Елбасы жолдауы – жарқын болашақ кепілі
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын ел халқына Жолдау жасап, ел дамуының деңгейі, бағыт-бағдары туралы кеңінен баяндап келеді. Игі үрдіс Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында жалғасты. Республиканың саяси-экономикалық дамуы, білім-ғылымға ден қою, жастар саясаты, заманауи технология жетістіктерін жете меңгеру, мәдениет-руханият саласындағы межелі міндеттер жайы осы Жолдауда кеңінен көрініс тапты.
Қазақстан тұрғындарының әл-ауқатының артуын назарға алған басты құжат тұрмыс пен табыс сапасын арттыру мақсаттарын айқындап берді. Ұстаздар күні мерекесіне тұспа-тұс келген биылғы Жолдау еліміздегі барша оқытушы қауымға тосын сый болғандай. «Келесі жылдан бастап Мұғалім мәртебесі деген жаңа заң қабылдауды тапсырамын» деген Елбасы сөзі білім беру саласы мамандары үшін көптен күткен қуаныш еді.
«Алты алаштың баласы бас қосқан жерде, төрдегі орын мұғалімдікі» деген қағидатты ұстанған Елбасы кезекті Жолдауында «Ұстаз мәртебесін» ерекше атап айтты. «Педагог мәртебесі туралы» заңнын әзірленуі – адам капиталын құрметтеуге бағытталған құтты қадам. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болса, бұл мамандыққа деген жастардың ұмтылысы зор болады. Асыл дініміз де білім-ғылымға ерекше мән беріп, Құранның алғашқы аятының өзі «оқы!» деп түскенін ескерсек, сол оқуды үйрететін оқытушы қауымның мәртебесі дәстүрлі ата дінімізде де ерекше орын тапқанын байқаймыз.
Әрбір пенде есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, зерделеуге талпынады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол – ұстаз.
Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету – ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептеледі. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен адамды құрметтеңіздер, сыйлаңыздар», – деп, адамзат өмірінде ұстаз тұғырының қашан да биік тұратындығын ескерткен.
Елбасы елеп өткен, еліміздің еңселі, дамыған елдермен тең дәрежеге жеткізу мақсатында ұсынған іргелі жобалары бізге терең ой салды, үлкен жауапкершілік жүктеді. Жаңа жаһандық үдерістің әлемге жайылуы біздің мемлекет үшін де болашаққа бағдар жасап, өз бағдарламасын бекітуді қажет етеді. Заманға сәйкес жаңғыру бүгінде барша мемлекеттің алдында тұрған міндет. Екі дәуір тоғысқан сындарлы кезеңде ұлттық негізімізді сақтай отыра, түбегейлі жаңғыру мен рухани өркендеудің, баянды болашаққа нақты қадам жасаудың тарихи мүмкіндігін Мемлекет басшысы айрықша анықтап, халыққа жолдады. Біз Елбасымыздың мәңгілік елдің рухани жаңғыруының болашақ бағдарына арнаған осынау мемлекеттік маңызы айрықша үндеуін бірауыздан қолдап, жұмыла жұмыс жасауымыз міндет деп түсінеміз. Ұлт руханиятын мәңгілік ел идеясы негізінде сақтап, келешекке кемел түрде жеткізу жолында баршамыз жан аянбай тер төгіп, еңбек етуіміз ләзім.
Алла Тағаланың тағдырымызға жазған тәуелсіздік атты аманатын сақтау әрбір қазақстандыққа асыл міндет. Алла осы тәуелсіздігімізді тұғырлы, болашағымызды баянды қылғай. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Астана қаласының бас имамы.