам діні рухани құндылықтар мен адамгершілік ұстанымдарын жоғарғы орынға қояды.
Сыртқы көріністен гөрі ішкі тазалыққа негізделгендігін парасатты қазақ хакімдері мен ағартушылары нақты көрсетті. Олардың ешбірі ұлттың дәстүрімен, аспабымен арпалысқан жоқ. Алда-жалда бір адам қарсы бола қалса жүйелі сөзбен тезге салып отырды. Сондықтан, ұлттың дәстүрін мансұқтамай тұрып ойланған абзал!
Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ