ИМАМДАР ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ

16 қыркүйек 2021 7321 0
Оқу режимі

Иә, қате оқыған жоқсыз. Расында да имамдар жұмыс істемейді. Әсіресе, мен танитын имамдар. Неге екенін айтпас бұрын, сәл шегініс жасайын.

Салтанаты мен сәулеті жарасқан мешіт ішіндегі тіршілік құмырсқаның илеуіндегідей қайнап жатады. Мешіт ішіндегі атмосфераны түсіну үшін көзіңізге 30 мың орындық «Астана Арена» стадионы мен 5 мың көрермен емін-еркін сиятын «Қазақстан Концерт» залын елестетіңіз.

Стадион мен концерт залдар белгілі уақыттарда ғана толса, бес уақыт намаз бен жұмаға жиналатын жамағаттың көптігінен мешітте ине шаншар орын қалмай қалмайды.

Бұл мешіттің қоғамға қаншалықты оң ықпал ететіндігін аңғартады. Бірер жыл алдын ата-бабасына дұға бағыштауға келетін жұрт саны басым болса, бүгінде дін үйренуге, діни кеңес алуға, атасынан қалған көне кітаптарды тексертуге келетіндердің қарасы көбірек. Сонымен бірге, сауат ашу курсына қатысатын шәкірттер мен уағыз-насихат тыңдаушылардың саны мен сапасы да едәуір өсті.

Міне, мешіт имамы – уағызшы, ағартушы, отбасылық кеңесші-психолог, көне кітаптар бойынша сарапшы және тағысын тағы. Бұған ғаламтордағы сайт және әлеуметтік желі арқылы жарияланатын діни танымдық мақалалар, сұрақ-жауаптар, әртүрлі тақырыпты қамтитын аудио-видео уағыздарды қоссақ, имамдар блогер.

Фиқһ негізі кітабында былай дейді«Ханафи имамдары бірауыздан: «Құран үйреткен үшін ақы алуға рұқсат жоқ. Өйткені, Құран үйрету – басқа құлшылықтар сияқты амал. Ал, құлшылық үшін ақы алынбайды» деген. Бұл үкім сол имамдар заманына лайық еді. Исламның әуелгі дәуірінде Құран мұғалімдеріне үкімет қазынасынан жалақы тағайындалатын. Заман өзгеріп, мұғалімдерге жалақы берілмейтін болды. Құран мұғалімдері бала оқытумен айналысса, отбасын асырай алмайды, ал еңбек етіп нәпақасын тапса, Құран үйрету қызметі тоқырайды. Осы себепті, Құран үйреткенге ақы алуға тыйым үкімінің күші жойылды. Кейінгі ғалымдар Құран үйрету, имамдық және азан шақыру сияқты қызмет үшін ақы алуға рұқсат берді».

1990-шы жылдары медреседе оқып жүргенде ұстаздарымыз «дін жолына түскен адам өзінің еңбегін жұмыс деп емес, қызмет деп білуі керек» деп үйрететін. Ақиқатында, Құранға қызмет етуді жұмыс деп айтуға болмайды. Қазақта «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деген нақыл сөз бар.

Міне, сондықтан мен білетін имамдар жұмыс істемейді, олар Құранға қызмет етеді. Мен танымайтын имамдар да солай болуы керек.

Руслан Қамбаров

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру