ДҰҒАДАН КҮШТІ НЕ БАР?

23 қазан 2026 36 0
Оқу режимі

Дүниедегі себептердің ішінде ең күштісі не деп ойлайсың? От па, су ма, әлде жел ме? Әрқайсысының өз күші, өз әсері бар. Бірақ осы физикалық себептерден де жоғары тұратын, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын, ақылмен толық танып-білу қиын екі тылсым күш бар. Оның бірі — сиқыр, екіншісі — адамның шынайы жасаған дұғасы.

Сиқыр — адамға да, әлемге де жан-жақты әсер ете алатын тылсым күш. Оның қайнар көзі — ібіліс пен оған ерген асау шайтандар деп түсінеміз. Ал адамның шын жүректен, іштей жалбарынып жасаған дұғасының артында күллі әлемнің Иесі — Ұлы Алла тұр. Оның билігі аспан мен жерге, бүкіл жаратылысқа үстемдік етеді.

Осыны тереңірек ой елегінен өткізсек, дұғадан асқан күш жоқ екенін түсінеміз. Адамның санасында Аллаға жасалған шынайы дұғаның құдіретіне деген сенім берік болуы керек. Өйткені дұғаның күші адамның өзінен емес, оған жауап беруші Ұлы Алланың құдіреті мен қалауынан.

Тарихқа көз жүгіртсек, пайғамбарлардың өмірінен дұғаның талай ғибратты үлгісін көреміз.

Адам атамыз бен Хауа анамыз Ібілістің азғыруына еріп, қателік жасаған кезде, Аллаға жалбарынып, кешірім сұрады. Ибраһим пайғамбар алау отқа тасталғанда, Алланың әмірімен от оған зиян келтіре алмады. Мұса пайғамбар Перғауынға қарсы тұрған кезде, Алладан жәрдем сұрап, ақиқаттың жеңуіне себеп болды. Ұрпақ сүюден үміт үзген Закария пайғамбар дұға етті, сонда Алла оған Яхияны сыйлады. Ал Сүлеймен пайғамбар Алладан ешкімге бұйырмаған ерекше патшалық сұрап, үлкен билікке ие болды. Тіпті жындар да оның әміріне Алланың қалауымен бағынды.

Осы оқиғалардың бәрі бізге бір ақиқатты ұқтырады: себептердің күші өздігінен емес, Алланың қалауымен жүзеге асады. От та, су да, жел де, адамның айласы да, сиқыр да — бәрі Алланың билігінен тыс емес. Ешбір тылсым күш Алланың құдіретінен жоғары тұра алмайды.

Адам түсінуі керек ең маңызды нәрсе — ібіліс те, шайтандар да, сиқыр да, көз тию мен хасад та Алланың қалауынан тыс әрекет ете алмайды. Алла қаласа, олардың зиянын қайтарады, адамға қорған болады, тығырықтан шығар жол ашады. Өйткені дұғаның артында жай ғана сөз емес, бүкіл әлемнің Иесі — Алла тұр. Дұғаның құдіреті адамның дауысында да, сөзінің шешендігін де емес, жүрегінің шынайылығында, ықыласында және Аллаға деген сенімінде.

Біздің әлсіздігіміз кейде дұғаның шынайы күшіне жүрегімізбен толық сенбеуімізде. Асығып, жауабын бірден күтетінімізде. Ал дұға — тек қалаған нәрсені сұрау ғана емес, Аллаға жақындау, Оған мұқтаж екеніңді мойындау және Оның даналығына сену.

Уа, сынақ пен қиыншылықтың дариясына батқан бауырым!

Қандай ауыр жағдайға тап болсаң да, үмітіңді үзбе. Жаның қысылып, жолың жабылып, ешкім көмектесе алмайтындай көрінген сәтте де қолыңды жайып, Аллаға жалбарын. Жүрегіңмен дұға ет. Оған сыбырлап айтсаң да, көз жасыңмен жалбарынсаң да, ішіңнен тілесең де — Алла жүрегіңдегі мұңды біледі.

Есіңде болсын: сенің қорқынышыңнан да, басыңа түскен сынағыңнан да, кез келген жаратылған күштен де Алланың құдіреті жоғары. Бүкіл әлем Оның билігінде. Сондықтан ешбір қиындықты Алланың мейірімінен үлкен көрме.

Дұғаңды үзбе. Үмітіңді үзбе. Аллаға деген сеніміңді жоғалтпа.

Өйткені дұғаның артында — Алла тұр. Дұғаңа жауап келеді. Бірақ сен ойлаған уақытта емес. сен қалаған бейнеде емес. Бәлкім Алла қалаған уақыт пен бейнеде…..

 

Bekzhan Azhimov

Пікірлер Кіру